Project Syndicate авторларының қатарында әлемдік деңгейдегі саясаткерлер, ғалымдар, зерттеушілер, бизнесмендер, 45 Нобель сыйлығының лауреаты, 111 мемлекет басшысы бар. Жоба материалдары әлемнің 150 еліндегі 500-ден астам бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Project Syndicate-те жарық көрген колумнистер мен сарапшылардың ең таңдаулы мақалалары мен пікірлерін, сараптамалары мен шолуларын қалың оқырманға қазақ тілінде ұсынатын боламыз. Бұл қадам еліміздегі медиа кеңістіктің аясын кеңейтіп, жұртшылықтың сапалы ақпарат көздеріне деген қолжетімділігін арттыра түсетіні сөзсіз.
Газетіміздің бүгін қолдарыңызға тиген санындағы арнаулы бетте мақалалардың алғашқы легі жарияланып отыр. Ұлыбританияның 1997-2007 жылдардағы премьер-министрі Тони Блэрдің Африкадағы ауыл шаруашылығына арналған мақаласында әлемдегі азық-түлік тапшылығын болдырмас үшін «қара құрлықтағы» осы саланы дамытудың маңызы туралы айтылады. Аталған мақала Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған ауыл шаруашылығын дамыту мәселесімен үндеседі. Ал коронавируспен күрес жөніндегі жарияланымда әлемді дүр сілкінткен індетпен тиімді күрес тәсілдері сөз болады.
Осы тақырыпқа арналған мақалаларды төменнен оқисыздар
Африканың ауыл шаруашылығына өзгеріс керек
ЛОНДОН – Алдағы 30 жылдың көлемінде Африканың Сахарадан төменгі бөлігіндегі мемлекеттерде тұратын халық саны екі миллиардтан асып, экономикасы өндірістік салаға көшеді. Сондықтан Африканың дамуы әлемнің келешектегі тұрақтылығы, дамуы және денсаулығы үшін өте маңызды. Осыны ескерсек, құрлыққа халықаралық қоғамдастық назары көбірек аударылуы тиіс.
COVID-19 дағдарысы бірқатар жаһандық мәселені нақты көрсетіп берді. Мысалы, әлем елдерінің пандемияға қарсы әркелкі әрекеті, кедей мемлекеттерге қолдау көрсете алмауы, экономикалық қиындық, халықтың жағдайы және денсаулық сақтау саласының әлсіздігі соған дәлел. Көшбасшы елдер осы кемшіліктерді, сондай-ақ климат өзгеруі мен теңсіздіктің қарқын алуынан бастап технологиялық олқылық пен жаһандық терроризм секілді әлемдік маңызы жоғары мәселелерді ашып айтуы тиіс.
Сонымен қатар Африка мен басқа да дамымаған өңірлердегі ауыл шаруашылығы мен тамақтану жүйесінің нашарлығы пандемияның кері әсерін еселеп жіберді. Егер осы жүйелердегі түйткілдерді дер кезінде шешпесек, алдағы уақытта болуы мүмкін дағдарысты одан сайын қиындатып жібереді.
Түбегейлі реформа жасауды қолдау бір жағынан моральдық жағына қатысты. БҰҰ Әлемдік азық-түлік бағдарламасы Африка секілді табысы төмен және орташа елдердегі аштықтан қиналып жүргендер саны биыл екі еселенуі мүмкін екенін көрсетіп отыр. Осылайша, пандемия салдарынан 265 миллион адам аштыққа ұшырамақ. Африканың ауыл шаруашылығы жүйесін күшейту құрлықтың өз-өзін қамтамасыз етуіне жағдай жасап, келешектегі дағдарыстарға төтеп беруге көмектеседі. Әйтпесе, өңірдегі мемлекеттердің экономикасы тоқырап, салықтан түсетін табысы азайып, әл-ауқат жүйесі COVID-19 секілді пандемия кезінде халықты қолдауға жетпей қалуы мүмкін.
Бірақ Африка мен басқа да кедей аймақтардағы ауыл шаруашылығы мен тамақтану жүйесін жетілдіруді қамтамасыз ету – G20 мен Еуропа, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы бастаған бүкіл елдің ағартушылық мүддесіне де байланысты. Себебі тамақтану және ауыл шаруашылығы әлемдік денсаулықты, экономиканы және қауіпсіздік жүйесін XXI және XXII ғасырға лайықты етуде ерекше маңызға ие.
