Елбасы • 29 Қыркүйек, 2020

Елбасы Н.Назарбаев: Шамшырағы қайта жанған шаһар – Түркістан

818 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түр­кістан қаласына сапары барысында бірқатар жаңа нысандарды аралады. Жібек жолындағы ең көне шаһарлардың бірі Түр­кістан бүгінде инфра­құ­рылымы дамыған заманауи қалаға айналып келеді.

Елбасы Н.Назарбаев: Шамшырағы қайта жанған шаһар – Түркістан

Суреттер Елбасының баспасөз қызметінен алынды

 

Орталық Азия мен Тұран дала­сындағы ең көне қала Түр­кіс­тан кезінде Қазақ хандығының астана­сы болғаны мәлім. Тарихи дерек­терге көз жүгіртсек, мұнда сан мәрте ұлтымыздың тағдыры талқы­ланып, түрлі шешім қа­был­дан­ған. Қаланың іргетасы V-VІ ғасыр­ларда қаланып, атауы бір­неше рет ауысты, бірнеше рет іргесі сөгіліп, бірнеше рет қайта түледі. Қазақтың тарихы, Қазақстанның тарихы Түркістаннан басталады десек те қателеспейміз. Бүгінде Түркістан – еліміздің тарихы мен мәдениеті бай, адамдардың рухани күш жинауға келетін орны. Облыс орталығына айналған қала­да туризм кластерінің басым ба­ғыты, көлік инфрақұрылымы қо­лайлы жолға қойылған. Халық­аралық көлік магистралінің же­лі­сінде орналасқан көне шаһар­дың жаңаруы – халықтың ізгі ниет-тілегінен туындаған өзге­ріс. Иә, заманы туып, облыс орталығына айналған қастерлі шаһар енді ұлтымыздың рухын көтеретін келешегі кемел Түркістанға айналуда. Бүгінгі қарқынды құрылыс, салынған ин­вес­тиция елдің игілігі үшін атқа­рылып жатқан дүние екені мәлім. Ал Елбасының тарихи шешімі шежірелі шаһардың да­муы­на тың серпін берді. Елба­сының Түркістанға ерекше мәр­тебе беру туралы шешімі кез­дей­соқ емес екенін, ежелгі қаланың жаң­ғыруы мен жаңаруы даму жолы­мыз­дың дұрыстығын көрсететінін айт­қан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы ж­ұмыс­тары туралы және қоғамды тол­ғандырған мәселелерді шешуге байланысты ойын дәл осы Түр­кістанда бөліскен болатын.

 

Жаңа нысандар  туристерді тартуға мүмкіндік береді

Ел­басы Түркістанға сапары аясында алдымен халықаралық әуежайдың ашылу рәсіміне қа­тысты. Облыс орталығынан 16 ша­қырым қашықтықта орналасқан әуежай заманауи технологияларды қолдана отырып, халықаралық стандарттарға сай етіп салынған. Әуежай жалпы 900 гектар ау­мақты қамтиды. Терминал, ұшу-қону жолағы және басқа да нысандар салынған халықаралық әуежай құрылысын «YDA Group» компаниясы жүргізген. Туризмнің дамуына септігін тигізетін әуежай терминалы жылына 3 мил­лионға жуық жолаушыға қыз­мет көрсете алады. Әуежай терми­налының жолаушыларды өт­кізу мүмкіндігі – сағатына 450 жо­лаушы, аумағы – 10,5 мың шар­шы метр, ал ұшу-қону жолағы­ның параметрі 3300х45 метрді құ­райды. Сондай-ақ жаңа әуежай ғи­мараты әлемдегі ең жылдам са­лынған әуежай ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енуі мүмкін екені айтылуда.

Әуежайдың туризмді дамытуға үлкен септігін тигізері аян. Ал Түркістанның Өзбекстанға жа­қын­­дығын тарихи жағынан да, эко­номикалық жағынан да қарас­тыруға болады. Түркістанның инте­­грациялық жағдайы келісетін болса, сауданың орталығына айналмақ. Бұл орайда өткен жы­лы туризм саласын дамыту туралы Таш­кент облысының әкім­дігімен меморандумға қол қойылды, оның аясында жалпы туристік мар­шруттарды дамыту көзделді. Бұдан басқа «Узбе­кистон темір жолы» АҚ бас­қарма төрағасымен кездесу барысында «Түркістан-Ташкент» жоғары  жылдамдықты темір жол құрылысы туралы ме­морандумға қол қойылған болатын.

