25 Қаңтар, 2017

Ауыл туралы фильм аз

1126 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Былтыр Қазмедиа орталығы­ның кинозалында «Сарыарқа» жастар қысқаметражды фильм­дерінің фестивалі өтті. Сондағы назар аудартқан мәселенің бірі – шараға қатысқан 22 фильмнің екі-үшеуінің ғана («Малыбайдағы оқиға», «Айжан», «Дайыр») оқи­ғасы ауылмен байланысты болды. Соның өзінде, шытырман оқиғалы комедия жанрында түсірілген «Малыбайдағы оқиға» фильмінің сюжеті Малыбай ауылына баратын тас жолдың бойында өтеді.

Бүгінгі фильмдердің сарынына үңілсеңіз, қазақ ендігі жерде түгел қалаға ауып кеткендей әсер қалдырады. Қазақтың ауылдары ешқайда көшіп кеткен жоқ қой. Әрбірден соң, ұлттық болмысымыздың қаймағы, түп-тамырымыз әлі сол ауылда емес пе? Қазіргі жай-күйімізді танып-білу үшін де экранға ауылдың шынайы бейнесін қамтымайынша қалғанының бәрі бос. Өкініштісі сол, бұл тақырыпқа қазақ киносының жастары түгіл аға және орта буын өкілдері де аса көп бара алмауда. Әрине, соңғы үш-төрт жылда түсірілген «Бауыр», «Жаңғақ тал» фильмдерін сәтті шығармалар деу ләзім. Алайда, қазіргі экранға шығып жатқан фильмдердің пайыздық мөлшерімен салыстырғанда, мұныңыз жұғын болмайды.

Жалпы, соңғы 25 жылда ауыл бейнесі көрініс тапқан фильмдерді бірнеше топқа бөлуге болады. Соның бірі Кеңес өкіметі жылдарындағы оқиғалармен байланысты. Оның басы кешегі 80-ші жылдардың соңы мен 90-шы жылдардың басындағы кеңестік жүйені сынаған, деградация, күйзелу, шарасыздық жайлаған ауылдың бейнесін суреттейді. «Қиян», «Айналайын», «Ұлтуған» сияқты фильмдер дүниеге келді. Алайда, осы сарында түсірілген фильмдер әлі де болса ауық-ауық кездесіп тұрады. Мысалы, бұл ретте «Бөпем» фильмін айтуға болады. Фильмнің оқиғасы бүгінгі қазақ ауылында өтіп жатқанымен, ондағы ауылдың жұпыны көрінісі, кейіпкердің депрессиялық көңіл-күйі, шарасыздығы, күйреуі, жалпы идеясы, тақырыбы тұрғысынан осыдан 20-25 жыл бұрын түсірілген фильмдерді қайталайды.

«Әурелең» комедиялық фильмінде ауылдың жарқын бейнесін қайта қалпына келтіруге тырысушылық байқалады. Бірақ, мұндай талпыныс­тар бір-екі фильммен ғана шектеліп қалды. Есесіне, ауыл тақырыбы оқиғасы негізінен кешегі Кеңес өкіметі жылдарын қамтитын фильмдерде жиі ұшырасатын болды. Бұл ретте, соңғы он жылдың ішінде «Қош бол, Гүлсары», «Жерұйық», «Жиде. Кешіккен махаббат», «Аққыз», «Лотерея», «Дәмелі», «Жат» сияқты тағы да басқа бірталай фильм түсірілді.

Әрине, бірақ бұл қазақ киносында бүгінгі қазақ ауылының бейнесі мүлдем көрінбейді деген сөз емес. Осы ретте соңғы бір-екі жылда түсірілген «Сағынтайдың бірінші әйелі», «Күрке» атты фильмдерді атап өтуге болады. Екі фильм де сюжеті, кейіпкері, көркем­дік шешімі тұрғысынан өте қызықты. Әсіресе, «Сағынтайдың бірінші әйелі» заманауи әлеуметтік өткір мәселелерді қозғайды. Алайда, бұл фильмге бүгінгі ауыл бейнесін тым біржақты қарастыру тән.

Ауыл келбеті өткен жылғы «Төрт оқиға» («Раненый ангел»), «Қаратас ауылындағы оба» сияқты авторлық фильмдерде де ұшырасады. Бірақ олар кәсіби тұрғыдан шебер жасалғанымен, бүгінгі қазақ ауылының тыныс-тіршілігін, «жанын» көрсете алмайды. Оның үстіне, «Төрт оқиға» фильмінде өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы оқиғалар өрбиді. Мұнда да режиссер осының алдындағы «Асланның шығармасы» фильмінің тақырыбын қаузай түседі (жеке адамның көппен теке-тіресі, жеңілуі, арман-мақсаттың күйреуі). «Қаратас ауылындағы оба» фильмі кинематографиялық формасы, режиссурасы жағынан қызықтырғанмен, мазмұны, идеясы тұрғысынан жаңалық әкелді деп айта алмайсыз. Әттең, екеуінен тың идея мен ойды көрмедік. Сондықтан ауыл тақырыбына авторлық туындылар да әзірге тың дүние ұсына алмай отыр. Ал енді, «Абайлаңыз, сиыр», «Сәбина келін» сияқты кейбір коммерциялық тұрпаттағы фильмдерден бүгінгі ауылдың шынайы бейнесін іздеудің қажеті шамалы екені онсыз да түсінікті.

Сонымен, әзірге қазақ киносындағы ауыл ахуалы өткен шақпен (кеңес үкіметі кезеңі) байланысты жиі көрініс тауып жүр. Ал бүгінгі таңдағы ауыл бейнесі қамтылса, ол тек біржақты қарастырылады (депрессия, күйзелу, шарасыздық, жүйені, қоғамды сынау, айыптау т.б.) немесе шынайылықтан тым алшақтап кетеді. Шынында, қазақ киноэкранында бүгінгі ауылдың бейнесі туралы тың дүниелердің пайда болмай отыруының негізгі себебі неде?..

Нәзира

РАХМАНҚЫЗЫ,

кинотанушы