Аймақтар • Кеше

Жетісу облысында 57 отбасы баспаналы болды

11 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жетісу облысында әлеуметтік осал топ санатындағы 57 отбасы  баспаналы болды, деп жазады Egemen.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жетісу облысында 57 отбасы баспаналы болды

Фото: gov.kz

Тұрғындарға Талдықорғанда 37 жаңа пәтердің, Сарқан қаласында 20 жеке тұрғын үйдің кілті табысталды. 

«2022 жылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін 5 қабатты 50 пәтерлі үй, өткен жылы «Болашақ» шағын ауданында екі қабатты 20 пәтерлі тұрғын үй қолданысқа берілді. Бұған қоса, ауданның әлеуметтік осал топтағы азаматтары үшін 24 тұрғын үй сатып алынып, берілді. Бүгін 20 үйдің кілті тапсырылса, бұдан бөлек, жақын арада осы типтегі 30 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі», деді Сарқан ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Әсет Қанапиянов.

Бүгін жаңа үйге ие болғандар қатарында жетім балалар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеуші отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, көп балалы аналар, толық емес отбасылар, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендер бар.

«Бүгін көптен күткен пәтерімізді алдық. Мүгедектігі бар баламыздың денсаулық жағдайына қолайлы жаңа пәтерге ие болғанымызға қуаныштымыз. Кезекте 10 жылдан аса уақыт тұрып, асыға күткен күнге де жеттік, рақмет», деді Ж. Болатбекова.

Жетісу облысында биыл тұрғын үй құрылысына 7,6 млрд. теңге бөлінген. Бұл қаржы 56 көп қабатты мен 214 жеке тұрғын үй салуға бағытталған. Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 866 пәтер сатып алынды, оған 15,9 млрд. теңге бөлінген.