Руханият • 29 Қыркүйек, 2020

Қазақ тілін төрге шығаратын уақыт жетті

937 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Аңсаған тәуелсіздікке біз ана тілімізден, салт-дәстүрімізден, санамыздан, жадымыздан біржола айырыла жаздап жеткен халықпыз. Бұрынғы Кеңестер Одағында ұлт республикаларының барлығында, астанасынан бастап барлық үлкен қалаларында, елді мекендерінде ұлт тіліндегі балалар бақшалары мен мектептерін аштырмау, шектеу, барларының өзін орыс тіліне көшіру саясаты күшті қарқынмен, үздіксіз, жүйелі, қатаң жүргізілді. Бұл саясат өзінің нәтижесін берді.

Қазақ тілін төрге шығаратын уақыт жетті

Бүкіл Кеңес Одағында ұлттары бас­қа болғанымен, тілдері орысша жаңа ұр­пақ өсіп, жетіліп, қалыптасты. Мұны біз өз өмірімізден де жақсы білеміз. Ал­ма­тыда, облыс орталықтарында қазақ тілін­дегі балабақша мүлдем болмады, не­гі­зінен шопандардың балаларын оқыту үшін ашылған бір-бір мектеп-интернат қа­на болды. Қазақша балабақша мен мек­тептер тек кейбір облыстардағы қа­зақтар қалың отырған ауылды жерлерде ғана сақталып қалды. Өткен ғасырдың жет­пісінші жылдарының басында Алма­тыда Шона Смаханұлы бастаған жазушы­лар күресіп жүріп әрең аштырған ша­ғындау ғана жалғыз балабақшасы болды. Алматыға келген бір сапарында Шың­­ғыс Айтматов ағамыздың: «Сіздер қай­­та жақсы екенсіздер. Біз, қырғыз зия­­лы­лары Фрунзе шаһарында қырғыз ті­лінде балалар бақшасын ашу керек деп мә­селе көтеріп, біраз жылдан бері еш нә­ти­же шығара алмай келе жатырмыз», – деген сөзін құлағымызбен естіген едік. Сөй­тіп, қалада өскен жастардың бәрі орыс тіліндегі балабақшалары мен мектептерде тәрбиеленгендіктен ана тілін білмейтін, немесе шала білетін «асфальтта өскен» балаларға айналды. Бүгінгі таңдағы Пре­зидент әкімшілігін­де, Министрлер Кең­се­сінде, парламент аппаратында, министр­ліктерде, қала әкім­діктерінде, соттарда, прокуратурада, басқа да жауапты орындарда қызмет атқаратындардың дені солар. Күнделікті өмірде, кеңседе, лифтіде, көшеде бәрі бір-бірімен орысша сөйлеседі. Үйлерінде балаларына қазақша үйрете алмайды. Сондықтан көпшілігі бүгінге дейін балаларын орыс мектебіне берумен келеді. Қазақ тілі олар қызмет атқаратын жоғары лауазымды кеңселерімізге кіре алмай, әлі күнге босағадан сығалауда.

Елбасымыздың кешегі Кеңес Одағы ыды­раған қиын кезеңнен елімізді аман-есен алып шығып, қазақ халқын әлем та­ныған халыққа, Қазақстанды әлем та­ны­ған елге айналдырудағы еңбегі бар­шаға аян. Бірақ ұлтымыз, халқымыз, мем­ле­кетіміз тарих сынынан әлі де толық өтіп болған жоқ. Біздің бүгінгі ұрпақтың мой­нында қарыз болып кетпеуге тиіс аса жауапты міндеттер күн тәртібінде әлі тұр. Ол – жерімізді ешкімге бермеу, тілі­мізді, ұлттық салт-дәстүрлерімізді, мем­лекеттігімізді берік сақтау, жер бетінен ұлт, халық ретінде жойылып кетпейтін ел болып қалу.

