Қаржы • 29 Қыркүйек, 2020

Кредитті кешіру: Тараптар табыспай тұр

2863 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Былтыр Президенттің пәрменімен 507 ­мың адамның несиесі кеші­рілді. Оған республикалық бюджет пен Проблемалық кредиттер қо­рынан 105 млрд теңге жұмсал­ды. Кейінгі кезде ел ішінде несие рақымшылығын қайта жалғастыру жайы жиі айтыла бастады. Осы орайда біз тараптардың пікірін саралап көрдік.

Кредитті кешіру: Тараптар табыспай тұр

Бір жол бар – байларды бүру

Жуырда Мәжіліс депутаты Айқын Қоңы­ров несие рақымшылығына қатыс­ты Үкімет басшысы Асқар Маминге сауал жолдады. Ол өз сөзінде кредитті кешіруге қажетті қаржыны қайдан алуға болатынын атап көрсетті.

Депутаттың дерегінше, 2020 жыл­дың бірінші жартыжылдығында шағын және орта бизнеске берілген микронесие көлемі 850 пайызға артқан. Ал мерзімі өткен берешек 283 пайызға жетіпті. Бұған қоса жеке тұлғалардың микронесиесі 145 пайызға, ал мерзімі өткен берешегі 332 пайызға өскен екен.

– Елде шектеу шаралары енгізілгенге дейін тұрақты түрде салық төлеген, жұмыс орындарын құрған, қазір объективті себептерге байланысты несиені өтей алмай күрделі жағдайға тап болған жеке және заңды тұл­ғалар үшін кең ауқымды несие рақымшылығын жүргізу қажет. Олар өмір сүруге қаражат таппай, қаржы институттарының қысы­мына ұшырауы мүмкін, – деді А.Қоңыров.

Оның айтуынша, Қазақстанда дағдарысқа қарсы жоспар шең­берінде жұмыспен қамту­ды және экономикалық белсенділікті қол­дауды ынталандыратын ша­ра­ларға айтарлықтай қаражат бөлі­неді. Алайда қаржы әдеттегі­дей коммерциялық банктер мен квази­мемлекеттік институттар арқылы жіберіледі. Демек, оларға тағы да қолдау көрсетіледі де, халыққа түк бұйырмайды.

– Қаржы институттары қарыз алушыларға төлемді кейінге қалдырып төлеуді ұсынды. Бірақ Президент жариялаған мора­торий мерзімі қыркүйекте аяқ­талады. Межелі мерзімге дейін қарыз алушылар төлем қабі­летін қалпына келтіріп үлгер­ді дегенге сену қиын. Мәсе­лені шешу үшін барлық мүд­делі тараптың өкілдерін тарта оты­рып, мемлекеттік комиссия құру, несие аудитін жүр­гізу, қар­­жы­ландыру көздері мен ра­қым­­шы­лыққа қатысушылар үшін кри­терийлерді анықтау қажет, – делінген депутаттық сауалда.

А.Қоңыров қаржыландыру көзі ретінде мемлекеттік шығыс­тар­ды оңтайландырып, несие рақым­шылығын сән-салтанат салы­ғын енгізу арқылы жүзеге асыру­ға болатынын мәлімдеді. Атап айтқанда, ол азаматтардың мұрасына және үстеме кірістеріне салық салуды Экономикалық ын­ты­­ма­қтастық пен даму ұйы­мы елдерінің деңгейіне жеткізу­ді, яғни 30 пайызға арттыруды ұсын­ды. Сондай-ақ жеке тұлға­лардың ақша аударымдарына салық салу керектігін алға тартты. Бұдан бөлек, басында бірнеше үйі бар тұл­ғалардың салығын арттыру керегін айтты.

Осы орайда, кейбір қоғам бел­сенділері несие амнистиясын жариялауды талап етіп отырғанын білеміз. Олар екінші деңгейлі банктерге қолдау ретінде берілген Үкімет қаржысын дәл осындай жолмен қайтарып алуға болады деп есептейді.

 

Бір реттік акция – қол емес

А.Қоңыровтың жоғарыда кел­тірген депутаттық сауалына бай­ланысты Қаржы нарығын рет­теу және дамыту агенттігі төраға­сы­ның бірінші орынбасары Олег Смоля­ков жауап берді. Оның ай­туынша, несие рақымшылығы секіл­ді бір реттік шараларды қол­ға алу – тығырықтан шығарар жол емес.

– Біздің ұстаным – тұтыну­шыларды несиелеуге байланысты тәуекелдерді реттеу керек. Биыл онсыз да қарыз алушының жүкте­месіне қатысты көп нәрсе қабыл­дан­ды. Бір реттік акциялар­ды қол­данғаннан гөрі несие­леу­дің тәуе­келдерін реттеген дұрыс. Оның үстіне былтыр несие ал­ғандарға белгілі бір көлем­де өтем­ақы бе­рілді, – деді О.Смоляков журна­листерге берген сұхбатында.

Еске сала кетейік, өткен жылы негізінен әлеуметтік осал топқа жататын адамдарға рақымшылық жасалды. Дәлірек айтсақ, кредиті кешірілгендердің қатарында көп­балалы, асыраушысынан айырылып, жәрдемақы алып отырған отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан мүгедек жандарды асырап отырған отбасылар, атау­лы әлеуметтік көмек алып отыр­ған азаматтар және жетім балалар болды.

