Ақжар ауданындағы Киев ауылының тұрғыны қаруын мал қорасында сақтап келген. Бұған дейін де ол сақтау ережелерін бұзған. Сейфте мылтығымен бірге басқа да бөгде заттарды сақтаған. Осы әкімшілік құқық бұзушылық фактісі бойынша ӘҚБтК 484-бабымен хаттама толтырылып, қару уақытша сақтауға алынған. Бірақ қару сақтаудағы қатаң талаптарды ол бәрібір орындамаған. Сондықтан осы жолы тұрғынның мылтығы үш жылға алынды. Бір жыл ішінде екі құқық бұзушылыққа жол бергені үшін ол қаруды сақтау және алып жүру құқығынан айырылды.
Сондай-ақ полицейлер Ақжар ауданында қаруын автокөліктің жүк салғышына салып жүрген көрші ауданның тұрғынын да әкімшілік жауапкершілікке тартты. Ол Талшық ауылына келіп, аңшы мылтығын көлігіне тастап кеткенде ауылдың мас тұрғыны түнде көлікті айдап кеткен. Алысқа ұзай алмай, жол-көлік оқиғасын жасап, шетелдік көлікті айдалаға тастап, өзі кетіп отырған. Қару жүксалғышта жатқан, қараусыз қалдырудың салдары қандай жағдайға әкелуі мүмкін екендігін елестетудің өзі қиын.
Жалпы, екі күннің ішінде қаруды сақтау ережелерін бұзуға байланысты ӘҚБтК 484-бабы бойынша 10 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, соның ішінде облыстың 8 тұрғыны қайта тіркеу мерзімдерін бұзған. "Қару иелері қауіпсіздікті сақтауға жауапкершілікпен қарап, қаруды тиісінше сақтауды байыпты қабылдаулары керек. Дұрыс болмаса, яғни дұрыс сақталмаса әр түрлі жағдайларға, оның ішінде апатқа да әкелуі мүмкін. Сондықтан учаскелік полиция инспекторлары қаруды сақтау ережелері мен заңда белгіленген басқа да талаптардың сақталуын қатаң бақылайды", - дейді Солтүстік Қазақстан облысы ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қанат Айтбаев.