Аймақтар • 28 Қыркүйек, 2020

«Кәрі құданы» қарсы алуға дайындық қалай?

347 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Аязы атан түйені алып ұратын Ақмола өңірінде қатал сыншы – қысқа мұқият дайындық жасалуда. Биыл «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламаларының шарапатымен көп-көрім жұмыс істеліп қалды.

«Кәрі құданы» қарсы алуға дайындық қалай?

Мамыр айында облыстық әкімдіктің жылу беру маусымына дайындық туралы қаулысы қабылданған болатын. Осы қаулыға сәйкес, облыстағы барлық жылу беру кәсіпорындары қыркүйектің 15-іне дейін дайындық жұмыстарын аяқтауға тиісті. Оған мол мүмкіндік бар еді. Үстіміздегі жылы облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына 46 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл қаржы 2019 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,4 есеге көп. Облыстың 8 елді мекенінде жылу беру нысандары мен жылу құбырлары жаңғыртылды. «Ауыл – ел бесігі» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 10,6 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл 2019 жылғы деңгеймен салыстырғанда, 3,9 есе көп. Оған қоса жолдарды жөндеу мен отын қорын жинақтауға 5 млрд теңге бөлінгенін ескерсек, бұл салаға қаншалықты қамқорлық жасалып отырғаны көзге бірден көрінер еді.

Жоғарыда аталған бағдарламаларды жүзеге асыру барысында 61 көпқабат­ты тұрғын үй мен 454 жеке­ме­н­шік үй, 31 әлеуметтік нысан жылу жүйесіне қосылды. Елді ме­кен­дердегі кейбір тозығы жеткен жылу жүйелері алмастырылып, қысқа да­йын­дық жұмыстары біршама тың­ғы­лықты атқарылды. Әйтсе де, Атбасар, Егіндікөл, Зеренді аудандарында күрделі жөндеу жүргізілуі себепті кейбір нысандардың дайындық жұ­мыс­тары кештеу аяқталғанын айта кету керек. Мәселен, Егіндікөл ауда­нын­дағы Армавир, Полтавская орта мектептерінде қазандықтарды жөн­деу жұмыстары кеш аяқталды. 

Облыс орталығындағы «Көкшетау Жылу» кәсіпорны жылу жүйесін жөн­деу­ді ширата түсуі керек еді. Осы орайда кәсіпорынға жыл са­йын 3 млрд теңгеге дейін қаражат бөлінетінін екпін түсіріп айта кету керек. Демек, бұл кәсіпорында қолбайлау болып отырған бөгесін қаражат емес, істі уақтылы ұйымдастыруда. Биыл жөндеу жұмыстары мен отын қорын жасақтауға 6 млрд теңге қарастырылған. Сөз арасында қалалық бюджеттен жылу беру маусымына бір тиын да бөлінбегенін айта кетелік. 2016 жылдан бері кәсіпорынның кредиторлық берешегі үздіксіз өсіп келеді. 596 млн теңгеден жаңа жылу беру маусымына дейін 3,4 есе көбейіп, қордаланып қалған соңғы екі жылдағы қарыз 2 млрд теңгені құрап отыр. Оның 489 млн-ы – көмірге, 95 млн-ы салыққа төленетін қарыздар. Тұрғындардың қарызы да қордаланып қалған.

Қыстан қысылмау үшін жеткі­лік­ті отын қорын дайындау өте ма­ңызды. Қазір жылу беретін кәсіпо­рын­дарға көмір жеткізілуде. Екі айлық қажеттілікті өтейтін 160 мыңға жуық тонна көмір алынған. Әйтсе де бұл көрсеткіш Аршалы, Ерейментау, Есіл, Атбасар, Қорғалжын аудандарында төмен. Белгіленген кестеге сәйкес қыркүйек айының соңында тағы 13,5 мың тонна көмір жеткізіледі деп күтілуде. Облыс тұрғындары 349 мың тонна көмір сатып алған. Бұл – қажеттіліктің 53 пайызы. Қыстан қысылмай шығу үшін 660 мың тонна көмір қажет. Қазір облыс елді мекендерінде 56 отын қоймасында көмір сатылуда. Көмірдің бір тоннасының орташа бағасы 13 мың теңгені құрайды. Қалалық және аудандық әкімдіктердің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдері бұл мәселені жіті қадағалап отыр. Бұрнағы жылдардағыдай қарбалас байқалмайды.

11 қыркүйектегі мәліметке қара­ған­да, жылу және сумен қамтамасыз ету кәсіпо­рын­дарының дебиторлық қарызы 1 млрд-тан астам. Оның 593,8 млн теңгесі бұрыннан қордаланып қалған қарыз болса, ағымдағы қарыз 443,9 млн теңгені құрайды. Мұндай қарыз аудандарда да бар. Мәселен, дебиторлық қарыз Степногор қала­сын­да 315 млн теңге болса, Бурабай ауданында 172 млн теңгеге жеткен. Сондай-ақ Атбасар және Көкшетау қалаларында да қомақты қарыз қор­да­ланған.

Коммуналдық кәсіпорындарда да қарыз шашетектен. Айталық, «Көк­ше­тау су арнасы» кәсіпорнының қарызы – 334 млн теңге. Кәсіпорын салыққа 76 млн, еңбекақыға 19 млн көлемінде қарызға батып отыр. Дәл осындай «Атбасар су» кәсіпорнының қарызы 211 млн теңгеге жеткен.

Ерте көктемнен ел назарын аударып отырған жылу беру мәселесінде көңіл демдейтін жақсылық та аз емес. Мәселен, облыс орталығының ірге­сін­де­гі Краснояр ауылында жаңа жылу беру жүйесі тартылуда. Жоба жүзеге асқан кезде қосымша 110 тұрғын үйді қамтиды. Оның 30-ы көппәтерлі үй болса, 80-і жекеменшік үйлер. Сондай-ақ бұрын жылу тапшылығын сезініп келген 23 әлеуметтік-мәдени нысандардың да мәселесі шешілмек. Жылу жүйесін тартуға 736 млн теңге қаражат бөлінсе, оның 637,5 млн теңгесі игерілген. Әйтсе де бұл арада тағы бір қиындықтың құлағы қылтияды. Мәселен, қазандықтың қуаты жылу жүйесіне жаңадан қосылған ны­сан­дардың бәрін жеткілікті жылумен қам­тамасыз етуге қауқарсыз. Осыдан барып қосымша қазандық орнату мәселесі туындап отыр. Жаңа жобада жылу ойда­ғы­дай болуы үшін 4 қазандық орнату көзделген. Тығырықтан шығу үшін мазутқа жұмсалатын ақшаны үнемдеу арқы­лы қол жеткізуге болады.

Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласы соңғы 20 жылдан бері орта­лықтан­дырылған жылу жүйесі мәсе­ле­сін оңынан шеше алмай келген болатын. Көпқабатты тұрғын үй­лер­­дің қайсыбірі қолдан салынған пеш арқылы жылытылатын. Биыл об­лыстық бюджеттен 250 млн теңге бөлініп, жаңа қазандық салынды. Қазір соңғы жұмыстары жүзеге асырылуда. Ерейментау ауданында да №5 қазандық жаңғыртылуда. Бірнеше көшеге жылу беру жүйелері тартылды. 

Сөз соңын шиырып айтқанда, облыстағы көптен бері қордаланып қалған осы салаға қатысты мәселелер мемлекеттік бағдарламалардың шарапатымен жақсарып қалды. Қазір тұрғындар «кәрі құда» келгенде қысылмаймыз» десіп отыр.

 

Ақмола облысы