Ауыл болғанда да Баянауылдың тау баурайында отырған ел-жұрт – Бірлік, Торайғыр, Жаңажол, Қаратомар, Күркелі аталатын ауылдар. Рас, қазір ауылдар арасы сиреді. Қалаға көшу үрдісі әлі де жалғасуда. Сенатор Светлана Жалмағамбетованың Сенат отырысында айтқанындай жалпы, оңтүстіктің тығыз орналасқан халқын шынында да солтүстікке қарай көшірмесе, біздің ауылдардың бос қалатын түрі бар. Екінші ойланатын мәселе, ауылдағы қазақтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартпай болмайды. Осыдан он шақты жыл бұрын Баянауылдың жиырма шақты ауылы болашағы жоқ саналып, біржола жоғалып та кеткен болатын-ды.

Енді жетпегені осы еді, жоғарыда аталған 5 ауылда пошта бөлімшесі жабылмақшы болып отыр. Бұл жайында бізге ауданда баспасөзге жазылу барысына арнаған жолсапарда болған кезімізде аудандық пошта бөлімінің басшысы Төлеуғазы Мусин айтып берді.
– Баянауылда пошта бөлімі ашылғалы 100 жылдан асып кетті. Біздің ойымыз ауылдарымызда бұрыннан келе жатқан пошта бөлімшелерін сақтап қалуда болып тұр. Газет-журналдарға жазылу, оны тарату жайлы мүмкіндік болмай да қалады. Ауылда пошта бөлімшесі болмаса, мектеп жабылса, ел көшіп кететіні белгілі, – деді ол бізбен әңгімесінде. Айтса айтқандай, биыл «Қазпошта» АҚ басқармасы еліміз бойынша 320, біздің облыс бойынша 52 пошта бөлімшесін тиімсіз деп тауып, оларды жабу жөнінде шешім шығарған көрінеді. Бірақ, «Қазпошта» АҚ басқармасы тиімсіз деп жауып тастамақшы болып отырған ауылдардың бәрінде ел отыр ғой. Тіпті, Баянауылдың Бірлік, Торайғыр, Жаңажол, Қаратомар, Күркелі ауылдары атына заты сай қазақылықтың қалпын бұзбай отырған біртоға ауылдар. Төлеуғазы Мусиннің айтуынша, ауылдағы пошта бөлімшелерін сақтап қалудың бір жолы – аудандық пошта бөлімі қызмет көрсететін бюджеттік мекемелерге қосымша қаржы бөлу. Ал, ауданның шалғайдағы ауылдары саналатын Жаңатілек, Құндыкөл, Қызылтау, Теңдік, Ұзынбұлақ, Жайма жақтарына пошта жеткізу үшін автобус жүргізушілерімен шартқа отырып газет-журналдар жеткізеді екен. Өйткені, аудандық пошта бөлімінде пошта таситын бар-жоғы ескі 2 «Нива» көлігі ғана бар көрінеді.
Аудан бойынша газет журналдарға жазылу барысы да төмендеу екенін, енді қалған бір жарым айда тыңғылықты түрде қолға алып, жұмыс жасамаса, биылғы жылдың жазылымдарынан кеш қалулары да мүмкін екенін ішкі саясат бөлімінің басшысы Талғат Қылышбековтың есіне салдық. Қайтарда аудан әкімі Ернұр Айткеновке жолығып, мәселенің мән-жайын айтып едік, «Қазпошта» АҚ басқармасы жүргізіп отырған шағын ауылдардағы пошта бөлімшелерін оңтайландыру жүйесіндегі бұл мәселеге түсіністікпен қараймыз. Бірақ, қазір қолдан келгенше 5 ауылдағы пошта бөлімшелерінің жабылмауын қарастырудамыз, – деді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.