Сұхбат • 29 Қыркүйек, 2020

Хамит Шаңғалиев: Бізде жасанды әндер көп

805 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Былтыр Junior Eurovision ән байқауында Ержан Максим жүлделі орын алғанда өнерсүйер қауымның қуанышында шек болмаған. Биылғы Польшада өтетін халықаралық додада еліміздің атынан Қарақат Башанова бақ сынамақ. Әншінің бағын асыратын әдемі ән екені даусыз немесе нақышына келтіре орындалған ән әншіні танымал етпек. Ал осы қос дарынның жұлдызын жаққан композицияның авторы былайғы жұртқа беймәлім. Дүбірлі додаға қызу дайындық арасында композитор, музыкалық продюсер Хамит Шаңғалиевті аз-кем әңгімеге тарттық.

Хамит Шаңғалиев: Бізде жасанды әндер көп

– Сіз сахнаға дайындаған шә­кірттер тек жеңісімен қуан­тып келеді. Ендігі дайын­дық барысы қалай?

– «Junior Eurovision-2020» бай­қауының ұлттық іріктеуі төрт кезеңде өтті. Осы байқауда Қа­ра­қат Башанова мен Әйкерім Тілеубек есімді екі балаға арнап ән жаздым. Өздеріңіз куә болғандай, қазылар алқасы мен онлайн дауыс беру арқылы Қа­рақат жеңіске жетті. Алда үл­кен жарыс, бір сәтке босаңсып кетпей дайындықты пысықтап жатырмыз. Жалпы, мұндай бай­қау­лардың кішкентай балалар үшін маңызы зор. Неге десеңіз, балаға жауапкершілік жүктеу олардың өзіне деген сенімін ар­ттырады, биік мақсаттарға жеткізеді.

– Қарақаттың орындауын­да­­ғы «Әке» туралы әнді көрер­мен қа­уым тебірене тыңдады. Ән­­­­нің шы­ғу тарихын айта отыр­­­­саңыз.

– Үміткерлермен алғаш кезік­кенде ән туралы мүлде әңгіме қозға­маймын. Әуелі техникалық әзірлігін тексеремін, яғни дауыс диапазоны қандай, қай нотада өзін еркін сезінеді, қай нотада қиналады деген тұстарын білуге тырысамын. Қарақаттың музыканы түйсікпен ұғыну қабілеті жоғары екеніне көзім жетті. Музы­калық дайындығы мығым, әуенді естіп тұрып-ақ қай нота екенін жатқа біледі. Ұнады. Со­дан соң «Қарақат, егер сен финалдан өтіп, Польшаға қатысуға жолдама алдың делік. Үлкен сахнада тұрғанда сені миллиондаған халық көреді. Бүкіл әлем тың­дайды. Сол уақытта халыққа әнің­мен не айтар едің? Жан дүниеңде қандай ой тұр?», деп сұрадым. Ойланып тұрып, «мен әнді әкеме арнағым келеді», деді. Әлдене сезгендей болдым. Көзі жасаурап сөйлей алмай қалды.  Қасында әжесі тұр екен, «әкесі бес жыл бұрын қайтыс болды», деді. Тура менің жайыма ұқсас болып шықты. Өз әкем дәл бес жыл бұрын өмірден қайтқан еді. Тіпті өмірден қайтқан айлары да сәйкес. Қарақатты өнерге баулыған әкесі болса, мені де қасынан бір елі қалдырмай ертіп жүріп, ән үйреткен әкем еді. Құдай өзі қосқандай. Әкем өмір­ден өткелі бір ән арнағым келіп, ойдағыдай шықпай қала ма деп қорқақтап жүргенмін. Көкейімде сарнап тұрған әнді, жаза салу қиынға түсетін. Ал Қарақат сол әнді менің жанымнан суырып алғандай еді. Сондықтан әке туралы шынайы ән жазылды, ал оны Қарақат шебер орындап шықты. Бұл әннің шығу тарихы, өзіне тән тағдыр жолы осындай.

1

– Шығармашылығыңызға қарай ойыссақ, ән қоржы­ны­ңызда қанша шығарма бар? Жалпы, алғашқы тәжірибеңіз қалай басталды?

– Ең алғаш жекеменшік, ша­ғын студияларда жұмыс істеп жү­ріп, ән өңдеумен айналыстым. «Дос-Мұқасан» тобынан бастап, Қайрат Нұртас болсын, Маржан Арапбаева, Мәдина Сәдуақасова, Ринго тобы, Муз-Арт тобы дей­сіз бе көбінің әнін өңдеп, сах­наға ықшамдадық. Былтыр Ер­жан Максим Junior Eurovision байқауынан «Арманыңнан қал­ма» деген әнмен екінші орын алып келді ғой. Осы әннен соң маған көп ұсыныс түсті. «Ер­жандыкі сияқты кең ауқым­ды ән жазып берші», деп Роза Қуа­нышқызы хабарласты. Одан бө­лек елімізде тұңғыш рет өт­кен VII Қысқы Азиада, 2017 жыл­­ғы Дүниежүзілік қысқы Уни­­версиада, халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде бір кісідей атсалыстым. Жуырда ғана Астана Балет театрының ұсынысымен «Сұлтан Бейбарыс» балетіне арнап музыка жаздым. Әрбір сахналық образдың му­зыкалық сипатын жасау оңай емес, ғұмырнамалық тұлғаны сахналау жаңа тәжірибе болды.

– Ал Ержанға ән жазуға ұсы­ныс қалай түсті?

– Ержан Максим Junior Eurovision-ға қатысып жатқа­ны­­нан хабарым болды, бірақ дәл маған «ән жазып берсең» деп еш­кім маған айтқан жоқ. Со­дан бір күні Ержанға сабақ бер­ген Эльмира Ахмедиярова деген ұс­тазы бар еді, сол кісі хабар­лас­ты. «Ержан Максим үлкен бай­­қауға қатысып жатыр, ән жазып берші», дейді. Келістім де, өзімде бар дайын бір­неше ән нұсқаларын жібердім. Бірден ұнатты. Бірақ Ержан ұнат­қан ән сатылып кеткен екен, ол есімнен шығып кетіпті. Қалай қайтарамыз деп иесіне шығып едік, бере қоймады. Содан Ержан­ның дауыс ерекшелігін анықтаған соң, дереу іске кірісіп кеттік. Ән жазар алдындағы ең қиын нәрсе идеясын анықтау. Қандай бағытта жазамыз? Бірақ Ержан не керектігін бірден айтты. Өзінің өтінішімен Дисней стиліндегі кең ауқымды ән 3-4 күнде жазылды.

– Кәсіби даму жолында сізді т­анытқан қандай жұмы­сыңыз­ды атар едіңіз?

– Негізі өзім Батыс Қазақстан облысына қарасты Жосалы ауылында туып-өскенмін. Кішкентай кезімде әкем баян тартып, мен ән айтып концерттерге шығатынбыз. Шешем ауыл мектебінде музы­ка пәнінен сабақ берді. Сол Жо­салыда мектеп бітірген соң, Орал­дағы Батыс Қазақстан Мем­лекеттік университетінде музы­ка бөлімін аяқтап шықтым. Пе­дагогпын. Кейін астанаға ауысып, Жастар театрына жұмысқа орналастым. Ұмытпасам 2003 жылдары болуы керек, 5 мың тең­геге аранжировка жасап жү­ретінмін. Қала күні сияқты мерекелерде әртүрлі тапсырыстар ала бастадым. Бір күні Төлеген Мұхамеджанов ағамыз хабарласып, «Жерұйық» атты рок-операсын оркестрге лайықтап, аранжировкасын жазып беруімді сұрады. Тұтас бір сағаттық рок-опера.  Алғашқы үлкен жұмысым осылай басталды. Содан кейінгі үлкен жұмыстарымның бірі ре­тінде Қазақ хандығының 550 жыл­дығына қатысуымды ай­тар едім. Онда Италиядан келген режиссерлермен тізе қосып жұмыс істедік. Әрі қарай біртіндеп жолым ашылып кете барды. Көбіне музыкадағы кіріспе рөлін ойнайтын үлкен музыкалық шы­ғарманың қысқа бастапқы бөлігі аталатын интро, пролог сынды дүниелерді жаздым.

