Саясат • 28 Қыркүйек, 2020

Жаһандық мәселелер – БҰҰ мінберінде

2789 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясында сөйлеген сөзі Қазақстанның халықаралық қауымдастықты толғандыратын мәселелерден тыс қалмай, өзекті жаһандық қауіп-қатерлердің шешімін табуда белсенділік танытуға дайын екенін анық аңғартты. Бұл ретте еліміз ұсынған бастамалардың тек әлем жұртшылығы емес, отандастарымыз үшін де қаншалықты өзекті екенін саралау маңызды.

Жаһандық мәселелер – БҰҰ мінберінде

 

 Биологиялық қару – ұйқыдағы қауіп

Бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда адамзат жылдар бойы жалғасып келе жатқан жанжалдардан бөлек, бір мил­лионға жуық адамның өмірін жал­ма­ған қауіпті індетпен бетпе-бет келді. Жаһандық пандемия әлемнің әр тұр­ғынының күнделікті тұрмысын толығымен өзгертіп жіберді. Қарапайым халықтан бастап, ірі халықаралық ұйымдарға дейін алдағы жоспарын қауіпсіздік шараларын ескере отырып бейімдеуге, тіпті кейбірінен бас тартуға мәжбүр. Сөзін дәл осы өзекті мәселеден бастаған Қасым-Жомарт Тоқаев әлемді жаулаған жаһандық пандемияға байланысты биологиялық қаруды бақылау жүйесін әзірлеу және іске қосу мәселесі бұрынғыдан да өзекті болып отырғанын алға тартты. Сол себепті Президент БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алдында есеп беретін арнайы көпжақты орган – Био­логиялық қауіпсіздік жөніндегі халық­аралық агенттік құруды ұсынды.

Мұндай ұсыныстың астарында не жатуы мүмкін? Бір қарағанда биоло­гия­лық қауіпсіздік қырғиқабақ соғыс, ядролық қару немесе терроризмнен қауіпті болып көрінбеуі мүмкін. Алай­да ұзақ ғылыми ізденістен пайда болған мұндай қарудың тұтас бір елдің халқын жойып жіберуге қауқары бар. Осылайша био­терроризм түсінігі туады. Әсіресе емі жоқ аса қауіпті індеттердің өмірімізді қалай өзгертетінін биылғы пандемия анық көрсетіп берді.

Мемлекет басшысының бұл ұсынысы коронавирус ин­фекциясының жаппай таралуынан туған ой екені даусыз. Десе де бұл бастамаға түрткі болған өз елі­міз­дің тағдыры да әсер еткені анық. Қазақстан Кеңес өкіметі кезінде ядролық қару ғана емес, биологиялық қаруларды да сынауға ар­налған аймаққа айналған. Өзбек­стан­мен екі ел шекарасында Арал теңізінде орналасқан Возрож­дение мекенінде әскери мақ­сат­тағы биологиялық қару мен жабдықтар сыналып келді. Бұл – Кеңес Одағының ең құпия әс­ке­ри нысаны едi, тіпті, еш картада белгіленбеген. Кейіннен АҚШ Одақтың бұл әрекетін әш­кере қылған соң, тез арада Сібір жа­ра­сын тудыратын аса қауіп­ті инфек­цияны Арал теңізі маңына көміп, жойып жіберуге мәжбүр болған. Одан бері Арал маңындағы елді мекендердің ахуалына Қазақстан ғана емес, Батыс елдері де қызығушылық танытып, түрлі ғылыми экспедициялар ұйымдастырған-ды. Ел Үкіметі аймақтың эпидемиялық жағдайына байланысты 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын да бекіткен. Ол бойынша Аралдың қазақстандық бөлігін шаруашылық қажеттіліктерге пай­далануға, сондай-ақ бола­шақта көмірсутек шикізаты кенін өңдеуге жарамдылығын зерделеу­ге қатысты тапсырма берілген. Зардап шеккен аймақты қалпына келтіру үшін әлі талай жыл керек. Сол сынақтың ізі жер қойнауында қалып кетпесе болғаны.

Бұл – әлемдегі бір ғана ел­дің мысалы. Осы ретте мемле­кеттердің биологиялық немесе химиялық қаруды өндіруін шек­тей­тін халықаралық құжат бар екенін айта кеткен жөн. Қазақстан Президенті ұсынған орган осы Биологиялық қару туралы кон­вен­цияға негізделеді. Бұл келісімді 182 ел­дің өкілдері қолдағанымен, қаруды өн­ді­руден бас тартуға сөз бермегендері де бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, сон­дай-ақ БҰҰ аясында Аурулар мен биологиялық қауіпсіздікті бақы­лау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру идеясын мұқият зерттеуді ұсынды. Ол Қазақстан мұндай орталықтың бірін өз ау­мағында орналастыруға дайын екендігін де жеткізді. Елімізді бұл мәселенің айналып өтпегенін және Арал маңындағы қауіптің әлі де сейіле қоймағанын ескерсек, бастаманың  Қазақстан және әлем елдері үшін аса өзекті екеніне көзіміз жетеді.

