«Қазақстан Республикасы 2020 жылғы 27 қыркүйекте Таулы Қарабақта орын алған армян-әзербайжан қақтығысының ушығуына аса алаңдаушылығын білдіреді.
Бізге достас Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасын жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараларды қабылдауға, күш құралдарын пайдаланудан бас тартуға және мәселені келіссөздер арқылы шешуге шақырамыз. Халықаралық ұйымдардың алаңдарында жанжалды шешудің бейбіт жолдарын іздеуге көмектесуге дайынбыз. АӨСШК қазіргі төрағасы ретінде кеңестің сенім шаралары пакетін пайдалануды ұсынамыз», делінген министрліктің мәлімдемесінде.
Еске сала кетейік, өткен жексенбіде Әзербайжан мен Армения әскерилері қақтығысып қалды. Trend.az агенттігінің хабарлауынша, әзербайжандық сарбаздар Армения тарапы басып алған бірқатар елді мекен мен маңызды нысанды азат еткен.
Әзербайжанның қорғаныс министрлігі Арменияның әуе күштері Қарабақпен шекарадағы елді мекендерді атқылағанын хабарлады. Осы мәліметтерге сәйкес, бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар бар. Арменияның қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, Қарабаққа әуеден шабуыл жасалған.
Армения Әзербайжанның екі тікұшағы мен үш ұшағын жойғанын хабарлады. Ал Әзербайжанның әскерилері 12 армян зенит кешенін жойғанын мәлімдеді. Осы оқиғаға байланысты Таулы Қарабақ омбудсмені тараптарды сабыр сақтап, сақ болуға шақырды.