Білім • 29 Қыркүйек, 2020

Аймақ мектептері абаттандырылды

390 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президенттің тапсырмасы бойынша ауыл мектептерін абаттандыру жұмыс­та­ры жүргізілді. Шығыс Қазақстан облысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындап, жаңа оқу жылын ойдағыдай бастады. Президенттің ұсынысы бойынша облыстағы 200-ден астам ауыл мектебінде оқушылардың білім алуы үшін жағдай толық жасалып отыр.

Аймақ мектептері абаттандырылды

Атап айтқанда, шалғайда жатқан 52 елді мекенде интернет желісі толығымен іске қосылды. Тарбағатай ауданының Ақжар ауылындағы мектепке көптен бері қолға алынбаған жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жұмыс нәтижесін облыс әкімі Даниал Ахметов арнайы барып тексеріп қайтты. Ақжар ауылында 300 орындық мектеп-интернаты бар 600 орындық мектеп ашылды. Мұнда облыстың барлық аудандары мен қалаларынан көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары келіп оқи алады.

Сондай-ақ жаңа оқу жылындағы эпидемиялық қиындықтарға қарамастан, Ақжар ауылындағы мектеп штаттық режімде жұмыс істеуге көшті. Мұнда бастауыш сынып оқушылары білім алуда. Барлық санитарлық талаптар қатаң сақталған.

– Аталған оқу орнын жөндеу жұмыс­та­рына 260 млн теңге бөлінді. Нәти­же­сінде барлық кабинет қай­та қал­пына келтіріліп, терезелер мен коммуникациялық желілер ауыстырылды. Алғаш рет бұл мектепте арнайы тораптар, жаңартылған жылу желілері пайда болды, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Аймақ басшысы құрылысшылардан мектептің қыс мезгілінде қаншалықты жылы болатынын сұрады. Жұмыс­шы­лар­дың айтуынша, жылытудан қиындық болмауы тиіс.

1

Жаңа оқу жылына орай облыста 386 мектеп заманауи стандарт бойынша жөнделсе, оның 40-ы күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ оқу жылынан бастап 3 жаңа мемлекеттік білім ордасы ашылды. Назарбаев зияткерлік мектептерінің стандарттары бойынша жабдықталған 300 орындық мектеп Қарауыл ауылында есігін айқара ашса, Ахмиров ауылында 1000 орындық мектеп іске қосылды. Жаңа мектептерден басқа, Өскемен қаласында мемлекет-жекеменшік серіктестік аясында 915 орындық 5 балабақша ашылды.

Облыстың ақпараттық орталығында өткен тікелей эфир барысында білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова мәлім еткендей, оқушылар үшін күн сайын «Балапан» және «Еларна» телеарналары арқылы сабақтар ұйымдастырылуда. Телесабақтардың өтетін уақыты білім басқармасының әлеуметтік желілерінен нақты беріліп жатыр.

– 648 мектептің 271-і балаларды қашықтан оқытуда. Олар цифрлы білім беру платформаларымен қамтамасыз етілген. 225 мектеп Оnline mektep.kz платформасына қосылды. 42 мектеп Daryn.online.kz платформасында, 2 мамандандырылған мектеп Edupage.kz жүйесін қолдануда. Жалпы, платформалармен жұмыс істеу барысында ешқандай қиындықтар туындаған жоқ, – деді С.Жұмаділова.

Облыстық білім басқармасы бас­шысының айтуынша, оқушыларды компью­терлермен қамтамасыз ету жұ­мыс­­тары жалғасуда.

Шынын айту керек, облыста 22 476 баланың үйінде компьютерлік техника тапшы. Оның ішінде қашықтан білім алып жатқан 16 904 оқушы ғана мектеп компьютерлерімен қамтамасыз етілген. Қалған 5 712 бала штаттық режімде білім алуда. Тікелей эфир барысында басқарма басшысы аудандық және қалалық білім бөлімдерінің қаржыландыруы арқылы 2 572 бірлік компьютерлік техника сатып алынғанын атап өтті. Сондай-ақ Үкіметтің қорынан бөлінген қаражат есебінен 26 509 компьютер алынды. Оған 4,1 млрд теңге бөлінген.

– Мемлекеттік сатып алуды әділ ұйымдастыру және компьютерлік техни­каларды бөлу мақсатында «Adaldyq alańy» жобалық кеңсесі төра­ға­сы­ның жетекшілігімен, Nur Otan партиясының өкілдері, облыстық мәс­ли­хаттың хатшысы, қоғам өкілдері, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармаларының, балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі жер­гі­лік­ті қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ қамқоршылық кеңестердің, ата-аналар қоғамдастығының, жастар ұйым­дарының жетекшілерінен жұмыс тобы құрылып, компьютерлерді тасымалдап, жеткізуші кім болу керектігі анықталды. Қазіргі таңда компьютерлік техникаларды жеткізу жұмыстарын түгелдей аяқтадық, – деді С.Жұмаділова.

Сонымен қатар жұмыс тобы компьютерлік техниканы бөлу мони­то­рин­гін жүзеге асырды. Бірінші кезекте, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын: аз қамтылған, көпбалалы, ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар балаларды, сондай-ақ оқу озаттары қамтамасыз етілмек. Шығыс Қазақстан облысындағы орта білім беру ұйымдары биылғы оқу жылында жаңа мазмұндағы білім беру жүйесіне толық көшірілгенін де айта кеткен жөн.

 Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің сөзіне сүйенсек, биыл жаңартылған мазмұнда білім беру бойынша 23 мың мұғалім білімін жетілдіріп, 1,5 млн оқулық сатып алынған. Оқушылар 100% оқулықпен қамтамасыз етілген. Ал білім басқармасының басшысы С.Жұмаділованың айтуынша, биыл 11-сынып оқушылары жаңа форматта білім алып жатыр. Атап айтсақ, «Кәсіпкерлік негіздері және бизнес», «Графика және дизайн», «Алғашқы әскери-техникалық дайындық» пәндері оқытылуда. 9, 11-сыныптар жаңа форматта қорытынды аттестация тапсырады. Жаңа форматтағы білім беру жүйесіне сәйкес үштілділікке де баса назар аударылуда. Биыл көптілділік бағдарламасы бойынша неміс және француз тілдерін оқыту да енгізілген. Жаңа бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында 1 мыңнан аса мұғалім курс­­­­тан өтті. Нәтижесінде педагогтердің тіл меңгеру әдістемесінің деңгейі 80-нен 89%-ға артып, қатысушылардың тіл білуінің орташа деңгейі 35%-ды құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 20% болған екен. Алдағы уақытта екі жылдың ішінде 2650 педагогты қосымша дайындау жоспарланып отыр.

 

Раушан Нұғманбекова,

журналист

 

Шығыс Қазақстан облысы