Биылғы шілденің басында Қаратал ауылының тұрғыны Ақынғали Бақтиярұлы осы маңнан ескі құмыра тауып алып, содан іле-шала Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің қызметкерлері мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологтары сол төңіректе қазба жұмыстарын жүргізді. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологі Аслан Мамедовтың айтуынша, Ақынғали Бақтиярұлы құмнан кездейсоқ суырып алған қола дәуірі адамының дүниесі бастапқы орнынан табылмаған. Соған қарағанда ежелгі өркениеттің асыл бұйымдары үшін әр кезеңде Қаздыаралда тонаушылық әрекеттер жалғасып келгенге ұқсайды.
Бұл жолы музей қызметкерлері мен жергілікті археологтар аралары өте жақын орналасқан үш жерлеу орнын тапты. Бір шұңқырдан тізелері бүгілген күйі қатар жерленген екі ересек адам мен жандарында шашылып жатқан ұсақ малдың сүйектері табылды. «Мұнда ер адам мен әйел қатар жерленген сияқты, шашылып жатқан марқа қозының сүйектеріне ұқсайды», дейді аудандық музей қызметкері Бекет Мырзағалиев.
Осы шұңқырдың жанынан ауыл адамдары қайта көмген тағы бір жерлеу орны табылды. Археологтар осы жерде ежелгі заман адамын жерлеген орында кездесетін заттардың табылмағанын айтады. Бұл да ежелгі заманда тоналған зират болуы мүмкін. Ал үшінші шұңқырда ересек адам мен жасөспірім бала бірге жерленген. Бұл жерде ересек адамның бас сүйегі болмай шықты, жанында құмыра, қола жапсырмалар мен пышақ көлденең жатыр. Ересек адамның қасына жерленген баланың сопақша, ерекше созылған бас сүйегі қазба жұмыстарына қатысқандарды таңғалдырды. Бұл ғұн-сармат дәуірінің жерлеу орнына ұқсайды. Өйткені жаңа туған сәбидің басын қысып байлап, сопақша етіп созып үлкейтуді ғұн-сарматтың ақсүйек тайпалары жақсы көрген екен. Осы арқылы билеушілер династиясы қара тайпалардан ерекшеленіп отырған. Тұп-тура Мысыр перғауындарының «үлгісі».
Осылайша Шығанақ Берсиев соғыс жылдары тарыдан әлемдік рекорд жасаған қараша ауылдың маңынан қола, ежелгі темір дәуірі, орта ғасырға дейінгі өркениет орындары бірге табылды. Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің қызметкері Медет Құлмұқанов «2012 жылдан бастап Қаратал ауылы тұрғындарының мал бағып жүріп ежелгі заманның әшекейлерін, жебе, найза ұштарын тауып алып жүргені туралы жария бола бастаған еді. Біз осы жолы құмдағы тұрақтан ерте қола дәуірі, темір дәуірі, ерте орта ғасыр заманының жерлеу орындарын қатар таптық. Өзгертілген бала сүйегіне қарап, бұл біздің заманымыздың II-IV ғасырындағы ғұн-сарматтар дәуірінің адамы деп тұжырым жасаймыз. Алайда табылған құмыра, қола бұйым, пышақтардың қай өркениет дүниелері екендіктерін анықтауға біздің шамамыз жетпейді. Ойыл өзенінің жағасындағы осы жер ежелгі адамдар үшін қандай маңызды рөл атқарған? Бұл жерде сұрақ көп».
Әзірге белгілісі, осы қазан айында Қаздыаралда археологиялық қазба жұмыстары тағы жалғасады деп күтілуде.