Медицина қызметкерлерінің медициналық сақтандыру жүйесі, оның ішінде ТМККК аясындағы және МӘМС жүйесіндегі медициналық қызметтер, сондай-ақ пациенттердің сақтандырылу мәртебесі туралы білімдерін анықтау мақсатында қордың елордадағы филиалы «Құпия пациент» жобасы аясында медицина ұйымдары қызметкерлеріне қоңырау шалып, олардың біліктілігін тексерді. Жобаға 35 медициналық ұйым енді. Екі кезеңмен өткізілген қоңырау шалу нәтижелері бойынша қордың Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қызмет жеткізуші – медицина ұйымдары арасында қызметкерлер жауабына қанағаттанбайтын пациенттер көрсеткіші 64%-дан 33,5%-ға азайды.
Сондай-ақ анықталған мәселелер негізінде филиал оқу-үйрету материалдарын әзірлеп, медицина ұйымдарындағы «бестікке» арналған оқу-үйрету шараларын өткізді.
«1 шілде мен 18 қыркүйек аралығында халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарастыру бөлімінің қызметкерлері телефон арқылы және келіп сұраған азаматтарға 1215 кеңес берді. Көрсетілген кеңестер қорытындысы бойынша тұрғындардың сақтандыру мәртебесінің болмауы, олардың уақтылы медициналық көмек алуына кедергі келтіретінін түсінуге болады», дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарастыру бөлімінің бас сарапшысы Жанаргүл Үмбетова.
Тұрғындар тарапынан қоғамдық бақылау бір жағынан Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына бұрмалаушылықтарды анықтауға көмектеседі, екінші жағынан медициналық ұйымдар жұмысын тәртіпке келтіреді. Сондықтан азаматтарды мобильді қосымшаларда өз деректерін тексеруге және сәйкессіздіктер анықталған жағдайда қордың елордалық филиалына хабарлауға шақырамыз. Сондай-ақ 1406 телефонына немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы хабарласуға болады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Qoldau-24/7 мобильді қосымшасы Android смартфондары үшін Play Market арқылы, Apple смартфондары үшін App Store арқылы жүктеледі.