Біз бүгінгі өзінің ата-бабасының елін­де, жерінде, қазақ отбасыларында туып, өмірге келіп жатқан сәбилерді ана тілі­міздің уызына жарып өсу бақытынан неге айырамыз? Олар өз елі мен жерінде болғанымен, орыс тіліндегі балабақша, мектепке бару арқылы ана тілін білу бақытынан мақұрым қалып, ана тілімізге шорқақ болып өсіп келеді. Қазақстанда туып өссе де орыс тілі олардың ана тілі болып қалыптасуда. Бұл – нонсенс, қи­сынсыздық, жөнсіздік, мемлекет құ­рау­шы халыққа, мемлекет тіліне жасалып отырған қиянат. Мұны осылай қалдыра беру – өз халқыңның, ұлтыңның, еліңнің тамырына балта шабу деуге болады. Өйткені бірлігі бекем, тұтастығы берік, келешегі кемел ел болу үшін ол мемлекеттің барлық халқын топтастыратын, бауырластыратын, рухани туыс­тастыратын – сол жердің ежелден бергі киесі, иесі, сол жерді ғасырлар бойы мекендеп келген бағзы халықтың тілі мен мәдениеті болуы керек. Қазақстанда ол – қазақ тілі. Бұған дауласатын да, таласатын да негіз жоқ.

Қазір Орталық Азия елдеріндегі, бұ­рынғы Кеңестер Одағынан бөлініп шық­­қан мемлекеттердің арасындағы мем­лекеттік мекемелері мемлекеттік тіл­де сөй­лемейтін жалғыз ел – Қазақстан болып отыр. Тәуелсіз ел бола тұра өзінің мем­лекеттік тілін, ана тілін білмейтін, түсін­бейтін, сол тілде сөйлесе алмайтын ұрпақ өсіріп жатқанымыз ақылға сыймайтын іс. Бұған жалпақшешейлік жүрмейді. Егер бұдан әрі де осылай қалдыра бере­тін болсақ, бұл – өзің отырған ағаштың бұтағын өзің кесумен бірдей тіршілік болмақ. Бұл – халқымыздың бүгінгі буы­ны – біздің мойнымызға артылып отырған үлкен міндет. Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанда тұрамын, халыққа, ел­ге қызмет етемін деп талпынатын әр­бір жас үшін, қызметкер үшін қойыла­тын басты талап болуға тиісті. Қазақ тілін төр­ге шығару – мемлекет құраушы ұлты­мыздың, қалың қазақтың әлі күнге жүзеге аспай келе жатқан асыл арманы. Отанымызда, қазақ топырағында дүниеге келген әр сәбиге ана тілін, мемлекеттік тілді үйрету – қоғамның, мемлекеттің тікелей міндеті. Латын әліппесіне де бөл­мей-жармай түгел көшуіміз керек.

Бүгінгі таңдағы ұлтымызды ұйытатын ұранымыз да, еліміздің ішкі ынтымағы мен бауырмалдығын арттырып, іргесін нықтап бекітіп, алдағы кезеңде, таяу жылдарда жүзеге асыратын қадамымыз да мемлекеттік тілімізді шын мәніндегі өзінің лайықты төріне, заңды орнына оздырып, көсегесін көгерту болса керек. Бүгінгі таңдағы бүкіл қазақ хал­қын алаң­дататын, алаңдатып отырған мә­селе – осы. Мұны біз әрі-беріден соң тым ке­шіктіріп жібердік. Қолға алып, жүзеге асыратын кезең әлдеқашан келген еді. Осыны ешқандай айқай-шусыз, дау-дабырасыз, Қазақстанды мекендеген, оны өзінің Отаны санап, бірге туған бауырлардай болып тұрып жатқан барлық ұлт өкілдерінің түсінушілігін, ризашылығын тудыра отырып, ел иесі, жер иесі болып табылатын халқымыздың айналасына берік ұйыстырып, елі бай, жері бай, жаңа ғасырда жаңа қарқынмен өсіп-өркендеуге қажетті мүмкіндіктердің бәрі бар сүйікті Отанымызды шын мәніндегі құт мекенге, ұжмақ елге айналдыруға мемлекетіміз бен барша жұртымыз бірігіп жұмыла кірісетін уақыт жетті.

