Аймақтар • 25 Қыркүйек, 2020

Қарағандыда ерекше балаларға арналған тегін спорт секциялары ашылды

38 рет көрсетілді

Қарағандыда алғаш рет аутизм, сал ауруына, дауна синдромына, психологиялық ауытқу сырқаттарына шалдыққан балаларға арналған спорт секциялары ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап.

Суреттер Baq.kz сайтынан алынды

Енді ерекше балалар бейімделген таэквондомен, инклюзивті хореграфиямен, бейімделген суда жүзумен және бочча спорт түрлерімен тегін түрде айналыса алады. 

"Саламатты болашақ" әлеуметтік жобасы аясында ашылған мұндай спорт секциялары бұған дейін еліміздің өзге де қалаларында және де Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында ашылған болатын. Жоба аясында Қарағанды аймағы бойынша 100-ге тарта баланы спортқа тарту көзделіп отыр. 

"Ерекше балалар үшін қозғалыста болу өте маңызды. Бұл алдымен аз қозғалудың салдарынан болатын сырқаттардың алдын алады. Сондай-ақ, балалар үшін бейімделген спорт түрлерімен айналысу олардың физикалық және коммуникативтік қабілеттері ашылады", дейді жобаның кординаторы Нұргүл Ұлжекова. 

Аталған спорт секцияларының тағы бір ерекшелігі онда ерекше балалар дамуында ауытқуы жоқ дені сау балалармен қатар бір топта спортпен айналысатын болады.

"Осындай инклюзивті бағытта Нұр-Сұлтан қаласындағы спорт секциялары бірнеше жыл қатарынан жемісті жұмыс істеп келеді. Біздің фонд жоба аясында тренерлерді оқыту, олардың еңбекақысын төлеу, арнайы спорттық инвентармен және методикалық жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмсалатын қаржыны өз мойнына алады. Біз осылайша мүгедек жандардың өмір сүру сапасын арттыруына үлесімізді қосамыз", дейді "Мир равных возможностей" фондының директоры Нұргүл Ұлжекова. 

Ерекше балалар шынығатын бейімделген суда жүзу секциясы Қарағандының "Балалар және жасөспірімдер сарайында", бочча секциясы №27 Жалпы білім беретін мектепте және қимыл-тірек аппараты бұзылған балаларға арналған Қарағанды облысының мектеп-интернатында ұйымдастырылатын болады. Ал бейімделген таэквондо секциясы "Қарағанды облыстық Таэквондо Федерациясында" ұйымдастырылса, инклюзивті хореграфиямен Достық үйінің ғимаратында айналысуға болады. 

"Мен ерекше баланың анасымен. Бүгін қызым боччо спорттық ойынына қатысты. Боччо Қазақстандағы жаңа спорт түрі болғанымен ол жазғы Параолимпиада ойындарындағы мүгедектер арбасындағы спортшылардың қатысатын спорты. Осы спорт секциялары ерекше балалардың спортқа ғана емес, ортаға бейімделіп, олардың болашақта олимпиадаларға қатысуларына берілген мүмкіндік деп білемін. Біздің балаларымызға көрсетіліп жатқан қамқорлыққа алғысым шексіз", дейді Гауһар Акижанова.

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар