Осылайша Сарқан ауданында қант қызылшасын жинау науқаны басталды. Биыл аудан бойынша 3167 гектар жерге тәтті түбір тұқымы себілген, одан 126 680 тонна өнім алу ойда бар.
"Мол өнім алуға негіз бар. Былтыр 2850 га танапқа қант қызылшасы себіліп, одан 97 мың тоннадан астам өнім алған едік. Қазір шаруалардың жаз бойы күтіп-баптап өсіргендерін жинап, еңбек жемісіне кенелетін берекелі де мерекелі шақтарының бірі. Сондықтан қант қызылшасын өсіруге ден қойған диқандар да күздің әр күнін қалт жібермей, науқандық жұмыстарды қыздыруда", дейді Сарқан аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Өмірсадық.
Жалпы, ауданда қант қызылшасын жинап, тасымалдау үшін барлығы 80 жүк көлігі, 12 комбайн жұмылдырылуда. Ал тәтті түбір қазу жұмысы 86 шаруа қожалының танаптарында бір мезгілде басталған.
Өнім де жаман емес. "Жасқант", "Елубаев" және "Самал" шаруа қожалықтары науқан басталған алғашқы күні-ақ 275 тонна қант қызылшасын зауытқа өткізіп үлгерді.