Республикамыздағы қалаларда, бас­қа ұлттар көбірек қоныстанған өңірлер­де, өзге ұлт өкілдерін айтпағанда, қа­зақ от­басыларының біразының арасын­да әлі күнге дейін орыс тілінің тоңы сіре­сіп жатыр. Оларға қазақ тілін кім үйрете­ді, қалай үйретеді, үйрете ала ма, жоқ па, бел­гісіз. Бірер жыл бұрын газеттен: «Осы­­ған дейін Петропавлдағы 20-ға жуық балабақшалардың біреуі ғана таза қа­­­зақ тілінде болып келсе, таяуда осындай тағы бір балабақша ашылды!» – деген сүйінші хабар оқығанымыз бар-ды. Республиканы тұтас алғанда қалалардағы қазақ тілінде оқытатын мектептер саны «Егемен Қазақстанда» шыққан дерек бойынша (12.10.2013 ж.) небәрі 15 па­йызды құраған екен. Республикадағы ұл­ты қазақ балаларының 37 пайызы сол кезге дейін орыс мектептерінде оқып келіпті. (Қазіргі деректер біздің қолы­мызда жоқ). Мемлекет тарапынан нақты әрекеттер жасалмағандықтан сол үрдіс әлі күнге жалғасып келеді. Орыс тілді мектептер латын әліппесіне көшпей, ки­риллицада қала береді дегелі бұл тенденция күшейе түскен тәрізді. Мәжіліс депутаты Р. Халмұрадовтың бірер жыл бұрын Үкіметке жолдаған сауалында елі­мізде орыс тілінде сабақ беретін 1700-ден аса мектеп бары айтылды. Оны біті­рушілер ағылшын тілінде әжептәуір сөйлеп шығады, ал қазақша екі сөздің басын қосуға қиналады. Орыс тілді мектептерде қазақ тілінен дәріс беретін білікті ұстаздар жетіспейді. Олардың сапасы өте төмен. Орыс мектептерін бітірген бала­лардың қазақ тілінен тапсырған тест жауаптары қорытынды балда есепке алынбайды. Сондықтан оларда оқитын балалар қазақ тілін шындап үйренуге құлықсыз. Нәтижесінде осы уақытқа дейін қазақ тілін білетін қазақтар ғана бір-бірімен қазақша, ал тіл білмейтін қандастары­­мен де, орыстармен де орысша сөйлесу­мен ке­леді, соған мәжбүр. Не өзгерді? Түк өз­­­гер­ген жоқ. Сөйтіп, Қазақстан халқы (со­­ның ішінде қазақ халқы да) келешекте тіл жөнінен қазақшаны білетін және біл­мейтін болып екі жікке айрылғалы тұр. Өте қауіпті тенденция. Еліміздегі 10 мың­ға жуық жетім және жартылай жетім ұл-қыздар тәрбиеленетін балалар үйле­ріндегі оқу-тәрбие жұмыстары да негі­зі­нен орыс тілінде жүргізіліп келе жат­қан­дықтан, олардың түлектері де қазақ тілін үйренбестен өмірге қадам басуда.

Тәуелсіздік алғаннан бергі өткен отыз жылға жуық уақыт мемлекеттік тіл сая­сатын жүзеге асыруда, мемле­кет­­­­тік тіл мәртебесін нығайтуда жеке­ле­­­ген аза­­маттардың немесе қоғам­дық бір­лес­тік­­тердің ғана күш салуы жет­кілік­сіз­ді­гі­не, бұл мәселеде мемлекеттің өзінің те­геу­рін­ді ықпалы басым болуға тиіс еке­ніне то­лығынан көз жеткізді. Өйткені шынтуайт­тап келгенде тек мемлекет қана жас ұрпақтың мемлекеттік тілде тәрбие алуы, мемлекеттік тілдің қоғам өмірінің бар­лық саласында қолданылуы мәселесін ла­йықты түрде шешуге қабілетті екені анық.

Осы жерде айта кетуге болады, Елба­сымыздың ана тілін сүйетіні, оның қа­дір-қасиетін жақсы білетіні, үз­дік­сіз на­зар аударып, қамқорлық жасауы, «Қазақ­стан­ның болашағы – қазақ тілінде» деп қоғамымыздың алдына айқын мақсат қойып, талап етуі арқасында тәуел­сіз­дік алған жылдар ішінде бірқатар оң нә­ти­желерге қол жетті. Демографиялық жағ­дайымыз да бірте-бірте, өне бойы жақсарумен келеді. Бүгінгі таңда респуб­лика халқының 72 пайызы қазақтар, рес­публикадағы мектеп жасындағы ба­­­ла­­­лардың да сонша пайызы қазақ мек­теп­терінде оқиды деген дерек бар.