Түркістан облысының әкім­дігі мен Өзбекстанның ірі қала­лары­ның арасында белгілі бір бай­ланыс, жүйелі түрде ұйым­дас­­тырылған «туристік пакет» болса, сол туристерді тартуға бола­ты­ны айтылған-ды. Яғни Түркіс­танды рухани, интеллектуал­ды орталыққа айналдырып, ішкі туризмді де дамытуға болады. Міне, осы орайда темір жол вок­залы­ның ішкі жүйесі де заманауи талапқа сәйкестендірілді.

Сондай-ақ Түркістанға сапарында Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қолдауымен салынған «Түркістан-арена» спорт нысанын аралап көрді. Стадионның трибуналары жеті мың көрерменге ар­нал­ған. Ашық аренаның батыс және шығыс трибунасы бар. Со­нымен қатар акробатика, бокс және ауыр атлетика жатты­ғу залдары орналасқан кешен кә­сіби спортшылардың дайын­ды­ғына ыңғайланып салынған. Ста­дион­ның негізі футбол алаңынан, жеңіл атлетикаға арналған жабық аренадан тұрады. Осы арада ай­та кетелік, Елбасы аралап көр­ген жаңа нысан құрылысы 2019 жыл­дың қазан айында Қор мен Түр­кістан облысы әкімдігі арасындағы ынтымақтастық туралы қол қо­йыл­ған меморандум аясында бас­талған болатын. «Самұрық-Қазы­на» қоры әлеуметтік маңызы бар бес нысанды жуырда облыс әкім­дігіне тапсырды. Яғни әлеумет­тік бес нысан – атқарылған жұ­мыс нәтижесін көрсетеді. Нысан­дар­дың біріншісі – амфитеатр жыл басында пайдалануға бе­ріл­ді, қалғаны жуырда облыс әкім­дігі­не тапсырылды. Директорлар кеңе­сінің мүшесі, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов құрылыс барысында әкімдік тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілгенін атап өткен болатын. Өз кезегінде облыс әкімі өңірдің гүлденуіне қосқан үлесі үшін қорға алғыс айтқан-ды. «Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Түркістанды жаң­ғырту жөніндегі тапсырмасы аясында сіз басқарып отырған «Са­мұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры облыс орталығындағы әлеу­меттік маңызы бар бес нысанның құрылысын сәтті жүзеге асырды», деді Өмірзақ Шөкеев басқарма төрағасымен кездесуде. Қор салып берген бес әлеуметтік нысанның аймақ үшін маңызы зор. Мәселен, ха­лықтың рухани азығы үшін са­лынған Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы музейдің экспозициясы Ясауи мұрасынан мол сыр шертеді. Жалпы, музей аумағы 3000 шаршы метрді құрайды және 3 қабаттан тұрады. Облыстың білім саласын дамытуға үлес қосатын Оқушылар сарайы Түркістан қаласындағы балаларға қосымша білім беруге бағытталған. Нысанда зертханалы экологиялық-биологиялық музей, әртүрлі секция, роботехника, нанотехнология сияқты сыныптар бар. Қор тарту еткен нысанның бірі – Конгресс-холл өңірдегі көпфункционалды жалғыз кешен. Концерт, театрландырылған қойылым және басқа да іс-шара ұйымдастыруға арналған мәдени нысанда отырыс өткізетін зал, 1000 көрерменге арналған концерт залы, 1900 шаршы метр аумақты алып жатқан көрме алаңы бар. Аталмыш ғимаратты аралап көру кезінде Нұрсұлтан Назарбаевқа «Жаңарған ел – бақ қонған ел» бейнеролигі көрсетілді.

Елбасы Түркістанға сапары кезінде барған нысандардың тағы бірі Rixos Turkistan – отан­дық ин­вестор қаражатына салынған, әлем­дік деңгейдегі қонақүй. Қаланың туристік инфрақұрылымындағы ма­ңыз­ды нысандардың бірі саналатын қонақүй құрылысын белгілі кәсіпкер, меценат Серікжан Сейітжанов қаржыландырған. Іргетасы Түркістан қаласының ту­ған күніне орай қаланған 120 орын­ға арналған қонақүйде 3 бір­дей мейрамхана, SPA салон, кинотеатр және іскер топ өкіл­дері үшін бизнес-орталықтар бар. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы дала елі» орта­лы­ғында болып, «Ұлы дала металлургиясы», «Ұлы даланың атқа міну мәдениеті», «Алтын адам және аң стилі» және «Қазақстан – түркі әлемінің бесігі» атты экспо­зициялық кешендермен таныс­ты. Түркістан шаһарын түлету мақ­сатында еліміздің әрбір облысы бір нысаннан тарту етіп отырғаны белгілі. Соның бірі Атырау облысы әкімдігі киелі Түркістан же­ріне сәулет өнерінің үздігіне ай­налар «Ұлы дала елі» рухани орталығын тарту етті. Орталықта Қазақ хандығының құрылғанынан бастап, жаңа дәуір дамуына дейінгі әртүрлі тақырыпты ашатын 9 тарихи-заманауи зал ашылмақ.