– Тыңдарман ән мен әншіні жақсы таниды, бірақ аранжировка жасайтын мамандарды неліктен біле бермейді?

– Бұл баяғыдан келе жатқан өзекті сұрақ. Әншілерге аранжировка жасап жүргенде сахнаның арғы жағында не болып жатқаны маған ғана аян. Ең әуелі әншінің дауысын жазасыз, неше мәрте дубль жасалады. Түзетесің, күзе­тесің, бояу қосасың. Әншілер әде­мі болып сахнаға шыға келгенде бәріне ұнайды, қолдау-қошеметке ие болып жатады. Ал соның артындағы қара жұмысты істейтін аранжировка мамандары көлеңкеде қала береді, жұмыстары байқалмайды.

– Әншілер өз кезегінде есім­деріңізді атап, рахмет айтуды неліктен ұмытып кетеді?

– Біреулері айтады, біреулері үндемегенді жөн көреді. Ақысын төлеген соң есеп айырыстық деп кете береді немесе жарнама жасағысы келмейді. Енді бірі өзінің ғана меншігі санап, «мен ғана жұмыс істеймін» деп қызғанып, тығып ұстайды. Біздегілер көбіне аранжировканы кім жасайды, музыкалық продюсердің міндеті қандай деген қарапайым дүниені ажырата алмай жатады. Мысалы, «Жазда апамның аулына, Барып едім қыдырып» делік. Бас қандай, барабан қандай партия ойнайды, қағазға нотамен жазып беремін – мұны аранжировка дейді. Содан кейін дыбысталу қатарын жинап, скрипканы барабанға қосып, гитараны жазып, талғаммен екшеп, қазіргі соңғы заманауи дыбыстар мынадай деген қадаммен жүрсеңіз, бұл – продюсерлік жұмыс.

– Жалпы, балаларға арнал­ған ән, ересектерге арналған ән деп бөлуге бола ма?

– Владимир Шайнский деген композиторды естуіңіз бар ма? «Каждому, каждому в лучшее верится, Катится, катится го­лубой вагон» немесе «От улыб­­ки хмурый день светлей, От улыбки в небе радуга прос­нет­ся», дейді. Кілең жайдары, мейірімді әуендерді әкелді. Қа­зір ше? Бізде ондай композиторлар жоқ, өйткені сұраныс жоқ. Балалар қазақша контент жетіспегендіктен интернетке кіреді де орысша, ағылшынша әндерді тыңдауға мәжбүр. Мы­салы, «Қошақаным қайда екен» деп теріңізші, 5 миллион рет тың­далған. Музыкасын, аранжировкасын, орындалуын тыңдап көріңізші. Анадай әннен кейін тіпті өмірден баз кешіп кетуге болады. Кішкентай балалар түсінбегеннен соң, еріксіз тыңдап жүр. Аккорд, өзара үйлесімі, үн­десе жарасуы, әннің ырғағы дегеннен жұрдай.

– Тілді бойға ең жақсы сіңі­ретін құрал – ән. Baby Shark деген әнді қазір кез келген екі жас­­тағы баладан сұрасаңыз жат­­қа соғады. Балаларға ар­нал­ған қазақ тілінде жөнді әннің жоқ екен­дігін өзіңіз де айтып отырсыз. Бұл тығырықтан шығуға бола ма?

