Руханият • 28 Қыркүйек, 2020

Ұлы дала жүрегі

794 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Егемендігіміздің тірегі, елдігіміздің жүрегі саналатын астанамыз Нұр-Сұлтанның айшықты көрінісі фотографтардың объективінен түспей ке­леді. Небір әдемі кө­рініс­терге арқау болған қаланың көз тартар кел­беті жыл мезгілдерінде өзіне тән ерекшелігімен құлпыра түседі. Бұл жо­лы National Geographic фотографтары Нұр-Сұл­тан қаласының үздік фо­то­суреттерін жинақ­тап, «Ұлы дала жүрегі» көр­ме­­сін ұйымдастырып жатыр.

Ұлы дала жүрегі

Суреттерде: Нұрлы әлем – авторы Ерболат Шадрахов; Ақорда – Астана жүрегі – авторы George Steinmetz

Көктемнен бері карантин талаптары бәсеңдемей, көр­ме, концерт, театр атаулыдан бір уақ қол үзіп, көз жазып қалғанымыз рас. Әйтсе де биылғы берекесімен келген қоңыр күздің мерекелі күндері аз да болса серпілтіп, қала тұрғындарына қуаныш сыйлауда. Тамыз айынан бері өтіп жатқан «Ұлы дала жүрегі» көрмесінде қазақстандық және шетелдік авторлардың 150-ден астам жұмыстары ұсынылған. Олардың арасында National Geographic және NY Times газе­тінің әйгілі фотографы Джордж Стейнметцтің қолынан шық­қан таңдаулы сурет топтамаларын тамашалауға болады. Мәселен, оның Есіл жағалауы маңындағы жаңажылдық отшашу кезінен түсірілген кадры көпшіліктің таңданысын туғызған туындының бірі. Бұл туралы автор өзінің инстаграм әлеуметтік желісінде «Жаңа жыл түні қарсаңында түнгі он екіде Қазақстанның Нұр-Сұлтан қаласындағы Есіл өзенінің екі жағалауын жалғап жатқан Аты­рау көпірінің үстінде салтанатты отшашу болды. Бұл – әлемдегі екінші суық астана», деп жазған еді. Одан басқа бүкіл әлемді шарлаған таңғажайып суреттер Antonio Politano, Sasin Tipchai, Никита Басов, Тұрар Қазанғапов сынды National Geographic-тің еңбек сіңірген фотографтары, сондай-ақ Батырлан Төлегенов, Александр Филипенко, Евгений Ткаченко, Айбек Аханов және басқа да танымал отандық фотографтар бар.

Елорданың тұрмыс-тірші­лігінен сыр шертетін көрме қа­ладағы демалыс, іскерлік жә­не мәдени өмір, жарқын тұл­ғалар бейнесін арқау еткен. Сонымен қатар астананың ерек­­ше гастрономиясы, спорт әле­­мі және заманауи шаһар­дың озық келбетін жарыса сурет­тейді.

1

Атаулы көрменің мақсаты әйгілі шетелдік және отандық фотографтардың фотокамералары арқылы шартарапқа Қазақстанның жаңа өмірінің шынайы кескін-келбеті мен Арқа төсінде бой көтерген аста­­наның бүгінгі заманауи кел­бетін насихаттауды көздейді.

Көрмені «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы жанын­дағы алаңнан тамашалауға болады. Іс-шара барлық сани­тарлық нормаларды сақ­тай оты­рып өткізіледі. Ұйым­дасты­рушылар барлық ережелерді қатаң сақтау, маска тағу, қа­шық­тықты ұстау және сани­тайзер­лерді пайдалану қажеттігін еске салады.

Айта кетейік, әлем фотографтарын шабыттандырған көрікті астананың тарихын арқау еткен көрме суреттерін nursultankorme.kz сайтынан онлайн көруге болады.