Бұл көңілге аздаған жұбаныш әкеледі. Алайда шешілмеген түйіндер әлі көп. 2008 жылғы 23 қазан күні Қазақстан хал­қы Ассамблеясының ХІV сессия­сында сөйлеген сөзінде Елбасымыз бы­лай деп еді: «Академик Дмитрий Ли­ха­­чевтің егер бір халықты өз тілі мен мә­дениетінен алшақтатсақ, онда ондай ха­лық та жоқ дегені бар еді. ХХ ға­сыр­дың аяғында қазақ халқының тілі мен мә­дениеті жойылып, құрып кетуге аз қал­ды. Сол себепті ұлтымыздың өзінің жоғын қайта түгендеу жолындағы батыл ұмтылысы – заңды құбылыс. Бұған басқа этнос өкілдері де түсінушілікпен қарап, қолдайтындығына көз жеткізіп келеміз. Мен мұндай қолдауды бір кезде осында қоныс аударып, Қазақстанды өз Отаны ретінде бағалайтындардың алғысы деп түсінемін. Екіншіден, бұл Қазақстан жеріндегі әр ұлт пен ұлыстың өзара бірлік пен татулықта өмір сүруіне негіз болады деп ойлаймын. Бұдан кейінгі кезеңде Қазақстандағы қазақ тілінің рөлі күшейе бермек. Әрине, орыс, ағылшын және өзге тілдерді дамыту мәселесін де қолдайтын боламыз. Мемлекеттік тілді ең алды­мен біздің балаларымыз білулері қажет».

«Нұр – Отан» партиясының ХІІІ съе­зін­дегі сө­зінде Елбасымыз осы мәсе­леге қайта оралып: «Біз мемлекеттік тілде оқы­­тудың же­текші жүйесін құрамыз. Қа­зақстан аза­маттарының барлығы дерлік қазақ тілін меңгеретін болады» дегенді айтқан еді. Президентіміз Қ. Тоқаев та осыдан бірер ай бұрын «Ана тілі» га­зе­тіне берген арнайы сұхбатында: «Мек­тептердің бастауыш сыныптарын­да қазақ тіліне басымдық берілгені дұ­рыс. Орыс тілін де оқыту керек. Ал ағыл­шын тілін 5-6 сыныптардан бастап мектеп бағдарламасына енгізген абзал» деп алда тұрған міндеттерді одан әрі нақты­ландырып, айқындап берді.

Бізде үкімет басшылары, білім ми­нистр­лері жиі ауысып жатады, олардың мемлекеттік тілге жаны ашып, қамқорлық көрсетейін деген құлшынысы байқала қоймайды. Мемлекеттік тілді өмірімізге сала-сала бойынша, жүйелі түрде кеңінен енгізу жөніндегі жұмысты шындап қол­ға алып, ұйымдастару шараларын нәти­желі, тиянақты жүргізуге не ынтала­ры, не қабілеттері жетпейді. Жыл сайын осы салаға миллиардтаған теңге қа­ра­жат бөлінеді. Қаражат негізінен иге­рі­ле­ді, нәтиже байқалмайды. Жоғарыда айт­­қанымыздай, бұрын Елбасымыз анда-санда бұл мәселеге назар аударып, қам­шыласа ғана Үкімет, министрлік пен әкімдіктер әлдеқандай жұмыстарды жү­зеге асырып, істеп жатқандай сыңай та­нытатын, жер-жерде, мекемелерде тіл үйрететін курстар аштық, ананы істеп жатырмыз, мынаны істеп жатырмыз деп есеп беретін. Бірақ бәрібір түп­теп келгенде, ауызға алатындай, кө­ңіл көншітетіндей нәтижелер бай­қа­ла қоймағанын айтуға, мойындауға мәж­бүрміз. Осыны салиқалы, сабырлы ақыл сарабына салып, алыс-жақын айнала төңірекке, әлем елдерінің тәжірибесіне көз жіберіп, мықтап ойланғанымыз, ты­ғырықтан шығатын жолды аспай-саспай, адаспай іздеп тапқанымыз жөн сияқты.

