06 Қараша, 2013

Құм көшкіні

1510 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

SAM 1095-1Маңғыстаудың экологиясы мәз емес. Арал теңізіне жақын орналасқандықтан тұзды сор шөп-шаламға қонақтап, сортаңданып, шаңды дауылдан көз ашуы сирек Бейнеу ауданынан бастап, түбекке дендей кірген адам табиғат үйлесімділігі бұзылуының сан көрінісіне куә болады. Тау құмдардың алып аждаһадай жылжып екінші жерге қоныс аударуы немесе кеше тұрған алып құм төбенің бүгін басқа жағында орналасуы үрейлі-ақ. Бұл үрей тек бір сәттік сезім емес, расында арты табиғи апатқа соқтыруы мүмкін зардаптың салқын елесі...

 

Маңғыстаудың экологиясы мәз емес. Арал теңізіне жақын орналасқандықтан тұзды сор шөп-шаламға қонақтап, сортаңданып, шаңды дауылдан көз ашуы сирек Бейнеу ауданынан бастап, түбекке дендей кірген адам табиғат үйлесімділігі бұзылуының сан көрінісіне куә болады. Тау құмдардың алып аждаһадай жылжып екінші жерге қоныс аударуы немесе кеше тұрған алып құм төбенің бүгін басқа жағында орналасуы үрейлі-ақ. Бұл үрей тек бір сәттік сезім емес, расында арты табиғи апатқа соқтыруы мүмкін зардаптың салқын елесі...

SAM 1095-1

SAM 1113-1

Маңғыстауда өткен ғасырдың 80-90-шы жылдарынан бастап дабыл қағылып, мәселе ретінде көтерілген жайттың бірі – құм көшкіндерін тоқтату болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар бірнеше рет қолға алынып, бірақ әдеттегі салғырттығымызға сай соңы сиыр­құйымшақтанып, құмға сіңген судай аяқсыз қалу дағдыға айналды. Маңғыстау – ылғалдылық мөлшері жылына 120-140 мм.-ден аспайтын, ең жаңбырлы деген жылдары ылғалдылық мөлшері әрі кеткенде 250 мм.-ге дейін ғана жететін шөлді өлке. Жауын-шашынның сирек болуы кейде ондаған жылдарға созылып, керісінше күннің ыстықтығы жерді қуырып жібереді. Онсыз да мардымсыз қылтиып тұрған шөп атаулының ғұмыры тым қысқа – мал аузына іліккені құт, қалғаны күнге күйіп, құрт түсіп тоз-тоз болады. Осыншалықты тозған жер барынша жараланғыш, қара жерді осып тұрып екі рет жүріп өткен ауыр көліктің ізіне шөп өскенін көру үшін 5-10 жыл күтуге тура келеді. Деректерге сүйенсек, 1930 жылдарға дейінгі санақтарда 1 млн. 750 мың бас қой мен ешкіге өріс болып, қорасы мыңғырған малға толған өлкеде ауыл шаруашылығын дамытуға баса мән берілген кеңестік кезеңнің өзінде мал саны 1 млн.-ға жеткен жоқ. Бұған себеп – өндірістің да­муы, алуан техникалардың жердің астаң-кестеңін шығара «ой­қастауы». Қатты, тегістік жер­­лер ақ шаңның ойнағына айнал­са, тағдыры бетінде өскен өсімдіктер әлеміне тығыз байланысты құм­ды аймақтар алдыңғы кезекте өзгеріске ұшырады.

