Пікір • 29 Қыркүйек, 2020

Теңгерімді аумақтық даму өңірді өсіреді

1148 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Білім күнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жасағаны белгілі. Осы жылғы Жолдауда іс-қимыл жоспарының 11 бағыты айқындалған. Атқарылатын жұмыстардың басым бөлігі даму категориясымен тығыз байланысты.

Теңгерімді аумақтық даму өңірді өсіреді

Ғылыми әдебиеттерде айтыл­ғандай, даму бұл бір сападан, ахуалдан екіншісіне, ескіден жа­ңаға ауысумен байланысты табиғат пен қоғамдағы қозғалыс пен өзгерістің түрі. Жаңа ахуал жаңа сапалық және сандық көр­сеткіштерге ие болатынын ұмыт­паған жөн. Сондықтан ғылым­да көп жағдайда дамуды мына мәселелер төңірегінде түсін­діреді: жүйенің күрделілігін арт­тыру, сыртқы жағдайларға бейім­де­луді жақсарту, құбылыс ауқы­мын ұлғайту, экономикалық құры­лымды сапалы жақсарту, әлеу­меттік ілгерілеу.

Жалпы, экономикалық өсім өнім деңгейінің жоғарылауымен байланысты болғандықтан, эко­номикалық даму қоғам мүше­лерінің әлеуметтік және саяси әл-ауқатының жақсаруымен бір­ге, өндіріс көлемінің ұлғаюын көрсетеді. Демек, экономикалық даму экономиканың, өндіргіш күштердің, білімнің, ғылымның, мәдениеттің, халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасының, адам капиталының жаңғыруы мен сапалы және құрылымдық оң өзгерістердің кеңеюімен байланысты. Сондықтан экономикалық даму өсімді де, әлеуметтік әл-ауқат құндылықтарын да қамтиды.

Жолдауда Мемлекет басшысы жаңа жағдайдағы экономикалық дамудың бірнеше қырларына тоқталады. Мәселен, адам капиталын дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тарту бесінші қағидат ретінде дәйектелген. Сапалық тұрғыдан мүлде жаңа ұлттық индустрияны дамыту үшін жаңғыртылған заңнамалық негіз қажеттілігі баян­далады. Өңдеу өнеркәсібін да­мы­тудың қағидаттары, мақсаттары мен міндеттерін белгілейтін «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң­ды жыл соңына дейін әзірлеуге тап­сырма берілді. Сонымен қатар жаңа жағдайдағы экономикалық даму бағыты бойынша қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіруді дамыту, өнеркәсіпті дамыту, ауыл шаруашылығын дамыту, қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, аграрлық ғылымды дамыту, көлік-логистика кешенін дамыту, шағын және орта бизнесті дамыту, тең құқылы бәсекелестікті дамыту секілді мәселелерге баса назар аударады.

Жолдауда теңгерімді аумақтық дамуға да ерекше мән берілген. Аумақтық даму жолында әр өңірдің бәсекелі артықшылығын ескеру қажеттілігі мәлімделді. Өңірлерді дамыту ісіне қатысты тың тәсілдер еліміздің дамуы үшін өте маңызды. Аграр­лық секторды қолдаумен қа­тар, ауыл ша­руашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, тамақ және тоқыма өндірісін дамы­туға, құрылыс материалдарын шығаруға және өнер­кәсіптің өзге де салаларына назар аудару дұрыс шешім деп ойлаймыз. Өңірлерді дамытуға қатысты тың көз­қа­растар жұмыстың оң нә­ти­жесін көрсетеді.

Ғылымды дамыту – адамзат қо­ғамы­на қажетті процесс. Кейінгі жылдары ғы­лымның дамуы таңғаларлық қарқын алуда. Қо­ғам мүшелері табиғат берген ой­лау және осы ойларды шын­дыққа айналдыру мүмкіндігі сыйын қор­шаған ортаға зиян келтірмей тиімді пайдалануы қажет. Жолдауда ғылым саласын дамыту бойынша жасалатын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуі, «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлінуі отандық ғылымның ілгерілеуіне себеп болады. Біздің оқу орнымыз да ғылымның дамуын негізгі басымдықтардың бірі ретінде қой­ған­дықтан, алдағы уақытта да жұ­мыстарды жалғастыра беретін болады.

Денсаулық сақтау саласын да­мыту да Жолдау назарынан тыс қалған жоқ. Жалпы, денсау­лық сақтау жүйесінің даму дең­гейі бәсекеге қабілеттілікті қалып­тас­тыруға ықпал ететін маңызды фактор. Сондықтан мемлекеттік деңгейде бұл жүйені дамытуға және жаңғыртуға көп көңіл бөлінеді. Медициналық инфрақұрылымды дамыту үшін жыл соңына дейін еліміздің аймақтарында 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынатын болды. 2025 жылға қарай денсаулық сақтау сала­сы­на арналған 20 заманауи көпса­лалы нысан пайдалануға беріле­тіндігі де жарияланды. Қолданбалы медицинаның дамуы да еліміздің әлемдік ғылымдағы орнымызды дамытады. Университет жанындағы медициналық колледж де осы денсаулық саласын дамытуда өз үлесін қосады.

Жалпы, қоғамдық санада эко­логия адамзаттың тірі қалу жол­дарын іздейтін ілім ретінде қалыптасқан. Осы себептерге байланысты адамзаттың ілгерілеуі осы экологиялық даму бағыттарымен байланысты. Сондықтан экономиканы дамыту барысында экологияға да мән беру қажет. Жолдауда атап көрсетілген ел ішіндегі экологиялық туризм мәде­ниетін белсенді дамытумен қатар, халықтың экологиялық мәдениетін дамытуға да мән бергеніміз жөн. Өйткені экологиялық мәдениетті дамыту адамзаттың тұрақты да­муының қоғамдық ілгерілеуі болып табылады.

Қазіргі жағдайда кез келген елдің әлеу­меттік-экономикалық дамуы әлеу­меттік-экономикалық жүйелер тұрақ­тылығы қағида­ла­рына сәйкес келуі керек. Негі­зінен, тұрақты даму экономика, әлеумет және экология сынды үш негізгі құрамдастарды бірік­тіру нәтижесінде пайда болды. Сондықтан әлеуметтік-эконо­­микалық даму еліміз үшін өте маңызды. Бұл бағытта «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясын дамытады. Тұжырымдама азаматтық диалогті дамыту ісіне ықпал жасайтындығына сенім білдіреміз.

Жалпы, Мемлекет басшы­сының осы жылғы Жолдауында даму ұғымының мәні мен мағынасы толықтай ашылды. Даму қоғам мен мемлекет үшін өте маңызды. Алдағы уақытта Жол­дауда қойылған міндеттер жүзе­ге асырылатындығына толық­тай сенімдіміз. Бұл құжат еліміз­дің барлық жоғары оқу орында­рының стратегиялық даму жоспар­ларындағы міндеттерді атқаруға арқау болады. Біз­дің оқу орны үнемі дамып отыруды негізгі міндет санайды.

 

Динар ДОСМАНБЕТОВ,

Қызылорда «Болашақ» университетінің даму және экономикалық мәселелер жөніндегі проректоры

 

ҚЫЗЫЛОРДА