Қазақстан Стратегиялық зерт­теу­­лер инс­титутының директоры, акаде­мик Зарема Шаукенова аталған үндеу­дің Мемлекет басшысы ғана емес, халық­аралық деңгейдегі саясаткердің жаһандық мәселелерге қатысты көзқарасы екенін атап өтті. 

«Бұл – БҰҰ-ға мүше мемле­кет­тердің бірінің басшысының сөйлеген сөзі ғана емес, БҰҰ Бас хат­шысының орынбасары қыз­метін атқарған тұлғаның және халықаралық деңгейдегі дипломаттың көзқа­расы. Яғни қазіргі заманғы адам­заттың өткір мәселелерін, әсіресе қауіпсіздік саласындағы адамзат үшін осы бір жанкешті мәселелер туралы толық ақпарат пен терең білімге ие саясаткердің ой-түйіндері» деді З.Шаукенова.

Қазіргідей биотехнологияның қарыш­тап дамыған заманында адамзатты қандай қауіп күтіп тұрғанын болжаудың өзі қор­қынышты. Бұл ұсыныстар алыс­тағы жау­дың алдында қауқарсыз қалмай, қазір­ден ауыздықтауға мүмкіндік беретін қа­дам­дардың бірі болар еді. Әйтпесе жау жаға­дан алғанда жағдай қандай бола­ты­­нын биылғы пандемия дәлел­деп бергендей.

 

Терроризмнен ада әлем құру өзекті

Қазақстан Президенті Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ мін­берінде жасаған үндеуде көте­рілген мәселелердің бірі терроризм төңірегінде болды. Діни экстремистік әрекеттерден зардап шеккен, әлі де күресіп жатқан ел­дер қатары жылдан-жылға азай­май тұр. Қазақстан үшін де бұл түйткілді мәселе екені сөз­сіз. Мемлекет басшысы еліміз әйел­дері мен балаларын соғыс алаңы­на айналған Сирия мен Ирак­тан алып шыққан алғашқы мем­ле­кеттердің бірі екенін баса айтты.

Терроризмнің Орталық Азия қапе­рінде ұстайтын қауіптердің бірі екенін Белгияның бұрынғы премьер-министрі Ив Летерм де бізге берген сұхбатында айтқан еді. Дегенмен саясаткер Қазақстан үшін бұл қатердің алдын алу қиын болмайтынын айтып, сенім білдірген. Сонымен қатар былтыр елордада өткен «Астана клубы» саяси форумының бесінші отырысында жарияланған «2020 жылы Еуразияға төнетін 10 басты сын-қатер» тәуекелдер рейтингінде терроризмнің жаңа толқыны сегізінші орынға жайғасты. Отандық және шетелдік сарапшылар террорлық әрекеттерге баса назар аудару керектігін бұрыннан айтып келеді. 

Жаһандық терроризм индек­сі­нің (GTI) мәліметі бойынша соңғы жылдары террорлық әрекеттен қайтыс болған адамдар саны 2014 жылмен салыстырғанда әлде­қайда төмендеген. Алайда кемінде бір адам терроризм салдарынан қайтыс болған елдер қатары сандық есепте артқан. Статистикаға сенсек, террорлық оқиғалар болған елдердің саны 2002 жылы ең көп болған. Ал 2018 жылы екінші жоғарғы көрсеткіш тіркелген. Сол жылы есеп бойынша әлемнің 71 елінде кемінде бір қайғылы оқиға болған.

Қазақстан – терроризмге қарсы күресте халықаралық қо­ғам­дастықтың белсенді қатысу­шы­ларының бірі. Осыдан екі жыл бұрын еліміздің бастамасымен БҰҰ-ның алаңында жаңа құжатқа 70-тен астам мемлекет қол қойған еді. Қ.Тоқаев бұл жолы да өзге елдерді «Терроризмнен ада әлемге қол жеткізу тәртібі Кодексіне» қосылуға шақырды. Қазақстан жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған әр бастамасымен еліміздің асқаралы мақ­саттарды көздейтінін, әркім өз қара басын ойлайтын заманда бейбітшілік, татулық ұғымдарын ту етіп ұстағанын, әр азаматтың қа­уіпсіз әлемде өмір сүруін қамта­масыз етуге барынша әрекет ете­тінін дәлелдеп келеді.

