Саясат • 28 Қыркүйек, 2020

Қазақстан Елшісі Испания Конгресінің Төрағасымен кездесті

150 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Константин Жигалов Конгресс Төрағасы Меритчел Батетпен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Елшісі Испания Конгресінің Төрағасымен кездесті

Кездесу барысында тараптар халықаралық мәселелердің өзекті сұрақтарын және стратегиялық серіктестікке сәйкес екіжақты күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелерді талқылады.

Елші мен М.Батет екі ел басшылықтарының экономиканы тұрақтандыру, оны пандемия мен коронавирустан кейінгі кезең аясында ынталандыру мен қайта құрылымдау бойынша қабылдаған шаралары туралы ақпаратпен алмасты. Осыған орай К.Жигалов Испания Конгрессінің спикерін Президент Қ.Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» Жолдауының негізгі бағыттарымен таныстырып, оның сөйлеген сөзінің испан тіліне аударылған кітапшасын берді.

Сонымен қатар, тараптар Қазақстан мен Испаниядағы ішкі саяси ахуал туралы, екі елдің парламенттерінің індет жағдайындағы жұмысының негізгі бағыттары мен ерекшеліктері туралы ақпаратпен бөлісіп, парламентаралық ынтымақтастықты, оның ішінде эпидемиологиялық ахуал қалыпқа келгеннен кейін жоғары деңгейдегі сапарлармен алмасу мен Қазақстан-Испания парламентаралық достық тобын құру бағытында жұмысты жалғастыруға ниет білдірді.

Жаһандық мәселелерді талқылау шеңберінде К.Жигалов пен М.Батет БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпысаяси дебаттарын өткізу маңыздылығын атап өтті. Елші Конгресс басшысын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзінің негізгі үзінділерімен таныстырды.

Атап айтқанда К.Жигалов сұхбаттасушының назарын қазақтың ұлы ойшылы Абайдың адамзатқа керегі сүймек, сезбек, кейімек, қарекет қылмақ, жүгірмек, ақылмен ойлап сөйлемек деген парасаттылық пен даналыққа толы сөздеріне аударып, ол ақын үшін ғаламдық өзара әрекеттесудің жемісті формуласы болғанын жеткізді.

ЮНЕСКО-ның аясында 175 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтіп жатқан қазақтың ұлы ағартушысының дана сөздерінен терең әсер алған М.Батет оларды бүгінгі күнге дейін бүкіл адамзат үшін өте өзекті деп атады.

Кездесу соңында К.Жигалов екіжақты мәдени-гуманитарлық саладағы жемісті екіжақты ынтымақтастықты атап өтіп, М.Батетке жуырда испан тіліне аударылған автордың өлеңдері мен «Қара сөздері» енген «Абай» кітабын сыйға тартты. Сонымен қатар, Испанияда қазақ прозасы мен поэзияның Антологиясының Сервантес тіліне аудармасы үлкен қанағаттанушылықпен қабылданды.