Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ
Сосын, бұл ғажайып орын туралы айтқанда Көлсайды да тілге тиек етпей кету орынсыз. Өйткені Кеген ауданының аумағындағы көз жауын алатын көркем шатқалдарды биік тау бедері ғана бөліп жатыр. Әрі жан тыныштығын іздеп, табиғатпен сырласуға келген адам үшін Қайыңды мен Көлсай егіз ұғым ғана емес, демалыс маусымын өткеріп, тәу етуге тиісті қасиетті орынға айналатыны анық. Әсірелеп айтқанда, Көлсай мен Қайыңдыны бір көру өзекті жанға парыз болса, кәні. Дегенмен осы жолғы сөзге Қайыңды көлін арқау етпекпіз, ал Көлсай жағасына оралуға уәде береміз...
Жағырапияға жүйрік мамандардың жазып қалдырған дерегіне сүйенсек, Қайыңды көлі жер сілкінісінің әсерінен пайда болған екен. Шамамен бір ғасырдан астам уақыт бұрын, 1910 жылы Іле Алатауының күнгей бетінде жерасты дүмпуі болған көрінеді. Содан тау арасында шатқал пайда болып, одан қар суы жиналатын қазаншұңқыр түзілген. Ал тау баурайындағы самсаған қайың мен қарағай су табанында қалып, көл үстіне орман өсіп шыққандай көрініске айналған. Айтпақшы, ел ішінде Қайыңды көлі маңында әр ғасырдың алғашқы он жылдығында жер қозғалып, тау бедері өзгеріске ұшырап тұратыны жайында қызықты пікір бар екен. Мысалы, 2010 жылы да осы аймақта топырақ көшкіні тіркелген екен. Оған жерасты дүмпуі мен жаңбыр суының мөлшерден артық түсуі себеп болды деген болжам жасалған. Бірақ осы жолғы өзгеріс көл суының азаюына себеп болыпты. Бұл тұрғыда географтар мен экологтер өз байламын жасауы керек сияқты. Өйткені тау жоталарындағы сейсмикалық қауіптің артуы айнала қоршаған ортаға, оның ішінде Қайыңды сияқты табиғаттың інжу-маржанына қауіп төндірмеуі керек...
Інжу-маржан дегеннен шығады, жалпы Көлсай көлдері тобына кіретін су көздерін мамандар «Солтүстік Тянь-Шанның інжу-маржаны» деп те атайды екен. Яғни жағырапиялық ендік үшін Қайыңды мен Көлсайдың техтоникалық тұрғыдан маңызы зор екені анық. Ал қазіргідей отандық туризмнің әлеуетін арттыруға күш салған Қазақстан үшін таңғажайып көл аумағы Тәңір берген сый екені рас. Себебі осы аумаққа келуші туристер саны жыл сайын көбейіп келеді. Биылғы пандемия кезеңінде де Көлсай мен Қайыңдыдан адам аяғы үзілген жоқ.
– «Мың естігеннен бір көрген артық» дегендей, биыл атын естіп аңсаған Көлсай мен Қайыңды көліне жол түсті. Сосын «Саяхаттың жақсы болуы қасыңызда жүрген жолаушыдан» деген қағида бар ғой, мені Жетісу жерін тамашалауға, тау аралауға жетелеген құрбым Айжамал болды. Ең рақаты, Көлсай мен Қайыңдыға келіп танымдық саяхат жасап, керемет табиғатты көріп, саф ауада демалдық. Демалысты алматылық компания ұйымдастырды. Турдың аты да күшті – «Шарлайық»! Туристерге қолайлы жағдай жасады. Жайлы көлікпен алып барып, қонақүйге орналастырды. 4 мезгіл ас-су беріп, табиғат аясында демалуға мүмкіндік берді. Осы сапарда біз Қайыңды мен Көлсайда болып, Шарын шатқалын да араладық. Әсер керемет. Ең бастысы, туған елімізде осындай табиғат таңғажайыптары болғаны үшін қуандым. Ішкі туризм енді дамып жатыр ғой, болашақта шетелден келетін демалушылар көбейетініне көзім жетті. Қайыңды сияқты көлге жыл сайын барып тұратын жетісулықтар неткен бақытты дедім іштей, біз сонау Сарыарқадан, Қарағанды қаласынан арнайы келгенде осынша әсер алдық, мұндай табиғатта өмір сүру бақыт қой, – деп тебіренеді қарағандылық турист Гүлжазира Серікқалиқызы Қайыңдыға барған сапары туралы әңгімелеп отырып.
Айтпақшы, Қайыңды көлі теңіз деңгейінен 1867 метр биікте жатыр. Көл астының тереңдігі 30-40 метрге дейін жетеді екен. Ұзындығы 600 метр болса, ені 300 метр болатын су жағалауында табиғи жеміс-жидектің жетпістен астам түрі өседі. Мұнда дәруменге бай шырғанақ, таңқурай, бүлдірген, қарақат, итмұрын, қой қарақат, рауғаш сияқты жеміс төгіліп пісіп, кісінің көз жауын алады дейді барып келгендер. Ал дәрілік шөптің 41 түрі де осы маңнан табылады екен. Бір кездері шатқалда тамыр қазған жұрт қарасы көбейіп, сирек кездесетін шөп тұқымы азая бастапты. Қазір аумақтағы фармацевтикалық маңызы бар өсімдіктер еліміздің «Қызыл кітабына» еніп, қорғауға алынған.
Қайыңды көлінің маңы табиғи фаунаға да бай. Шатқалда 197 түрлі жабайы аң-құс бар екен. Оның ішінде 82 түрлі орман жануары тіршілік кешеді. Құстың 13 түрі, сүтқоректілердің 6 түрі «Кызыл кітапқа» кірген. Алда-жалда тау арасынан Тянь-Шанның қоңыр аюы мен әйгілі арқары, тау сусары, ілбіс, Түркістан сілеусінін көріп қалсаңыз, таңғалмаңыз. Ал дәл төбеңізден қара дегелек, бақалтақ қыран, бүркіт, құмай ұшып өтіп, тас арасынан үкі, байғыз, жапалақ жалп ете түссе, тағы тіксінбессіз. Өйткені сіз Қайыңдыдасыз ғой...
Алматы облысы