08 Қараша, 2013

Қостанайда өндірілген етке «алтын жалатқан ба?»

396 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Биыл 9 айда облыс сыртқа 1 тонна ғана сиыр етін экспорттаған

Қостанай облысы еліміздегі ауыл шаруашылығына, оның ішінде мал шаруашылығына қолайлы өңір. Жер жетеді, астықты өңір болған соң жем де жеткілікті. Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ет экспортын 2016 жылға қарай 60 мың тоннаға дейін жеткізу міндеті қойылғанын еске салды. Тиісті бағдарламаны жүзеге асыруға қазынадан 120 миллиард теңге бөлінген. Сөйте тұра, биылғы жылдың 7 айында Кеден одағынан сыртқа шығарылатын ет экспорты нөлге теңескен. Шұжық өнімдерінің экспорты да 2013 жылы нөлдік деңгейге түсіп, кәсіпорындардың жүктемесі 28 пайыз ғана болған. Бұл сын Қостанай облысына да қатысты.

01-кар-3

 Биыл 9 айда облыс сыртқа 1 тонна ғана сиыр етін экспорттаған

Қостанай облысы еліміздегі ауыл шаруашылығына, оның ішінде мал шаруашылығына қолайлы өңір. Жер жетеді, астықты өңір болған соң жем де жеткілікті. Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ет экспортын 2016 жылға қарай 60 мың тоннаға дейін жеткізу міндеті қойылғанын еске салды. Тиісті бағдарламаны жүзеге асыруға қазынадан 120 миллиард теңге бөлінген. Сөйте тұра, биылғы жылдың 7 айында Кеден одағынан сыртқа шығарылатын ет экспорты нөлге теңескен. Шұжық өнімдерінің экспорты да 2013 жылы нөлдік деңгейге түсіп, кәсіпорындардың жүктемесі 28 пайыз ғана болған. Бұл сын Қостанай облысына да қатысты.

01-кар-3

Алайда, Қостанайда ешқандай жұмыс жүрген жоқ десек, күпірлік айтқан болар едік. Осыдан үш жыл бұрын индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында «Қарасу ет» кәсіпорны іске қосылған болатын. Мұнда өндірілген ет өнімдері еуропалық стандартқа сай келеді. Қасапхана, шұшық цехы сияқты кешенді өндіріс заманауи құралмен жабдықталған. Биыл 3 мың тонна ет өнімдерін шығарды. Өндіріс кәсіпорны 2015 жылы толық қуатына көшкенде ет өнімдерінің көлемін 5 мың тоннаға жеткізетін болады. Еттің сапасына ешкім мін таға алмайды. Осындағы шұжық цехының технологы Айнұр Қаратаеваның айтуынша, мұнда тек шұжықтың ғана 120 түрі өндіріледі. Мұсылмандық бұрышында тек жылқының, сиырдың етінен өнімдер дайындалады, қазы да ұсынылады. Шұжық өнімдерін 2015 жылға қарамай, қазірдің өзінде межеден асырып дайындап отыр. Қостанайда тек «Қарасу ет» кәсіпорны ғана емес, шұжық өндіретін оншақты цех бар. Олар негізінен ішкі сұранысты қамтамасыз етеді, өндірген өнімнің 70 пайызы ішкі нарықтан артылмайды. Таратып айтсақ, барлық өнімнің 50 пайызын Қостанай қаласы тұтынады, 47 пайызы облыстың аудандары мен өзге қалаларына жіберіледі, 2 пайызының дәмін астаналықтар көреді, көрші Ресейге барлық шұжық өнімдерінің 0,5 пайызы ғана жөнелтіледі екен.

«Қарасу ет» кәсіпорны басшылығының ет өнімдеріне сұраныс болса, көлемін қамтамасыз етеміз деген құлшынысы да бар. Бірақ Ресей нарығына кіре алмай отыр.

– Өндірген өнімімізді Ресейге апаруға құжат рәсімдеу немесе ет сапасы жөнінен ешқандай кінәрат жоқ. Әңгіме тек қана бағада болып отыр. Ресейде ет бізге қарағанда арзан. Сондықтан шыға алмай отырмыз, – дейді «Қарасу ет» кәсіпорнының директоры Бауыржан Қойшығұлов.

Сыртқа ет экспорттау облыста жоқтың қасы деуге болады. Елбасы Ресейге еліміз бойынша 60 мың тонна ет сату керек дегенде, ірі қараның етін айтқан болатын. Ал өткен жылы облыс бойынша барлығы 12 тоннадан сәл астам ет сыртқа шығарылса, соның тоғыз жарым тоннасы құстың еті болатын. Ресейге биыл экспортталған 69 тонна еттің 66 тоннасы құс еті, 1 тоннасы ғана сиыр еті болды. Оның есесіне Қостанай сөрелері, Америка Құрама Штаттарынан, Латын Америкасынан, Ресейден, Беларусьтен келген еттің және ет өнімдерінің түр-түріне толып кетті. Өткен жылы қостанайлықтар 866,5 тонна, биылғы 9 айда 661 тонна сырттан келген сиыр етін пайдаланған. Ал барлық ет пен ет өнімдерін түгел айтсақ, өткен жылы сыртқа жөнелтілгені небәрі 231,1 тонна ғана, биыл 9 айда 135 тонна ғана болды. Жылдың аяғына екі айға жетпейтін уақыт қалды, ең болмаса өткен жылдың межесінің деңгейі орындала ма? Күмән басым.