Біріншіден, құнарлы тағам мен ауылшаруашылық саласы – кез келген аурудың басты жаһандық себебіне айналған азық-түлік жетіспеушілігінің алдын алуда ерекше орынға ие. Сондай-ақ оларды күшейту пандемиямен күресуде де маңызды. COVID-19 локдаундары мен әлеуметтік қашықты сақтау қара нарыққа иек артқан дамымаған мемлекеттерде қиынға түсті. Оның басты себебі, мұндай шаралар отбасын асырауға жеткілікті тамақ табуға айтарлықтай кедергі келтіреді деген қорқыныш болды.
Ауыл шаруашылығы экономиканы өзгертуде де ерекше рөл ойнайды. Егер Африка және басқа да дамушы мемлекеттер өндірістік салаға ден қоймаса, әлемде жаһандық экономикалық тұрақтылық, «жасыл» экономика және жаппай ашаршылықты жоюға қол жеткізу мүмкін емес. АҚШ, Еуропа және Азия тәжірибесі көрсеткендей, индустрияландыру ең әуелі ауыл шаруашылығының реформасын талап етеді. Ал Африка мұны әлі бастан өткерген жоқ.
Жаһандық қауіпсіздікті күшейту де ауыл шаруашылығы мен тамақтану жүйесін өзгертуге байланысты. Терроризм салдарынан Сахел секілді өңірлердегі жергілікті тұрғындардың құқығы тапталып, заңды экономика мен қоғамдық қызметте жұмыс істегеннен гөрі заңсыз әрекетпен табыс табу жүйеге айналған.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығын жаңғырту, әсіресе Африкада, осы ғасырдың соңында 11 миллиардқа жететін әлем халқын жеткілікті тамақтандырудағы бастапқы қадам.
Көптеген Африка елдері басшылары ауыл шаруашылығын жаңғыртуға ден қойып, біршама табысқа да жетті. Сенегалдың күріш және осыған қатысты басқа салаларды дамытуы, Гананың «Азық-түлік және жұмыс» бағдарламасы, Эфиопиядағы Ауыл шаруашылығы трансформациясы агенттігінің жұмысы – осы бағыттағы мықты мемлекеттік басшылықтың жарқын мысалдары.
Үкімет дұрыс назар аударса, саясаткерлер ауыл шаруашылығының басым бағытын анықтайды. Осылайша, технология мен жаңа тәжірибені енгізіп, инвестиция тартып, оның есесіне жаңа жұмыс орындары ашылып, экономика дамып, салық табысы өседі. Бұл дамуға қолайлы жағдай туғызады. Ішкі және сыртқы инвестиция мен реформа өзгерісті жеделдетеді.
Мәселен, Гана мен Піл сүйегі жағалауы елі какаоны өздері шоколадқа айналдыруы керек, Нигерия ауыл шаруашылығын механикаландырып, ірі-қара мал шаруашылығын өзгертуі тиіс. Мозамбик түрлі ауыл шаруашылығы дәліздерін дамытуды қажет етсе, Кенияның әлемдік тамақ өндірісінің орталығы атануға мүмкіндігі мол.
Алда келе жатқан бірқатар жаһандық шара осы мәселелерді күн тәртібіне шығаруға зор мүмкіндік бермек. Мәселен, Руанда билігі ұйымдастырған Жасыл Африка революциясы форумы осының дәлелі. Мұндай жиындар Африканың қажетін анықтауда маңызға ие. Халықаралық қоғамдастықтың қолдауымен мұндай қадам Африканың ауыл шаруашылығы мен азық-түлік жүйесін өзгертуге ықпал етіп, әлемді «Тұрақты даму мақсаттары-2030» бастамасында айтылған міндеттерге қол жеткізуге жағдай жасайды. Биылғы форумда Африканың жедел өсіп келе жатқан қалалары мен орталықтарына тамақ жеткізу мәселесі талқыланбақ. Бұл жаһандық экономиканың келешекте дамуының қайнар көзіне айналуы мүмкін.