Жоғарыда айтылғандай, былтыр қазақстандықтардың несиесін кешіруге жұмсалған қаржының бір бөлігі Проблемалық кредит­тер қорынан алынды. Қор төраға­сының орынбасары Іңкәр Төре­қожаеваның айтуынша, былтырғы амнистия елдің экономикасына оң серпін берді, тұрғындарға да тиімді болды. Алайда мұндай шараға иек арта беруге болмайды.

– Қор бір жыл бұрын Президент Жарлығына сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы 716 519 займды өтеу үшін 120,5 млрд теңге аударды. Бұдан бөлек кепілсіз алынған 1,4 млн тұтыну­шылық несиенің өсімпұлы мен айыппұлын өтеу үшін 10,1 млрд теңге бөлді. Осының бәрі қиын жағдайға тап болған тұрғындарды қолдауға жұмсалды. Мемлекет басшысы сол кезде-ақ мұның бір реттік акция екенін, одан әрі қайталанбайтынын атап өткен еді, – дейді І.Төреқожаева.

Оның пікірінше, банктер қарыз алушының төлем қабілетін өздері анықтайды әрі несие беру туралы шешімді де өздері қабылдайды. Бұл – дұрыс емес.

– Қазір халықтың қаржылық сауатының төмендігі өзекті мәсе­леге айналып отыр. Сондықтан банктер мен микроқаржы ұйым­дары­на несие беру туралы ше­шім қабылдар кезде қатаң талап­тар қойылуы керек. Несие ра­қым­шылығын қайталаудың да қажеті жоқ. Адамдар отбасылық шығынды дұрыс есептеуді үй­ренуі тиіс, – дейді ол.

 

Рақымшылық һәм масылдық

Экономист Әсет Наурыз­баевтың пікірінше, жыл сайын несие рақымшылығын өткізу қоғам үшін қауіпті. Себебі қоғам қақ жарылуы мүмкін.

– Салық төлеушілер неліктен банк алдындағы міндетін өте­мей­тіндер үшін шығындалуы керек? Біреу жағдайын жақсар­туға кредит алады екен, ал ол үшін салық төлеушілер неге қаржы жұмсауы қажет? Амнистия салықтың есебі­нен жүргізіледі. Салық сіз бен бізді полиция қорғап, ауруханаларда емделу үшін төленеді емес пе?! Халықтың ақшасы қайыр­лы істерге жұмсалуы керек. Ал аз қам­тылғандарды қолдау үшін атау­лы әлеуметтік көмек тетігі қарас­тырылған. Сондықтан несие рақымшылығы туралы әңгіме мүлдем қозғалмауы керек, – дейді Ә.Наурызбаев.

Экономист Қасымхан Қап­паровтың айтуынша, несие рақымшылығын қазіргідей пандемия кезінде халықты әлеуметтік қолдаудың бір құралы ретінде пайдалануға болады. Алайда мұның соңы масылдыққа ұласып кетпеуі керек.

– Кредитін өтей алмағандарды «қара тізімге» енгізудің өзі жағ­дайды реттей алмайды. Өйт­кені адамдар өзгелер арқылы несие рәсімдейді. Біреуі туысына, біреуі танысына өтініш білдіреді. Бұл жерде тепе-теңдікті сақтау керек. Егер амнистия қолданылса, онда қандай қағида бойынша және нендей жағдайда жүргізілетінін нақты көрсету маңызды. Рақымшылық бір реттік қана акция болуы керек. Адамдар әрдайым мемлекетке иек арта бермегені абзал, – дейді Қ.Қаппаров.

Қаржы сарапшысы Расул Рыс­мамбетов несие рақымшылығына бас қатырғанша, жеке тұлғалар­дың банкроттығы туралы заң қабылдау туралы ойланып көрген жөн дейді.

– Кредитті кешіруге қатысты екі дүниені айтуға болады. Бірін­шіден, банктер несиені кешіре алады. Тек ол үшін депозит иелерінен салымның пайыздарынан бас тарту туралы жазбаша келісім алуы керек. Яғни ам­нис­тия үшін салымшылар ақ­ша­­сынан айырылуы қажет. Әйт­­песе, банктер кредитті өз бе­тін­ше кешіре алмайды. Оларда он­сыз да ақша аз. Мемлекет қа­ласа, бәрін де реттейді, әрине. Бірақ бұл банктердің мүдде­сіне жұмыс істеу болмақ. Қар­жы инс­­титуттары үшінші бір тарап арқылы про­б­лемалық қарыздар­дан тазара­ды. Екіншіден, бізде осыған дейін берешегі жеке тұлғалардікімен салыстырғанда әлдеқайда көп ірі компаниялар мен банктердің қарызы кешірілді. Ендеше бұл жерде «Байлардың қарызы кешірілді, кедейлерге де рақым жасалсын» деген ұранды алға тартуға болады, – дейді Р.Рыс­мамбетов.

Байқағандарыңыздай, әзірше тараптардың үні әр тұстан есте­ліп тұр. Демек, ортадан ортақ үн шықпайынша, несие рақым­шылығына қатысты әңгіменің әлі біразға созылатын түрі бар.