Сәмит аға 1938 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданына қарасты қазіргі «Еңбек» ауылдық округінде (бұрынғы «Ынтымақ» елді мекені) колхозшы-шаруаның отбасында дүние есігін ашады. 1956 жылы Жалағаш қыстағындағы орта мектепті үздік бітіріп, сол жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түсіп, 1961 жылы мал дәрігері мамандығын алып шығады. Жолдамамен туған топырағына оралып, еңбек жолын «Тереңөзек» кеңшарында бас мал дәрігері болудан бастады. Бертін келе, яғни 1964 жылдан Сырдария ауданының бас мал дәрігері, аудандық малдәрігерлік стансасы басшысы қызметін абыройлы атқарды.
Сәмит ағаның еңбегі еленіп, 1965 жылы Еңбекші депутаттары Сырдария аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып сайланса, 1967-1974 жылдар аралығында Тереңөзек аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы және аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін қоса алып жүрген. Мұнан соң ондаған жылдар бойы Жалағаш аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Сырдария аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, Жаңақорған аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, осы аудандағы партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. Ал 1989 жылы Қызылорда облыстық партия комитетінің хатшысы қызметіне жоғарылатылса, 1991 жылдан облыстық кеңес атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болды. Осыдан кейін алты жыл бойы Жалағаш ауданының әкімі қызметін абыроймен атқарды. Ауданнан кейін облыстық тәртіптік кеңес төрағалығына сайланып, бұл саяси қызметті де мінсіз атқарып, 2003 жылдың мамыр айында зейнет демалысына шығып еді.
Сәмит ағаның Жаңақорған ауданында он жыл бойы басшылықта болғанда атқарған шаруалары шаш етектен. Ең бастысы, ауданда кетеуі кетіп тұрған күріш шаруашылығына баса мән берілді. Сол жылдары басты дақылдың өнімі осы аудан бойынша 35 мың тоннадан 72 мың тоннаға жеткізілді. Күздік бидайдың да көлемі ұлғайып, алынатын өнім гектарына 27 центнерге дейін көтеріліпті. Бұрын жарыс көшінің соңында жүретін аудан Сәкең басшылық еткен жылдары астық тапсырудан көш басынан орнықты орын алған. Аудан аумағында төрт түлік мал басы да артып, ет-сүт өнімдері де көбейген еді.
Сәкеңнің бұл ауданда басшылықта болған жылдары әлеуметтік салада да көп шаруа жүзеге асты. Сырдарияның сол жағалауынан Түгіскен каналы қазылып, сол каналдың бойындағы Келінтөбе, Түгіскен, Өзгент, Қожакент, Задария кеңшарларында жаңа білім ошақтары мен учаскелік емдік орындары типтік жобамен салынып, мәдениет үйлері бой көтерді.
Еліміз тәуелсіздік алған тұстағы экономикалық жағдайды бүгінде айтып жеткізудің өзі қиын. Халықтың хал-ахуалы тым ауырлаған шақ болатын. Қолда қалған жарытымсыз төрт түлік талапайға түскен, ауыл шаруашылығы техникасы ойлаған істі орындауға дәрменсіз еді. Аудан аумағындағы шаруашылықтар серіктестіктерге бөлініп, ондаған шағын ғана құрылым шаңырақ көтере бастады.
Осы тұста Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде жүрген мені туған топырағым Арал ауданы әкімі қызметіне жіберді. Ал Жалағаш ауданы әкімі болып Сәмит аға Далдабаев тағайындалды. Сол кездің қиындығына қарамастан біраз істі қолға алған едік, сол бастамаларды Сәкең қолдап, жұмыстың жалғасын тапқанын әлі күнге мақтаныш етемін.
Аудан ең басты табыс көзі – егін шаруашылығынан аймақта көш басына шықты. Мал шаруашылығындағы түйткілдер түйіні де бірте-бірте тарқатыла бастады. Сәкеңнің бастамасымен осынау қиын-қыстау кезеңнің өзінде Сырдария өзені қауіпті тұсынан бөгеліп, арнайы арна қазылып, дария жағалауындағы М.Шәменов ауылы тұрғындарының қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Бүгінде ол «Сәмит арнасы» аталады. Сондай-ақ Аққыр ауылына апаратын 20 шақырымдық автокөлік жолы күрделі жөндеуден өткізілді.
Сәмит ағамыздың өзімен сыйлас та сырлас болған айтулы азаматтар жайлы жазып жүретіні бар еді. Алаштың анасы атанған Сыр елі топырағында дүние есігін ашып, ел еңсесін көтеруде өз қолтаңбаларын қалдырған қайраткер азаматтар жайлы жазбалары Сәкеңнің «Дария ғұмыр» атты деректі хикаятына жинақталып, баспадан жарық көрді. «Белгілі азаматтардың өнегелі өмір жолын ұрпақтарға ұлағат ету – бізге парыз» деуші еді Сәмит аға. Ағаның осынау игілікті іске қолұшын созып, кітаптың жарыққа шығуына қолдау жасаған Сырдың белгілі азаматы, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қылышбай Бисенов інісіне деген ықылас-ізеті өзгеше еді.
Ағамыздың ел алдындағы ересен еңбектері де ескерусіз қалмағанын айтпасқа болмас. Сәкең «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерімен, ондаған еңбек және мерекелік медальдармен марапатталған. Жетпісінші жылдары «Қазақ ССР-не еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері» атанса, 1998 жылы ел Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер» атағына ие болды.
Иә, Сәмит аға қоғамдағы қай құбылысты да зерделеп, ғибратты ғұмыр кешті. Бірде ағамызға Қазақстанның Еңбек Ері, ғұлама жазушы Әбіш Кекілбаев «Сіз ізет-ілтипатқа әбден лайықтысыз, өмірге ізгілік сыйлаған ақиық азаматсыз, тұлғасыз» деген еді. Біздің ойымызша, бұл ес білгеннен соңғы демі үзілгенге дейін елге қызмет етіп өткен қайраткер ағамыздың болмыс-бітімін дәл айшықтайтын пікір.
Биғали ҚАЮПОВ,
Парламент Сенатының бірінші шақырылым депутаты,
экономика ғылымдарының кандидаты