Ежелгі теңіз шөгінділерінің көшуінен пайда болған Маңғыс­таудағы құм алаптары қырда Қарақұм, Сам, Матай құмдары, ал, түбектің ойында оңтүстік шы­ғыстан солтүстік батысқа қа­рай созылған Бостанқұм, Түйесу, Сауысқан, Сеңгірқұм, Тышқанқұм, Қарынжарық құмдары болып тізбектеледі. Соңғы айтылған құм алаптары 4 000 шаршы шақырымнан астам жерді алып жатыр. Әу бастан жергілікті тұр­ғындар жал-жал шағыл құм мен ондағы өсімдіктер дүниесін көздің қарашығындай сақтап, отын-суы мардымсыз мезгілде бір түп бұтаны сындыруға жол бермеген Сам, Матай құмдарында жағдай қалыпты болса, құмды бекітіп тұр­ған өсімдіктері жойылып, кө­шіп-қонған құмдары алаңдатқан Қызылқұм, Түйесу, Бостанқұм алаптары болды. 1960-шы жылдардағы Маңғыстау өңіріне геологиялық барлау жұмыстарының басталуы, жұмысшы кенттерінің пайда болуы суы тапшы далада құм бауырындағы жерасты суларына «қол салуға» мәжбүр етті. Тұр­ғындары көбейіп, өндірісі дамы­ған Жаңаөзен қаласын сумен қамтамасыз ету кейін Қиғаштан тартылған су құбыры арқылы жүзеге асырылғанмен, белгілі бір көлемде әлі жерасты суларына тә­уелділік бар. Жарты ғасырдан астам уақыт, яғни 55 жыл бойы Ұштаған ауылы орналасқан Бостанқұм бетінен сорылған су Жаңаөзен қаласына айдалуда. Мұның зардабын ұштағандықтар, жеке шаруа қожалықтары тартудай-ақ тартып келеді. Ауылда бұрынғы колхоз ор­ны түгелдей құм астында қалды, тек кейбір жел үрген жерлерде үйлердің іргетасы мен құдықтардың әйкелдері қарауытады. Ал Сенек ауылы орналасқан Түйесу құмында су деңгейі 12-15 метрге дейін төмендеп, 47,5 шаршы шақырым жерден қылтанақ табу қиынға айналды, ескі мектеп, интернат ғимараттары мен бірнеше тұрғын үйлерді құм бүркеді. Бозашы даласының оңтүстік батысына таман, шығыстан батысқа қарай созылып жатқан ені 5-10, ұзындығы 35-40 шақырымдай Қызылқұм шағылы иектеген Тұщықұдықтың да құмнан көрген құқайы аз емес. Ауылдан жарты шақырымдай қа­шықтықтағы Айдар ишан қо­рымы құм астында қалып, ұрпақтар ата-баба басына қайтадан құмнан асыра ұзартып белгі соғып әлек. Соңғы үлгіде салынған ақшаңқан ауыл Тұщықұдықтың сәнін жал-жал құмдар бұзып барады. Осы Түйесу, Қызылқұм, Бостанқұм алаптарында 200 шаршы шақырым жер шағылға айналған, нақтырақ айтсақ пайдалануға жарамсыз. Мәліметтер әлемде әрбір сағат сайын 7 шаршы шақырым жердің шөлге айналатындығын айтады, бұл құрлықтың 43 пайызын адам тұрып, тіршілік етуге қолайсыз қалыпқа түсірген. Толассыз жаң­бырдан түскен су жерге сіңіп өзді­гінен молайып отыратын мүмкіндігі жоқ немесе таудан аққан өзен-бұлағы тағы жоқ өңір табанына миллиондаған жылдар бойы жинақталған су қоры үздіксіз сорып алу салдарынан енді оншақты жылдан соң сарқылуы бек мүмкін. Сонда Маңғыстауда көз алдымызда, өз қолымызбен шөл жасау қаншалықты қажет? Құм көшкініне соқтыратын себеп – өсімдіктердің жойылуы болса, өсімдіктерді жоя­тын алдымен оған нәр беріп тұр­ған жерасты суларының сорылуы, екіншіден жергілікті тұр­ғындардың күні кешеге дейін құм өсімдіктерін отын ретінде пайдалануы, үшіншіден онсыз да азып, жұтаңдана бастаған құмға мал жаю. Атан түйені ұшырарлық өктем желі бар Маңғыстауда желге ілесе құтырынатын құмды да­уыл мен құмдардың көшуі, ауыл-аймаққа, экологияға тигізіп жатқан әсері туралы білікті маман О.Тоғжанов, ауыл азаматтары Қ.Наурызмағанбетов, С.Әбішев шыр-пыр болып үлкенді-кішілі жиын-жиналыста жақ жаппай мәселе көтерді. Алматыға талай рет барып, ғылыми негізде көмек сұрап қақпаған есігі қалмаған аза­маттардың қолқасын Білім және ғылым министрлігінің Гео­графия институты қабылдап, құм­ды құрықтауға қызығушылық танытты. 2003 жылдан бас­тап аталмыш институт Кеңес Ода­ғындағы жалғыз ғылыми орын болған Түркіменстандағы Шөл институтының, өзге де ғалым-мамандарды қатыстыра отырып, жоба жасақтады. Географиялық институт Сенекте 300 га. жерге жа­сыл белдеу орнатты, 2007 жылы Ұш­тағанда құм тоқтату жұмысын бастап, үш жыл бойы 530 га. жерге бұталы өсімдіктер егумен, фитомелиорация жұмыстарымен айналысты. Не нәрсеге де алдымен үрке қарайтын әдет пе, қоршаулар салынысымен малының қамын ойлап наразы болған жергілікті халық кейіннен істің нәтижелі болуына өздері атсалысып, жұмыла кірісті. «Құм басып қалды!» деп атойлап алыстан көмек шақырта беру де оңай емес, сондықтан жергілікті жігіттер құм тоқтатудың ғылыми негіздерін үйреніп, өз бетінше әрекет етуге кірісті. Осы мақсатта «Жасыл әлем» МКК құрылды.

