Қоғам • 30 Қыркүйек, 2020

Соңғы сальто

713 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейде тіршіліктің күйбеңінен қажып жүрген күндерде мені бір біріне ұқсайтын бірнеше оқиға ұдайы ойлантушы еді. Өйткені қазір қоғамда қара жұмыс істемей-ақ шаршап, діңкелеп жүрген адамдар өте көп. Ойдан уайым-қайғыға, күйзеліске түскендерді жиі ұшырататын болдық. Мұндайда соның барлығы не үшін деген сауалдың туары анық қой?!

Соңғы сальто

Себебі біз құндылықтарды шатастырып алған сыңайлымыз. Бірінші орынға нені қоятынымызды ұмыттық-ау, сірә?! Жаһанды жайлаған індеттің өзі адамға алдымен байлық пен мансап емес, денсаулық пен дұрыс өмір сүру бағытына сүйресе де, әйелдің ұмытшақ толғағы сияқты есімізді жия сала, өзімізді сақтауды тағы да ұмытамыз.

Әлгі ойлантқан оқиғаға оралайық. Осы­дан біраз жыл бұрын ел жақтан қыдырып кел­ген досым өзінің сыныптасының зәулім үйін бітіріп, ішін жиһазға толтырып, қымбат көлік­ке қол жеткізгенде көз жұмғанын айтты.

– Өліп кеткенше неге жүре берген? Емделмеді ме? – деп сұрайсың мұндайда.

– Иә, ауырып жүрген. Сырқаттанып жүргенін білді. Алдымен үйдің құрылысы бітсін, сосын емделемін деді. Үйі бітіп, сәл есін жиған соң, жора-жолдасқа, жұртқа шаңырақ көрсетемін, жиһаз аламын деп Қытайға шапқылады. Содан ескі көлікпен жүруді ерсі көріп, жаңасына ұмтылды. Қарызға батты, бір жағынан жұмысы да қысты. Қосарлап бір бизнес бастамақ болды. Қысқасы, мұрттай ұшып түскенде барып, ауруханаға барды ғой. Бізді білесің, ауру әбден меңдеп, асқынғанда жедел жәрдем­мен ғана келеміз емделуге... Біз аурухана­ға әлі есі бар кезінде көңілін сұрауға кіріп шыққанбыз. Соңғы сөзі: «Денсаулықты, өздеріңді сақтаңдар» болды. Бірақ байғұс соны өзі орындамады.

Әлбетте, адамның еңбекқор болғаны жақсы ғой, бірақ... Бірақ осы оқиғадан кейін де қырықтың ар жақ бер жағында екі бірдей досты жоғалтыппыз. Жұмыс десе, жандарын беретін, тым жауапкершілігі жоғары жандар еді. Жедел жәрдеммен кетіп бара жатып, қалай емделетінін емес, бітпей қалған бір жұмыстарды, әлі орындалмаған тапсырмаларды айтып, уайымдап бара жатқандары есте. Дерттерінен сәл оңала салып, ауруханадан қашып шыққандай болып, жұмысқа қайта қойып кететін. Қуалаған кеселден дер кезінде құтылмасаң, алмай қоймайды екен. Жан жолдастардың жас мәйітін біресе ұшақпен, біреуін қиралаңдаған көлікпен кіндік қаны тамған жердің топырағына тапсыруға алып бара жатқан жолда «жалған дүние» деген сөздің парқына бірініші рет терең бойлағанымыз да есте. Жұмыстары, үйі, бәрі-бәрі қалды. Қызметтестері не істесін, өкініш білдіріп, өлім-жітімде жинайтын тиын-тебендерін жақындарына ұстатты да, уақыт өте ұмытты. Мәйітханадан бірден өмірлерінің жартысы мен денсаулығын жеп қойған шаңырақтарына да соқпай, жер бесікке бөлеуге алып бара жатқан тәулікке жуық азалы жолдағы азалы сағаттардың сарқыншағы бізді әлі де ойлантады.

Ал келесі оқиғаның куәсі біз болмасақ та, осының бәрі әлгі әйгілі акробаттың соңғы сальтосын еске салады. Болған оқиға. Бір гимнаст өзінің ең керемет сальтосын ғаламат орындап, көрермен біткеннің қошеметіне бөленіп тұрса керек. Өлердей шаршап тұрған гимнасты халық шапалақ ұрып, тағы бір рет осы сальтоны орындауын өтініп, аренадан жібермей тұрып алады. Көпшілікке импресарио да қосылып, осы нөмірді тағы да бір рет көрсетуін сұрайды. Цирк күмбезінің астында тағы да бір тамаша сальто жасап жіберу керек. Көпшіліктің қошеметі мен көңілін қимаған акробат құр сүлдері тұрса да тағы да бір рет өз биіктігіне көтеріліп, тағы да бар күшін салады. Бірақ соңғы сальто. Шаршаған гимнасттың қолынан арқан сусып шығып кетіп, ол шырқау биіктіктен жерге құлап, күл-талқаны шығады. Аса қайғылы оқиға. Бұл – біз емеспіз бе? Күшіміз сарқылып жүрсе де, ананы жасау керек, мынаны бітіру керек деген күйбеңнен бір арылып көрдік пе екен?!

Өзі де сырқаттанып, қажып жүрген дәрігер дәрмені қалмаса да, жағдайы ауыр пациент алдына келгенде бәрін ысырып қояды. Осы отадан кейін, осы пациенттен кейін кішкене дамыл табамын, алаңсыз ұйықтаймын деген ойды тағы да ұмытады. Бұл оның соңғы емдеп тұрған пациенті болуы мүмкін екендігі қаперіне кірмейді. Оның мысалдарын алыстан іздеудің қажеті жоқ.

Егер гимнаст сол сальтоны шаршап тұр­ғанын мойындап, жасамай қойса, ештеңе бол­майды. Өйткені біздің жақындарымыз бен жұмысымыз солай. Індет болып жатса да той-томалаққа, ауырып тұрса да жиынға бару керек. Айналамыз ұдайы бірдеңе жасау­ды талап етеді. Егер ұйқысы қанбай жүрген таксист вокзалға бармаса, жол апаты болмайтыны анық. Егер сырқаттанып жүрген есепші сенбі-жексенбі жұмысқа шықпаса, жүрек талмасы ұстамайтын ба еді?! Олардың барлығы «соңғы сальтоның» құрбандары.

Қысқасы, өзіңізді сақтаңыз.