Құс тұмауына байланысты бірқатар өңірде карантин жарияланды
СҚО, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды облыстарында әртүрлі үй құстарының 14 315 басының өлімі тіркелді. Аталған аймақтарда өлген құстардан патологиялық материалдар алынып, Нұр-сұлтан қаласындағы "Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталыққа" жолданды. Еліміздің 4 облысында құс тұмауы бойынша факт тіркелді. Құс тұмауы анықталған аумақтарда карантин енгізілді.
Шонжыда 1,171 миллиард теңгеге салынып жатқан спорт кешені құлады
Шонжыдағы ғимараттың құрылысы былтыр басталған. Өңірдегі маңдайалды спорт нысаны болуы тиіс ғимарат жылдың соңына дейін іске қосылып, пайлануға берілуі тиіс еді. Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен іргесі қаланған дене шынықтыру кешенін салуға 1 млрд 171 млн теңге қаржы бөлінген.
Данэлия Төлешова America's Got Talent финалында өнер көрсетті
Өкінішке қарай, қазақстандық жас әнші Данэлия Төлешова америкалық America's Got Talent байқауында жеңіске жете алмады. Шоудың биылғы жеңімпазы Брендан Лик атты өнерпаз болды. Лос-Анджелесте өткен шоудың ақтық сынына 10 әртіс қатысты, олардың алтауы әр түрлі жастағы вокалистер. Байқау жеңімпазына 1 млн доллар жүлде табысталды.
Лукашенко Беларусь президенті қызметіне кірісті
Минск қаласының Тәуелсіздік сарайында Александр Лукашенконың Беларусь Республикасының президенті қызметіне ресми кірісу рәсімі өтті. Салтанатты рәсімге аталған елдің жоғары лауазымды тұлғалары, парламентарийлер, мемлекеттік органдар мен жергілікті билік органдарының және республикалық БАҚ-тың басшылары, сондай-ақ ғылым, мәдениет және спорт қайраткерлері қатысты.
Қазақстан өлім жазасын алып тастады
Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттамаға қол қойды. Бұл халықаралық құжатқа қол қою өлім жазасын қолдану аясын біртіндеп тарылту және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру бағытының жалғасы болып отыр. Қазақстан Республикасында өлім жазасын қолдану ҚР Президентінің 2003 жылы тиісті мораторий енгізу туралы Жарлығы толығымен тоқтатылды.
Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында кезекші сыныптарда оқитын оқушылардан коронавирус анықталды
Солтүстік Қазақстанда 8 білім ошағында індет тіркелді. Смирнов ауылындағы орта мектепте, "Булаев балабақша кешенінде", №44-ші орта мектепте, № 10-шы орта мектепте, "Бест" гимназиясында және Булаев орта мектебінде бір-бір жағдайдан анықталды. Ленин атындағы орта мектепте 2, "Дарын" мектеп-лицейінде 4 жағдай тіркелді. Аталған білім орындарында эпидемияға қарсы шаралар жүргізілді. Ауру белгісі бар адамдардың барлығы 14 күнге оқшауланды.
Сондай-ақ ШҚО-да кезекші сыныпта оқитын төрт оқушы коронавирус жұқтырды. Атап айтсақ, Шемонайха ауданының 4-сынып оқушылары, Көкпекті ауданының 11-сынып оқушысы және Алтай ауданының 2-сынып оқушысынан індет белгілері анықталған. Бұдан соң, облыс аумағындағы екі сынып пен бір мектеп 14 күндік карантинге жабылды. COVID-19 вирусы анықталған барлық мектептерде эпидемияға қарсы дезинфекциялық шаралар жүргізілді.
Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттардың бастамасымен әзірленген "Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" және оған ілеспе заң жобалары мақұлданды
Құжат отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік саясаттың құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру мақсатында дайындалған. Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы іс-қимыл шараларының тұтас жүйесін құруға бағытталған нормаларды енгізіп, жауапты органдардың құзыреттерін нақтылады.
Украинада әскери ұшақ апатынан 25 адам қаза тапты
25 қыркүйекте сағат 20.50-де Чугуев қаласының маңында әскери әуежайдан шамамен екі шақырым қашықтықта Украина ҚК Ан-26 ұшағы апатқа ұшырап, өртенді. Бортта 7 экипаж мүшесі және И.Кожедуб атындағы Әуе Күштері университетінің 21 курсанты, барлығы 28 адам болған. Украина Президенті Владимир Зеленский Харьков облысында апатқа ұшыраған әуе апатына байланысты 25 қыркүйекті Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан қаза болған курсанттардың туған-туысқандарына көңіл айтты.
Армян-әзербайжан қақтығысы ушықты
Қазақстан Республикасының СІМ армян-әзербайжан қақтығысының ушығуына байланысты мәлімдеме жасады. Қазақстан Таулы Қарабақта орын алған армян-әзербайжан қақтығысының ушығуына алаңдаушылығын білдіріп, халықаралық ұйымдардың алаңдарында жанжалды шешудің бейбіт жолдарын іздеуге көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.