Мен бұл форумға үшінші жыл қатарынан қатысып келемін, биыл бірінші рет қашықтан өтпек. Мен тобыммен бірге Африканың ауыл шаруашылығына инвестиция тарту мен тамақ өндірісі саласын өзгертуге назар аударып отырмын. Осылайша, құрлықтың пандемия мен климат өзгеруі секілді дағдарыстарға төтеп беріп, индустрияландыру мен технологиялық революцияға ұмтылуына жағдай жасау көзделген. Сондай-ақ осы айдың соңында БҰҰ Бас Ассамблеясының жиыны, қарашада G20 саммиті, келер жылы БҰҰ Тамақтану жүйесі саммиті келе жатыр.
COVID-19 пандемиясы кедей мемлекеттердегі ауыл шаруашылығы халықтың негізгі қажеттілігін өтей алмаса, үлкен геосаяси салдары болатынын анық аңғартып, жедел әрекет етудің қажеттілігін көрсетті. Қуанышқа орай, алда келе жатқан жаһандық мемлекеттердің басқосуы жедел әрі нақты шешім қабылдаудың тиімді жолдарын талқылауға жағдай жасамақ. Біз бұл мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек.
Тони БЛЭР,
Ұлыбританияның 1997-2007 жылдардағы премьер-министрі, Жаһандық өзгеріс институтының төрағасы
Copyright: Project Syndicate, 2020. www.project-syndicate.org
Covid-19-бен қалай күрескен жөн
МЕЛЬБУРН, ТУСОН – Covid-19 вирусы алғаш пайда болған кезде қатаң карантиндік шаралар мен қысқа әрі күшейтілген локдаундар оны тізгіндеуге жеткілікті болар еді. Пандемия салдарынан 213 мемлекет пен аймақтағы 26 миллион адамға вирус жұққан қазіргі кезде бізге оны бақылауда ұстаудың тиімді әрі пәрменді жолын тапқан жөн.
Індеттің ауқымы кеңейіп кетпес үшін басқаларға зияны тиюі мүмкін адамдарды тауып, мүмкіндігінше олардың үйден шықпай, карантиндік шектеулерді сақтауын бақылауымыз қажет. Бұл вирус жұқтырғандармен байланыста болғандарды анықтап қана емес, солардың қайсысының ауыру ықтималдылығы жоғары екенін айыра білуді қажет етеді.
Мұндайда технология көмектеседі. Адамдар вирус жұқтыру ықтималдығын хабарлайтын жаңа бағдарламалар мен жүктілікті анықтайтын тест секілді жедел, оңай әрі жылдам әзірленетін жаңа тест әдісін жасап шығару керек. Науқаспен байланыс жасағандарды анықтау жылдам тест нәтижесі болмаса тиімсіз. Сондай-ақ қазіргідей науқасты нақты анықтай алмайтын жедел тесттер де пайдасыз. Бағдарламалар байланыста болғандардың ауқымын кеңейтіп қана қоймайды, сонымен бірге оның жылдамдығын да арттыра түседі.
Бағдарлама не ескі әдіспен анықталған контактілерді анықтау жүйесі тест қорытындысы оң нәтиже көрсеткендермен тығыз байланыста болғандарды карантинге жатқызуды ұсынады. АҚШ-та Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы бекіткен ережеге сүйенсек, вирус жұқтырған адаммен алты фут (1,8 метр) қашықтықта 15 минут бірге өткізген әр адам 14 күнге карантинде отыруы тиіс. Осы ережеге сәйкес, әр науқастың орташа есеппен 59 адаммен тығыз байланыс жасайтыны күтіледі. Яғни қазіргі таңда АҚШ халқының 2 пайызға жуығы вирус жұқтырып үлгергенін ескеріңіз. Соны 59-ға көбейтсеңіз, АҚШ-та карантинде отыруы тиіс, бірақ оны сақтамаған адамдардың саны шығады.
Бірақ вирус Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының қарапайым ережесіне бағынбайды. Енді вирус жұқтырған адамнан 5 фут қашықтықта 15 минут уақыт өткізу дерті асқынған біреуден 7 фут қашықтықта 8 сағат уақыт өткізгеннен әлдеқайда қауіпсіз.
Аризона штатында ашық дерек бағдарламасын жасайтын Covid Watch коммерциялық емес ұйымы Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының ережесіне сүйенбей-ақ науқастану ықтималдылығын нақты анықтайтын жаңа бағдарлама жасауға кірісіп кетті. Бағдарлама қатердің нақты деңгейінен асқандарға ғана карантинде отыруды ұсынады. Сондай-ақ толықтай жеке байланыс арқылы оларға қанша уақыт үйде болуды және қашан тест тапсырудың қажеттілігін айтып береді.