– Әрине реттелетін дүние. Кейінгі шығып жатқан шетелдік мультфильмдердің музыкасын тыңдап, өзімізді салыстырып көрейікші. Бізде осындай балалар әні бар ма? Жоқ. Сондықтан мұның күрделі ештеңесі жоқ. Тек мемлекеттік деңгейде назар аударылуы қажет, ән жазуға мүм­­кіндік тудыруы керек. Әйт­песе бетімен кетіп жатқан дүние көп. Балаларға арналған түрлі контентті көбейтуді мақсат ету бағытында танымдық, ағарту-насихат жұмыстары өте қажет. Өз балама әдейі қазақша қойып беремін, қызықпайды. Біздегілер балаларға осы да жарайды деген немқұрайлықпен істейді, я болмаса қиындатып, күрделендіріп жібереді.

– Музыкант қандай музыка тыңдап жүр?

– Мен ешкімді тыңдамауға тырысамын. Өйткені жатталып қалған әуенді жұмыс кезінде абайсызда ұрлай бастаймын (күліп). Әйтпесе ұнайтын ән­шілер бар, соул әнші Стиви Уан­дер, Boyz II Men квартеті, соңғы Джейсон Деруло мен Билли Ай­лиштер шынайылығымен тар­тымды. Батысты айта берді демеңіз, олар жасандылықтан ада. Бізде жасанды әндер көп. Ол дегеніміз не? Кенет бір әнші сазгерге келеді де әуен таңдап ала­ды. Кейін оны алып-ұшып сөз жаздыртуға бір ақынға алып барады. Жөпелдемеде жазылған ән мен сөзде қандай мағына болады? Леди Гаганы жұлдыз дейміз, өйткені ол өзінің жанынан шыққан идеясын іске асырады. Қанаттас, мұраттас жандармен бірлесе жұмыс істейді. Халық құрметтесе, осы шынайылығы үшін қадірлейді. Z ұрпақтың жұл­дызы саналатын Билли Айлиш ешкімді қайталамайтын мінезімен дараланады. Орындайтын әнде­рінде өзінің өмірі жатыр. Еш ай­қайсыз, ешкімге ұқсамайтын бағыты бар. Жүріс-тұрысы да бөлек, жастарға сонымен ұнайды. «Грэмми 2020» сыйлығын алған кезде сахнаға шықты да «рахмет» деген жалғыз ауыз сөз айтып түсіп кетті. Болды. Қазіргі жас­тар сөй­легісі келмейді. Осыны дөп басты.

– Алдағы жоспарыңыз қан­дай?

– Жоспар қоймаймын, бәрін Аллаға тапсырамын. Ән жазу керек пе, жазылады. Керек емес пе, жазылмайды. «Құдайды күл­діргің келсе, жоспарыңды айт», деген. Жоспар емес, арманым бар. Біздің Қазақстан Дисней, Нетфликс сияқ­ты тамаша мультфильм тү­сірсе, ғаламат музыкалар жазса деген арманым бар. Өзім ауылдың баласы болған соң ауылдың балаларын жақсы түсінемін. Ұялшақ, ұяң. Пысық балалар өзі де бір жерді жарып шығады. Ауылда небір талантты балалар бар, соларға көмектескім келіп тұрады. Былтыр Ержан Максим байқауға қатысқанда тәуелсіз қазылар түгел Ержанды қолдап дауыс берді. Ержанның орын­дауындағы менің жазған әнім бірінші орында тұрды. Байқаудың екінші сатысында әр ел өзі дауыс беруі тиіс еді. Сол дауыс беру кезінде қазылар бағасымен бірінші орында тұрған Қазақстан екінші орында қалып кетті. Көпшіліктен сұрайтыным, елдігіміз, береке-бірлігіміз сыналар осындай сәттерде немқұрайлы қалмасақ екен. Соған ішім ашиды.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Ая ӨМІРТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»