Асан Қайғы, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, ертеректе әл-Фараби, бері­ректе Абай, Жамбыл сынды даналар, Қарасай, Ағыбай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды батырлар шыққан қа­зақ ұлты, қазақ жұрты, қазақ деген ха­лықтың тілі, салт-дәстүрі, асыл тегі жо­­йылып кету-кетпеу, тарихта қалу-қал­мау жауапкершілігі біздің ұрпақтың мой­нында тұр. Осы істің кенеуі, шешімі бір-ақ нәрседе. Ол – мемлекет қаржысына салынған, салынатын, қазынадан қаржы бөлініп, тәрбиешілер ұсталатын балалар бақшасының, бөбектер, балалар үйінің барлығындағы тәрбиені «Қазақстан Рес­публикасындағы мемлекеттік тіл – қа­зақ тілі» деген Конституциямыздың қа­ғи­дасын басшылыққа алып, түгелдей мем­лекеттік тілге көшіру. Және мұны бүгінгі таңда ешқандай реніш тудырмай-ақ жү­зеге асыруға болады. Қалаларда, жер-жер­лерде жас отбасылардың барлығы қай ұлт екеніне қарамастан, балабақшадан орын тигеніне қуанады. Ересектерге тіл үй­рету қиын болғанымен, балаларға – оңай. Ата-аналардың ешқайсысы бала­ларының мемлекеттік тілді игеруіне қар­­­сы емес. Тәуелсіз елімізде дүниеге ке­ліп жат­қан әр сәбиге, еліміздің болашақ аза­­­матына мемлекеттік тілді үйретуге ата-анасы қабілетсіз болса, бұл міндетті мемлекеттің өзі мойнына алуға тиіс. Мін­­детті. Және мұның өзі ешқандай да­бы­­расыз-ақ білім берудің жалпыға ортақ жаңа, мемлекеттік бағдарламасын, стандарттарын қалыптастыру барысын­да жү­зеге асыруға болатын міндет. Мем­ле­кеттік тіл – этнос мәдениетінің де, қа­зақ­стандық патриотизмнің де басты тұғыры бола алады. Ол үшін балалар бақ­шасын­да балдырғандарға мемлекеттік тілде тәр­бие беретін кадрларды сапалы, жеткілік­ті етіп дайындау қажет. Пе­дагогикалық колледждердің, жоғары оқу орындарының санын көбейту, қазақ мектебін бітірген қыздарды соларға көптеп тартып, тездетіп оқытып, дип­лом беріп, қазақ ортасындағы, орыс, өз­ге жұрт ортасындағы барлық қалалар мен поселкелердегі мемлекет мен­­ші­гіндегі бөбектер үйі мен бала­лар бақ­ша­ларындағы тәрбиені тегіс мем­лекеттік тілге көшіру керек. Мұның уақыты жетті де. Сонда олардың одан арғы оқулары мен алатын білімдері қа­зақ тілінде жал­ғасады. Қазір жекемен­шік­те ашылған балалар бақшасы аз емес. Олардың көбі және орыс тілінде. Олар әзірге солай қала тұруына болар еді.

Қазіргі қалыптасқан ахуалдан шыға алатын жол бар ма? Ондай жол бар дей­­міз. Ол – тіл саясатын өте сәтті, мұ­қият, дәйек­тілік­пен жүргізіп келе жат­қан Балтық жаға­лауындағы үш респуб­ликаның жеміс­ті тәжірибесі дер едік.

