Қоғам • 29 Қыркүйек, 2020

33 млн теңге айыппұл салынды

536 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті 8 айда 79 әкімшілік іс қозғап, дәрі-дәрмек бағасын негізсіз көтергендерге 33 млн теңге айыппұл салды.

33 млн теңге айыппұл салынды

Қазіргі кезде өңірдегі барлық дәріханада меди­циналық бетперде мен қажетті дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Шілде айында облыстағы дәріханаларда қызуды басатын және вирусқа қарсы дәрілер тапшылығы туып әрі қажетті дәрі-дәрмек бағасы күрт көтеріліп кеткен кезде облыс әкімдігі, облыстың тауарлар мен көрсетілетін қыз­меттердің сапасы мен қауіп­­сіздігін бақылау депар­та­­менті, фармацев­тика­лық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығы және қа­уымдастыққа мүше емес ұйымдар арасында дәрі-дәр­мек бағасын шектен асырмау, дәрілік заттардың шекті бөлшек сауда бағасын сақтау жөнінде меморандум жасалды. Осы келісім негізінде фармацевтикалық қызметпен айналысатын барлық нысан суық тию мен қызуды басатын бес түрлі дәрілік заттың бағасын бірқалыпты ұстап тұруға келісті.

Бүгінде облыстағы про­визорлық стационар жабылып, тек жұқпалы аурулар ауруханасы ғана жұмыс істеп тұр. Бұған қоса күзгі толқынға дайындық шаралары жүріп жатыр.

«3588 төсектік орын да­йындалды. Олар екі санатқа бөлінетін болады. Ақтөбе медицина орталығы мен фти­зио­пуль­монологиялық ор­та­лық сияқты бірінші санат­тағы мекемелерде 1040 орын, екінші санат­та­ғы стационарларда 2548 орын қа­рас­ты­рылған. 305 реа­ни­мациялық кере­ует ашу жос­парда бар», дейді облыс әкі­мі­нің орынбасары Нұржауған Қалауов.

Өңірдегі медицина меке­ме­лерінің материалдық-тех­никалық базасы нығайтылып, қазан айында 187 өкпені жа­сан­­ды тыныстандыру аппараты жеткізіледі деп күтіліп отыр. Мұнымен бір кезде бір компьютер томографы, 13 ста­цио­нарлық рентген аппараты, екі жылжымалы рентген аппараты, автономды оттегі стансасы мен екі жылжымалы медициналық кешен, сонымен қатар басқа да құрал-жабдықтар сатып алынбақ.

 

Ақтөбе облысы