 

Су – болашақтың ең қымбат тауары

Алқалы жиында ел Президенті адамзатқа төнген қауіптерден бөлек, өңірлік сын-қатерлерге де тоқталды. Қазақстанның Ор­талық Азиядағы ықпалы өңірдегі мәселелерді анықтап, оның ше­шу жолдарын табуда үлкен рөл атқарады. Қазір өңірлік қауіп­сіздікте трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдаланудың маңызы ерекше. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Өңірлік су және энергетикалық консорциум құруды ұсынды. Қазақстан халықаралық ұйымдар мен аймақтағы өзге елдердің ара­сында қарым-қатынас орнату­да басты дәнекерлердің бірі екені белгілі. Осы ретте  Қазақ­станның Орталық Азияны дамыту бағытындағы күн тәртібін үйлес­тіру үшін Алматы қаласын­дағы Орнықты даму мақсат­тары жөніндегі БҰҰ-ның өңір­лік орталығын институтқа айнал­ды­руға ниетті екені де айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың көш­бас­шы­лығы тұсында Қазақ­стан мен БҰҰ арасындағы онсыз да жемісті ынты­мақ­тастық одан да арта түсетін секілді. Қазақстан ұсынған бастамалардың сал­ма­ғы мен маңызын ерекше атап өткен отандық дипломаттар БҰҰ мінберінде айтылған ұсы­ныстардың ескерусіз қалмай­тынына сенім білдірді. Мемлекет бас­шысы өз сөзінде атап өткен­дей, болашақ ұрпақтың тағ­дыры бірінші кезекте ел көшбас­шыларының жағдайды түсінуі мен алдағы әрекеттеріне тығыз байланысты болмақ. Сол себепті Қазақстанның болашаққа алған бағыты адастырмайтыны сөзсіз.

 

 

Оқиғаға орайлас ой

 Адамзат ойланса етті

ХХ ғасырдың адам баласына әкелген ойраны мен қасіреті аз болмағаны анық! Сол ғасырдың дүниесі тек соғысу мен қақтығыстар жасауға бейімделіп дамыған іспеттес. Ең аяғы атом ядросының өзі адамзат баласын қыру мақсатында игерілгені де анық. Қырғиқабақ саясаты  тіпті ғылым мен білімді де, ақыл-ойды да, бар ресурс­тарды да тек соғыс мүддесіне жұмылдырғаны да анық. Ендігі қалғаны – жер әлемдегі халықтың санын азайту екен!..

Президентіміздің: «БҰҰ Жарғысында бекі­тіл­ген мұрат-мақсаттар бұдан былай кәдеге аспайды деген пікір тарауда. Мен өз елімнің Пре­зиденті және БҰҰ-ның бұрынғы жоғары лауа­зымды тұлғасы ретінде бұл көзқараспен мүлде келіс­пеймін. Бұған қарамастан, біз үміт отын өшірмей, қайта оны лаулатуымыз керек; ортақ мұрат-мақсаттан бас тартпай, оған қол жеткізу үшін күш-жігерімізге тың серпін беруіміз қажет; анархияға жол бермей, халықаралық құқыққа негізделген қоғамдастық құруды жалғастыруға тиіспіз», деген осы бірауыз сөзі қазіргі әлем тағдырын, адамзат тағдырын шешуге деген адал ниетті адал ой деп қабылданса керек-ті!

Дүниенің төрт бұрышында қазіргідей дау мен жанжал, қарулы қақтығыстар мен санкциялар, тіпті жалпы адамзатты қырып-жою, аздырып, тоздыру, ұлттық құндылықтар мен мәдениеттерді аяқасты ету сияқты арам пиғылдар ашық айтылып, етек ала бастаған, бұған қоса  және пандемия бір жағынан қауіпті болып тұрған осы бір сындарлы сәтте Қазақстан Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақылды да парасатты сөз айтуы орынды болды!

Өз тәуелсіздігінің отыз жылдығы қарсаңында тұрған Қазақ елі   осы кезеңде әлемде бейбітшілік пен тыныштық болуына зор үлес қоса білгендігі жер жаһанға аян. Бұл жайында Президентіміз «Соңғы отыз жылда Қазақстан БҰҰ-ның барлық басты органдарында, соның ішінде, Қауіпсіздік Кеңесінде жанжалдарды реттеу, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану, терроризмге қарсы күрес, конфессияаралық және ұлтаралық диалог, теңізге шыға алмайтын дамушы елдердің мүддесін қорғау сияқты басымдықтарды дәріптеуге атсалысты», деп бар ақиқатты айта білді. Және де Қасым-Жомарт Тоқаевтың «өкінішке қарай, өткен 75 жыл ішінде әлемді қайғы-қасіреттен арылтуға бағытталған ортақ мақсаттарымыз бен құндылықтарымызды ілгерілету жолында көптеген мүмкіндікті қолдан жіберіп алдық», деп тағы да бір ақиқатты ашық мәлімдегені кез келген мемлекет басшылары мен саясаткерлерінің есін жинатса еді.

 Жабал Ерғалиев,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Көкшетау