Кеңес Одағы ыдырап, одақтас рес­публикалар тәуелсіздік алған кезеңде тіл­дік тұрғыдан және халқының құрамы жө­нінен алғанда бұл республикалардағы ахуал біздің Қазақстанға ұқсас болатын. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Кеңес Одағына біржола қосылған бұл республикаларға орыстар мен орыс тілді мамандар жан-жақтан тоқтаусыз ағылып келіп жатты. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Латвия халқының саны екі жарым миллион болса, соның жартысынан сәл ғана астамы латыштар, отыз пайызға жуығы орыстар, қалғандары украиндар, белорустар және басқа да ұлт­тардың өкілдері еді. Эстония хал­қы бір жарым миллионға жуық болса, 1970 жылы соның 975 мыңы ғана эстондықтар болатын. Литвадағы жағ­дай да осыған ұқсас еді. Бұл республикаларда орыс тілінің беделі де, таралуы да өте жоғары деңгейде болды. Орыс мектептері көп еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл республикалар әуелі мемлекет қаржысымен жұмыс істейтін балалар бақшаларының барлығын бірден өздерінің ұлттық тілдеріне көшіріп жібер­ді. Ұлттық мектептеріне басымдық бе­ріп, қолайлы жағдайлар туғызып, олар­дың санын өне бойы арттырып отыр­ды. Орыс тіліндегі жекеменшік мектептер мен балалар бақшалары біразға дейін сақта­лып қалды. Кейінірек мемлекеттік тілде тәр­бие беру талабы оларға да қойылды. Еуропалық Одаққа арқа сүйеген Балтық жағалауы елдері осылай тіл саясатын та­бандылықпен батыл жүргізе берді. Өз болашақтарын өздері тұратын осы елдермен байланыстырған, байланыстырғысы келетін орыстар мен өзге ұлт өкілдері де бұл республикаларда балаларын латыш, эстон, литва тіліндегі балабақшалары мен мектептеріне беретін болды. Орыс тіліне ағылшын, француз тілдері сияқты шет тіл ретінде оқытылатын мәртебе берілді. Уақыт олардың мұндай шешімдерінің мейлінше дұрыс болғандығын көрсетті. Олар өздерінің мемлекеттік тіл туралы заңдарына белгілі бір уақыт өте келе ол заңды одан сайын орнықтырып, жетілдіре түсуге қолайлы жағдайлар туындаған кезде өзгерістер енгізіп отыруды да естерінен шығарған жоқ. Кеңес Одағы ыдыраған кезде халықтарының тілі біржола орыс­танып, жойылып кетуге аз қалған бұл рес­публикалар тілдік саясатты осылай дәйектілікпен дұрыс жүргізгендерінің арқасында ана тілдерінің іргетасын бір­жолата орнықтырып, бекітіп алды. Бұл елдердің тұрғындары қазір түгелге жуық мемлекеттік тілді біледі және жас ұрпақ астаналарында да, қалалары мен селоларында да сол тілде тәрбие алады, сол тілде сөйлейді. Сөйтіп, Балтық жағалауы елдерінде өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында жойылып кетуге аз қалған ұлт­тық тілдері біздегідей босағада қал­май, мемлекеттік мекемелерінің де, тұрмыс-тіршілігінің де төріне шығып, өзінің лайықты орнын алғанын, халқының тұр­мысын жақсарту, ілгерілеп даму жолында ешқандай көштен қалмағанын, өсіп-өркендеп, ілгері басып келе жатқанын айқын көруге болады. Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдаған елдердің бәрінде ол заңдардың іске асуын, орындалуын өне бойы жіті қадағалап, тексеретін, қажетіне қарай шара қолданып отыратын арнайы құрылымдар бар. Ондай құрылымдардың аса қажет екенін, оларсыз мемлекеттік тілді өмірге енгізу және оны қадағалау мүмкін болмайтынын, өрге баспайтынын өмірдің өзі көрсетіп берді. Латвияда он­дай құрылым «Мемлекеттік тіл орталығы», ал Францияда, өзге кей мемлекеттерде «Тіл полициясы», «Тіл инспекциясы» деп аталады. Дұрыстығын уақыт дәлелде­ген осындай тәжірибелерді біз де зерттеп, ақылға қонымды, әділетті, қисынды қадамдарын мемлекеттің мүмкіндігін, тегершіктерін солар сияқты пайдалана отырып, өмірге енгізгеніміз жөн болар еді деген ой келеді еріксіз.

Тіл жайына келгенде кейінге қал­дыр­­май, бүгінгі таңда қолға алып, жыл­да­­мы­рақ шешілуге тиісті өзге де мәсе­ле­лер баршылық. Солардың ең басты­сы – «Мемлекеттік тіл туралы» арна­йы заң қабылдау. Ондай заң мем­лекет ау­ма­ғындағы мемлекеттік тілге қа­­тысты мә­се­­лелердің барлығын реттеу­ге, ше­шу­­ге тиіс. Ондай заң әлемнің бар­лық мем­лекеттерінде бар. Мұндай заң, әрі-беріден соң, орыс тіліне төніп тұрған қауіп жоқ бола тұра, осындай заңды баяғыда қа­былдап алған Ресейден де, Еуропа, Балтық жағалауы елдерінен де бүгінгі таңда бізге керегірек. Ол ең алдымен мемлекеттік тілімізді Конституцияда айтылған өз тұғы­рына қондыру үшін керек. Бұл заң мемлекеттік тілдің қолданылу аясын анықтайды, міндеттейді, орыс тілінің де, елімізде тұратын өзге ұлттардың да ешқайсысының тілдеріне қысым жасамайды. Қайта өзге ұлт өкілдеріне өздері тұратын елдің мемлекеттік тілін білуге барынша мүмкіндік туғызып, олардың ұрпақтарының алдынан қай салада болмасын ешқандай кемдік көрмей, емін-еркін қызмет етуіне жол ашады. «Мемлекеттік тіл туралы» заңды өмірге нақты, жүйелі жемісті енгізу үшін осы мәселемен тың­ғылықты айналысатын министрлік немесе арнайы мемлекеттік агенттік құрылуы қажет екені түсінікті.

Ұлт көсемі А. Байтұрсынұлы айт­қан­дай, тілі жоғалған ұлттың өзі де жоға­латынын естен шығармауға тиіспіз.

 

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,

Болат БОДАУБАЙ