1

 

Киелі қала дамудың даңғыл жолында

Иә, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев осыдан екі жыл бұрын, яғ­ни 2018 жылғы 29 қыркүйекте Түр­кістан қаласын дамыту мақса­тында өңірлер, ұлттық компания­лар және бизнес өкілдерін 26 нысанның құрылысын іске асыруға шақырған болатын. Сол жиында мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге үнемі қолдау көрсетілгені, енді олар да елдің дамуына үлес қосуы керектігі баса айтылып, Түркістан қаласына қандай нысандар қажет екені айқындалды. Нақтырақ айтсақ, әкімшілік-іскерлік орталығында – 15, тәрихи-мәдени орталықта – 9, «Әзірет Сұлтан» тарихи мәдени қорығы аймағында – 2 нысан. Белгіленген жос­парға сай орындалып келеді. Мысалы, 26 нысанның өткен жылы 9-ы пайдалануға бе­ріл­ген. Бүгінгі таңда 11 нысан­ның құрылысы аяқталған, 4 нысан құрылысы жылдың соңына дейін пайдалануға берілмек, ал 2 нысан 2021 жылға өтпелі.

Атап айтар болсақ, әкімшілік-іскерлік орталықтағы құрылысы жүргізілген 15 нысанның 4-еуі, яғни облыс әкімдігінің ғимараты (BI Group), халыққа қызмет көрсету орталығы (Павлодар облысы), музыкалық мектеп (БҚО) және  олимпиадалық резервке арналған спорт мектебі (СҚО) өткен жылы пайдалануға берілді. Ал биыл басқарма, департаменттер ғи­ма­раттары (BI Group), медиа ор­талық (Алматы қаласы), Нұр-Сұлтан алаңы (Нұр-Сұлтан қаласы), қалалық саябақ (Алматы, Ақмола, Қарағанды облыстары) және «Самұрық-Қазына» АҚ тарту еткен бес нысан – Оқушылар сарайы, 7000 орындық стадион, конгресс орталығы, цифрлық кеңсе, бассейні бар спорт кешені сынды 10 нысанның құрылысы толық аяқ­талған. Қазір пайдалануға қабыл­дау жұмыстары жүргізілуде. Смарт сити байланыс желілері (Қазақтелеком) құрылысын жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ рухани-мәдени орталықта 9 нысанның 5-еуі өткен жылы пайдалануға берілсе, биыл Қ.А.Ясауи мұражайы құры­лысы толық аяқталған. Қалған 3 нысан – әмбебап кітапхана (Шым­кент қаласы), Ұлы дала елі орта­лығы (BI Group, Атырау облысы), драма театр (Ақтөбе облысы, Түр­кістан облысы) құрылысын қараша айының соңына дейін аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, «Әзірет Сұлтан» қорығының айналасын абаттандыру, Күлтөбе қалашығындағы тарихи нысандарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Елбасы журналистерге берген сұхбаты барысында бүкіл облыс әкімдеріне, компанияларға берілген тапсырманың бәрі орындалып келе жатқанын айта келе, Түркістанды дамытуға атсалысқан барша азаматтарға ризашылығын білдірді. Бұл елге, халыққа салған инвестиция екенін атап өтті.

