Биылғы жылдың басында Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон Еуропалық одақтан шығу жөніндегі келісімге қол қойды. Брюссельдегі атқамінерлермен басы піспеген Британия басшылары «Брексит» мерзімін бірнеше рет ұзартты. Межелі уақытта түк тындыра алмаған ағылшындар Еуропалық одақтың астанасы Брюссельден 2020 жылғы 31 қаңтарға дейін мұрсат сұраған.
Осылайша қарт құрлықты әуре-сарсаңға салған келісімге қол қойылып, 31 қаңтар күні Ұлыбритания ресми түрде Еуропалық одақтан шықты. Дегенмен, Ұлыбритания қарт құрлықтан біржола қол үзген жоқ. Екіжақты келісімге сәйкес, биылғы 31 желтоқсанға дейінгі уақыт «транзиттік мерзім» саналады. Осы уақытта Даунинг стрит «Брекситті» аяқтауға қажетті ресми құжаттарды, келісімдерді пысықтап, ортақ мәмілеге қол жеткізуі тиіс.
Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылы Тұманды Альбионда жалпыхалықтық референдум өтіп, қарт құрлықпен қоштасуды аңсайтындар басым шыққан-ды. Осылайша ресми түрде «Брексит» басталды. Бірақ референдум өткізу күрделі түйткілдің басы ғана. Өйткені Ұлыбритания Еуропалық одақпен қоштасу үшін көптеген келісімді қайта қарап, өзекті мәселелердің оңтайлы шешімін табуы тиіс.
Мәселен, Еуроодақтан шыққаннан кейін Солтүстік Ирландия мен Ирландия арасындағы шекара, одақпен қоштасқаны үшін төленетін айыппұл секілді сұрақтар Еуропа саясаткерлерінің де, Даунинг стриттің де әбден басын қатырды.
Ирландия мен Солтүстік Ирландия арасындағы шекара мәселесі әлі де талқылауды қажет етеді. Бұған себеп жетерлік. XX ғасырдың екінші жартысында Ирландия аралы тынышсыз еді. Ирландияның бірігуін қолдап, британиялық басқаруды тоқтатуға қарсылар мен Ұлыбританияны қолдайтындар арасында қарулы қақтығыс жиі болатын. Шиеленісті реттеу үшін 1998 жылы Белфаст келісімі жасалды. Соған сәйкес, екі тарап та қаруын тастап, 30 жылға созылған текетіреске нүкте қойылды.
Кей сарапшылар «Брекситтің» ресми аяқталуымен өткен ғасырдың еншісінде қалған қақтығыс қайта басталуынан қауіптенеді. Өйткені Тұманды Альбионды үрейде ұстаған Ирландия республикашылар әскері (ИРА) тарағанымен, оның мүшелері ешқайда кеткен жоқ. Олардың кейбірі суық қаруларын жасырып қалғаны бұқаралық ақпарат құралы бетіне ара-тұра шығып тұрады. Оның үстіне, қаруын тәркілегенмен, соғыс өнеріне машықтанған адамның әскерде үйренгенін ұмыта қоюы екіталай. Яғни, алда-жалда Ирландияда қайта қақтығыс туа қалса, ИРА-ның қайта топтасуы әбден мүмкін. Бұл – біріншіден.
Екіншіден, шекара дауы мұнымен аяқталмақ емес. Ирландия мен Солтүстік Ирландия түйіскен жерде көптеген ауыл бар. Мысалы, дәл шекарада орналасқан елді мекеннің британиялық жағы Белку, ал ирландиялық жағы Блэклайон ауылы деп аталады. Екі ортаны Белку өзені бөліп жатыр. Ауылдың тұрғындары да көп емес. Белкуде бес жүзге жуық, Блэклайонда үш жүзге жуық адам бар. Екі мемлекетке тиесілі екеніне қарамастан, халықтың «ауылы аралас, қойы қоралас». Елді мекендегі жалғыз ет дүкені ирландиялық тарапта орналасқан. Ал шаштараз, шаруашылық дүкені Ұлыбритания аумағында тұр. Тұманды Альбионда мұндай елді мекендер жетіп-артылады. Яғни, Ұлыбритания қарт құрлықтың есігін жапқаннан кейін, мұндай ауылдардағы жағдай қалай болмақ? Әлі күнге дейін бұл мәселе шешімін тапқан жоқ.
Келесі түйткіл – Ирландия мен Солтүстік Ирландияға келетін тауарларды кедендік рәсімдеу. Еуропалық одақтың басқа елдерінен әкелінген тауарларға Ұлыбританияның баж салығы салына ма? Әлде, Дүниежүзілік сауда ұйымының бекіткен ережелері қолданыла ма? Бұл да әлі басы ашық тұрған мәселе.
