Қоғам • 28 Қыркүйек, 2020

Алматыда жылу беру маусымы басталды

181 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қала әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша бүгіннен бастап Алматыда жылу беріле бастады, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматыда жылу беру маусымы басталды

Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының мәліметі бойынша жылу желілері мен жылумен қамту жүйелері 100% дайын.

Алматы әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес бірінші кезекте жылуға әлеуметтік нысандар қосылады. Балабақшаларға, мектептерге, денсаулық сақтау нысандарына бүгінгі күннен бастап жылу толық қуатында беріледі. Тұрғын үйлер ағымдағы апта ішінде жылу жүйелеріне қосылатын болады.

Қалада барлығы орталық жылу жүйесіне қосылған 444 білім беру, 133 денсаулық сақтау нысаны және 8024 көппәтерлі үй бар.

Айта кетерлігі, бұған дейін қалада жылу үш күн ішінде ауаның тәуліктік орташа температурасы 8 градустан төмен болған жағдайда 15 қазаннан соң берілетін.

"Қазгидрометтің" мәліметі бойынша Алматы мен облыста осы жылдың қазанында ауаның орташа айлық температурасы +6 +12°С шамасында болады деп күтілуде.

Қазанның бірінші онкүндігінде ауа температурасының түнде +8 +13°С-тан +3 +8°С-қа, оңтүстікте +11°С, таулы және тау бөктеріндегі аудандарда 0, +5°С-ден 0, -5°С дейін төмендеуі күтіледі, күндіз +23 +28°С-ден +10 +15°С-ге дейін, оңтүстікте +32°С-ден +20°С-қа дейін. Бұдан соң ауа температурасы түнде +8 +13°С дейін, таулы және тау бөктеріндегі аудандарда +3°С, күндіз +23 +28°С дейін, оңтүстікте +32°С дейін көтеріледі. Онкүндіктің соңында – ауа температурасы төмендейді.

Қазанның екінші онкүндігінде ауа температурасы түнде 0, +5°С-тан +8 +13°С дейін, таулы және тау бөктеріндегі аудандарда -3 -8°С-ден -2 +3°С-ге дейін, күндіз +8 +13 дейін өзгереді деп күтілуде, таулы және тау бөктеріндегі аудандарда +3°С-тан +13 +18°С-ге дейін, оңтүстікте +21°С.

Үшінші онкүндікте ауа температурасы түнде +5 +10°С-ден 0, -5°С-қа дейін, таулы және тау бөктеріндегі аудандарда -10°С, күндіз +10 +15°С-тан 0, +5°С-қа дейін, ал оңтүстікте +20°С-ден +10°С-қа дейін біртіндеп төмендейді деп болжануда.