1

Түркістанның дамуы бағы­тын­да атқарылған жұмыстар, ер­теңгі жүзеге асырылар жобалар «Сапар орталығында» баяндалды. Еліміздің туристік әлеуетін жоға­рылату және осы саладағы кадр­лық әлеуетті арттыру бо­йынша Елбасы берген тапсыр­маның орындалу барысы ту­ралы баяндаған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райым­құлова 2030 жылға қарай турис­тер­дің әлеуетті ағыны 3,5 млн адам­ды құрайтыны болжануда еке­нін атап өтті. «Осыны назарға ала отырып, Сіз берген тапсыр­ма­ны орындау мақсатында Халық­аралық туризм және спорт универ­ситеті Түркістан қаласында бой кө­терді. Университет жалпы ауданы 12 мың шаршы метрден асатын заманауи құралдармен жаб­дықталған ғимараттармен қам­тамасыз етілген. Олар: шығыс стилінде жасалған бас корпусы, жатақ­ханасы бар оқу ғимараты және спорт­тық жаттығу орталығы. Биыл 588 студент білім ала бастады. Олардың 22-сі «Алтын белгі» иегері, 45-і халықаралық спорт жарыстарының жүлдегері. Бірінші жылы университетте 11 ғылым және PhD докторлары, 5 «Болашақ» бағдарламасының түлектері мен 4 шетелдік профессор онлайн режімінде сабақ беріп келеді. Стратегиялық серіктестік орнату мақсатында жетекші уни­вер­ситеттердің үздік әлемдік тәжі­рибесі негізінде нарықтың нақ­ты қажеттіліктерін ескере оты­рып, Аустрия, Сингапур, Түр­кия, Малайзия сияқты бірқатар елдегі танымал шетелдік білім беру меке­мелерімен келісім жасалды», деді министр. Сонымен қатар министр тәжірибеге бағытталған білім беру әлеуетін арттыру үшін Елбасы тапсырмасымен салынған туристік инфрақұрылымдық объек­ті­лерде және беделді туристік ұйым­дарда университеттің түлек­тері келісімшарт негізінде жұмыс атқаратынын айтып өтті. БҰҰ жа­нындағы Дүниежүзілік Турис­тік Ұйымның Испания мен Пор­тугалиядан кейінгі әлемдегі үшінші Халықаралық білім беру орталығын Түркістанда құруы тура­лы келісім – маңызды жетістік­тердің бірі. Министрдің мәлімдеуінше, келісім аясында студенттер мен оқыту­шылар алмасуы, ғылыми-зерттеу орталығын құруы және Ха­лық­аралық TedQual UNWTO стан­дарты шеңберінде білім беру бағдарламаларын серти­фи­­кат­тауға мүмкіндік береді. Осы­лай­ша, қосарлы білім беру, тәжіри­беге бағытталған оқыту, тіл ор­талығы, қос дипломды бағдарлама сияқты заманауи әлемдік үздік әдістерді қолдану – түлектерге тео­риямен қатар терең практикалық білім алуға және еңбек нарығында сұранысқа ие болуға жол ашады.

«Сапар орталығында» сөз алған Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов облыс орталығын, туризмді дамыту бағытында қолға алынған жобаларға тоқталды. Олардың қатарында «Қасқасу» туристік-рекреациялық кешені» тау инфрақұрылымының жобасы да бар екенін айтып өтті.

Ал Қазақстанның Тұңғыш Пре­­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев Түр­кістанда саммит, музыкалық фес­тиваль және жастар форумын өткізу керегін айтты. «Бүгін біз Түр­кістандағы жаңа нысандармен таныстық. Бұл нысандар қаланың көрікті орнына айналып, қала тұр­ғындарын, қазақстандықтар мен әлемдік туристерді тартуға мүм­кіндік береді. Түркістандағы ауқымды құрылыс Қазақстандағы халық тығыз қоныстанған өңірдің дамуына жаңа экономикалық серпін береді. Қаланың 163 ірі нысанының құрылысына 450 миллиард теңге тікелей инвестиция тартылды», деді Елбасы. Сондай-ақ Н.Назарбаев соңғы жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілері саны 20 пайызға арт­қанын, биылғы жылдың қоры­тын­дысы бойынша қалада 750 мың шаршы метр тұрғын үй пай­да­лануға берілетінін айтып өтті. «Мен мұнда саммит болады деп ой­лағанмын. Алайда әлемдегі жағ­дайға байланысты ол кейінге қалдырылды. Егер бәрі жақсы болса, біз наурызға қарай осы сам­митті өткіземіз», деді Елбасы жур­налистерге. Сонымен қатар Н.Назарбаев қала тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз етудің маңызды еке­нін атап өтті. «Біз мұнда ЕАЭО мем­лекеттері басшыларының сам­митін және Ресей – Қазақстан өңіраралық саммитін өткізуге да­йындалуымыз керек. Мұнда жыл сайын музыкалық фестивальдар, жастар форумдарын өткізу қажет. Түркістанды тезірек таныту керек. Бұл – тарихи қала, түркілердің қаласы. Түркістан – шамшырағы қайта жанған көне шаһар», деп түйіндеді сөзін Н.Назарбаев.

1

 

Түркістан облысы