– Арнайы жасақталған жылыжайда өсірілген және Қызылорда, Шалқар өңірлерінен әкелінген сексеуіл, жыңғыл, селеу, жүзген, шағыр, қияқ түрлері, Сам құмынан әкелінген қоянсүйек әлек салған құмдарға отырғызылды. Жер қаба­тының төменгі бетінде орналасқан ылғалға жеткенше қолдан суары­лып, малдың отап кетуінен сақтау үшін орасан күш жұмсалды. Те­мір шарбақтар салынып, құмға тосқауыл үшін қажетті қамыс өсі­руді қолға алдық. Жыл сайы­н әр құм алабында 100 га. жерді қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз. Бүгінге дейін жасалған шаруалар аз емес, бірақ алдағы жұмыстар бұдан да ауқымды, әрі күрделі. Биіктігі 70-80 метрлік құм төбелер аунап қонып жүрген шөлді аймақта қолға алған жұмыстарымыздың 60-70 пайызы оң нәтиже береді, отырғызған өсімдіктерді құм басып қалған кездер де болды, – дейді «Жасыл әлемнің» басшысы Қ.Мәтіков. Бес жылдық тарихында тәжірибе жинап, құм тоқтауға білек сыбана кірісіп, біраз асау құмды бұталы өсімдіктермен «бекітіп-тұсап» тастаған мекемеге арабтың әйгілі «әл-Жазирасы» келіп, қазақтардың іс-тәжірибесін араб даласының құмдарын ауыздықтау үшін «арқалап» кетіпті. «Жасыл әлемдіктер» 70 адамдық күшпен адам баласы қолымен бүлдірген қателікті қалпына келтіру үшін құм арасында қарбаласа қызмет етуде. Құм астында қалу қаупі төн­ген ауылдың тұрғындары – тұ­щықұдықтық А.Жұмақали Гео­графия институты ұжымына, Се­нектің тұрғыны Ш.Жариев «Жа­сыл әлем» МКК қызметіне алғысын жеткізді. Ал Ұштаған ауылынан К.Түгелов Жаңаөзенге су айдау­ды тоқтату қажеттігін, өндірістік мекемелерден ауылдық жерлерге ешқандай пайда жоқтығын, оларға қажетті су көздерін басқа жерлерден іздеуі қажеттігін ашына айтты.

Расында табиғаттың бұлайша «науқас­тануының», яғни өзіндік үйлесімділігін жойып, азып-тозуының құныкері – адамдар. Бүгінін ғана ойлаған ашкөздік, таби­ғатқа шеті мен шегі жоқ жансыз дүние ретінде қарап, аяусыз талапайлаған қатыгездік осы жағдайға соқтырды. Ақы­ры не боларын алдағы уақыт көрсетеді...

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы.

Соңғы жаңалықтар