Былтыр Ұлыбританияның сыртқы істер министрлігі «транзиттік мерзім» аяқталғаннан кейін Еуропалық экономикалық аймақ пен Швейцария азаматтарына Тұманды Альбионда қалуы үшін арнайы бағдарлама ашып, жарты жылға мұрсат беруге келіскен.
Сыртқы істер министрлігі әзірлеген құжатта қарт құрлықтың экономикалық белсенді тұрғындары Ұлыбританияда бұрынғыдай жұмысын жалғастыра бермек. Бастысы, 2021 жылғы 30 маусымға дейін бағдарламаға өтініш беруі тиіс. Бірақ бұл құжаттың шикі тұсы көп болып тұр. Мәселен, осы заң жобасына сәйкес, студенттер, зейнеткерлер және коронавирус пандемиясына байланысты жұмысынан айырылғандардың Англияда қалуы қиындай түспек. Ұлыбританияда заңды тұруы үшін олар биылғы 31 желтоқсанға дейін арнайы сақтандырудан өтуі керек.
Бұл көптеген түйткілдің бір парасы ғана. Борис мырза бастаған ағылшын атқамінерлері жаңа жылға дейін қарап отырмауы тиіс. Осы уақыт аралығында көптеген келісімді біржақты шешіп алуы қажет. Мәселен, Ирландия шекарасы, Еуропалық одаққа кіретін елдер азаматтарының құқығы, төлемақының нақты сомасы әлі де толық шешілген жоқ.
ЕО азаматтарының құқығы да әлі талқылауды қажет етеді. Одақ құрамына кіретін мемлекеттердің тұрғындары ұйымға мүше елдердің аумағында еркін жүріп-тұруға, көшіп-қонуға, жұмыс істеуге құқылы. 2021 жылдан кейін Тұманды Альбиондағы еуропалықтар мен қарт құрлықтағы ағылшындардың жағдайы қалай болмақ? Бұрынғыдай емін-еркін жүре бере ме, әлде арнайы виза әзірлетуі керек пе? ЕО құрамындағы бір елде жұмыс істеп, басқа мемлекетте зейнетке шыққандар зейнетақыны қалай алады?
Мұның бәрі жан-жақты талқылауды қажет етеді. Алда-жалда 31 желтоқсанға дейін бұл мәселелердің бәрі шешілмесе, Ұлыбританиядағы жағдай қиындайды. London School of Economics университеті ғалымдарының есептеуінше, Англия ЕО-дан келісімсіз шықса, оның салдары коронавирус пандемиясынан да ауыр болмақ.
Оның себебі мынада. Қазір Еуропалық одақ пен Ұлыбритания ортақ нарық арқылы жұмыс істейді. Яғни, екі тараптың тауарларына салық салынбайды. Кедендік талаптар да ортақ. Егер Даунинг стрит межелі мерзімде Брюссель шенеуніктерімен келіспесе, қарт құрлықтан Ұлыбританияға келетін тауарларға немесе кері бағыттағы өнімдер мен қызметтерге Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелері қолданылады.
Өз кезегінде, мұның бәрі тауардың қымбаттауына әкелмек. Яғни, Ұлыбритания өнімдерінің бағасы өсіп, Еуропалық одақ елдерінде бәсекеге қабілетті болуы қиындай түседі. Мысалы, ағылшындар тұтынатын тауардың 30 пайызы Еуропалық одақ елдерінен әкелінеді. «Брексит» келісімсіз аяқталса, аталған тауарлардың бағасы өспек. Ағылшын банкі басшысы Марк Кэрнейдің болжауынша, азық-түлік бағасы 10 пайызға қымбаттайды.
Сонымен қатар Ұлыбритания мен Еуропалық одақ елдері азаматтарының өзара қатынасы қиындай түседі. Кеден бекеттерінде паспорт тексеру уақыт алып, банк карталарын, мобильді желіні қолдану барысы өзгеріске ұшырайды. Пәтер құнының қымбаттауы, кедендік өткізу бекеттеріндегі кезектердің ұлғаюы секілді мәселелер туындамақ.
Қорыта айтқанда, коронавирус пандемиясы салдарынан Ұлыбританияның Еуропалық одақпен «қоштасуы» қиындай түсті. Бұған дейін Ирландиядағы шекара, кедендік одақ секілді мәселелермен басы қатқан премьер-министр Борис Джонсон енді жаһандық індеттің кері әсерін де, «Брекситтің» кемшілігін де болдырмауға тырысуы тиіс.