14 күндік карантиннің сиқырлы ештеңесі жоқ. Егер вирус жұқтырған адаммен кездескеннен кейін 5 күн ішінде ешқандай симптомдар байқалмаса, қатердің ықтималдылығы екі есе азаяды. Бұдан бөлек, тест теріс нәтиже көрсетсе де қатер ықтималдылығы түседі (бірақ нөлге жетпейді). Әйтсе де, карантинде отырғандарды тестілеген мемлекеттер де, тест жасамайтын елдер де 14 күндік ережені сақтайды. Оның орнына, адамдардың вирус жұқтыру қатері бақылауға алынуы тиіс шектен төмендегенде оларды карантиннен шығарсақ, жеке адамдардың қалтасына да, ел экономикасына да аз салмақ түсіру арқылы қауіпсіздікке қол жеткізер едік.
Карантин шегі қайда екеніңізге де байланысты болуы ықтимал. Аустралия мен Жаңа Зеландияда салыстырмалы түрде жаңа науқастар саны аз. Сондай-ақ мүмкіндігінше тез арада вирустан құтылғысы келеді. Олар шекті деңгейді қатаңдатып, 15 минуттан да кем уақыт байланыс жасаған адамдарды карантинге отырғызуы мүмкін. Сонымен қатар бірнеше рет тест теріс нәтиже көрсеткенін немесе вирус жұқтыру ықтималдылығы жоғары адамдарды ұзағырақ мерзімге карантинге жабуы ықтимал.
Вирус кең тараған мемлекеттерде адамдарды карантинге отырғызудың көбеюі экономикаға салмақ түсіріп ғана қоймай, психологиялық тұрғыда да кері әсерін тигізеді. Бұдан бөлек, қоғам мүшелерінің ережелерді сақтауын да қиындата түседі.
Байланыста болғандарды анықтау технологиясы айтылған сайын адамдар жеке бас құпиясы туралы әңгіме қозғайды. Google-Apple платформасын қолданатын жаңа бағдарлама мұндай қауіпті де ескерген. Сондықтан вирусты жұқтырудың мүмкін екенін күдікті адамның атын атамай-ақ ескерте алады.
Apple компаниясы секілді күмәндарымыз бөлекше. Вирусты кімнен жұқтыруы мүмкін екенін болжауды қиындату мақсатында Apple және Google бақылайтын API технологиясының сәтті нұсқалары байланысты тіркеудің максималды уақытын шектеді. Осы қысқаша ақпарат арқылы науқастың таралу ықтималдылығы анықталады.
Осындай өзгеше тәсіл арқылы жеке бас құпиясының бұзылмауын қамтамасыз етіп, карантиндік ұсыныстарды сақтап қалуға жағдай жасайды. Карантиннен келетін зиянды азайту – моральдық міндет. Сондай-ақ вирустың да таралуын бәсеңдетуіміз керек. Егер осы екі тәсілді дұрыс орындамасақ, жүз мыңдаған адам қаза тауып, локдаун ұзартылып, миллиардтаған адамның өміріне қиындық туады. Егер карантиндік ұсынысты ештеңеге қарамай айта берсек, ақырында оны сақтауға ешкім ынта танытпаса, оқиғаның бұлай өрбуі уақыт еншісіндегі шаруа.
Жедел тарап жатқан пандемия жағдайында біз жергілікті жағдайға, кейінгі эпидемиялық деректерге және вирустың таралуын азайтуға көмектесетін жаңа технологиялардың дамуына қарап жедел ережелерді өзгертуге дайын болуымыз керек.
Ескірген ережелерге сүйенетін денсаулық сақтау саласының сарапшылары, тіпті Швейцария секілді елдердегідей оны заңға жазғандардың өзі қазір жаңа технологияға иек артып, індетпен күресті икемді тәсілмен дамытуға ден қойып отыр. Осылайша, науқастану қатері жоғарыларға назар аудару арқылы зиянды азайтып, пандемиямен күресті тиімді жүргізе аламыз.
Питер СИНГЕР,
Принстон университетінің Биоэтика профессоры, The Life You Can Save қайырымдылық қорының негізін қалаушы
Йоанна МЭЙСЕЛ,
Аризона университетінің эволюциялық биология профессоры
Copyright: Project Syndicate, 2020. www.project-syndicate.org