– Өйткені, Қостанайда ет қымбат, керісінше Беларусьтің арзан еті мұнда келіп жатыр. Бізде еттің өзіндік құны жоғары, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Оразғали Нұрғазин.

– Біздегі етке алтын жалатып қойған ба, өзіндік құны неге жоғары? – дейміз.

– Жемшөп, электр энергиясы, құрал-жабдықтардың тозуы, қымбат жабдықтардың алынуы – осының барлығы да алтыннан арзан болмай тұр, – дейді Оразғали Тілеубайұлы.

Ресейде ет қашан арзандайды деп күтетін болса, сиыр етін экспорттау қостанайлық кәсіпкерлердің түсіне ғана кіреді. Қостанайда ет қайткенде арзандайды? Мамандардың айтуынша, ол үшін малдың өнімділігін жоғарылату және шығынды азайту керек. Мұхиттың арғы жағынан облысқа 4 жылда 9700 асыл тұқымды сиырлар әкелінген. Соның 1900 басы биыл жеткізілді, жыл аяғына дейін 200 бас малды тағы әкеледі. Еуропадан, мұхиттың арғы бетінен әкелінген ангустар біздің әулиекөл және ақ бас сиырымыз сияқты жергілікті жерге төзімді емес, олар «тәуір жеп, тәуір ішеді». Оны өсіріп отырған шаруашылықтардың қымбат жабдықтары мен технологиясы еттің өзіндік құнын әзір түсіре алмайды. Мал басын көбейту де бәсекені арттырып, бағаның түсуіне ықпал етер еді. Қазір облыста барлығы 401 мың ірі қара, 410 мың қой, 216 мың шошқа, 87 мың жылқы, 3 700 мың құс бар. Былтырға қарағанда ірі қара 3-5 пайызға көбейген, шошқа 8 пайызға, құс 15 пайызға кеміген. Әлгі біз айтып отырған 401 мың ірі қара жеке сектордағыны қосып санағандағы көрсеткіш екенін еске салғымыз келеді. Ал жекенің қолындағы мал еті сыртқа шығару үшін белгіленген стандартқа сай келе бермейді. Облыстағы 401 мың ірі қараның 150 мыңы ғана қоғамдық мал, шаруашылық нысандарға тиесілі. Осыдан жиырма жылдай бұрын облыс­та бір миллион 500 мың сиыр болған екен. Салыстыра беріңіз.

Ет өнімдерінің өзіндік құнын төмендету үшін «Сыбаға» бағдарламасы бойынша соңғы екі жылда шаруалар 7,5 мың бас ірі қара алған. Меже бойынша 9 мың 300 бас мал алыну қажет. Жұмыс әлі де жүргізілуде. Дегенмен, кейде ақпар бойынша «Сыбағада» да, сиырда да мін жоқтай көрінеді. Ал осы несиені алып, оның пайдасын көрудің орнына шығынына батып отырғанын айтып зарыққан шаруалар бар. Қостанай ауданындағы «Оташев» шаруа қожалығының жетекшісі Әділхан Оташев өткен жылы бір миллион теңге «сыбағалық» несие алған болатын. Несиені берген «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы бір жылға жетпей оның тең жартысына жуығын, 450 мың теңгесін қайтаруды талап еткен. Малдың өсімі болмай жатып, оны шаруа қалай тауып береді? Осындай бағдарламалардың ішкі иірімінде шикілік те жоқ емес екенін уақыт көрсетіп отыр. Тиісті орындардан «Оу, мұның қалай?» дейтін ешкім жоқ, шаруа өз сорпасына өзі қайнап жатады.

Сыртқа ет өнімдерін шығару үшін оның сапасы басты көрсеткіш. Қостанай қаласындағы «Ирина и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ет өнімдері талай көрменің көркіне айналған еді. Әнебір жылдары кәсіпорын директоры Александр Корчинский өндіріске халал технологиясын енгізген болатын. Міне, екі жылдан бері кәсіпкер оны тоқтатып қойды.

– Халал – үздік технология екенін мойындаймын. Оны енгізерде қаншама іздендім, кәдімгідей зерттедім. Бірақ оның шығыны да жетерлік. Маған өте қымбатқа түскендіктен, халалмен қош айтысуыма тура келді. Шынымды айтсам, шаршадым. Өйткені, бұл технологияға ешқандай қолдау жоқ. Тұтынушыларға қанша халал өнім керек болса да, бағаның қолжетімді болғаны қажет. Алушылар сапаға қарайды, бірақ олардың қалтасының қалың, жұқалығы да естен шықпауы тиіс қой, – дейді Александр Васильевич.

Еліміз 2016 жылға Ресейге 60 мың тонна ірі қара етін шығаруы тиіс. Соның 2200 тоннасы Қостанай облысына тиесілі. Дәл бүгін бұл меженің Тобыл өңірі үшін қарасы ұзақ секілді. Әзірге сыртқа шамалап құс еті шығарылуда. Құс еті демекші, облыста бес құс фабрикасы бар. Қазір Қостанайда жұмыртқаның он данасының бағасы 240 теңге болды. Жыл аяғына дейін бұл бағаның қанша көтерілері белгісіз. Оны облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Оразғали Нұрғазин науқандық көрініс деп бағалады. Науқандықтың мәнісі, қыс айларында жеке сектордағы тауықтар жұмыртқалауды тоқтатады. Қорадағы тауықтан әзірге қайран болмай, қостанайлықтар алты ай қыс «алтын жұмыртқаға» қарап отырғанда, Беларусьтен арзан жұмыртқа жауып кете ме, кім білсін...

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан».

ҚОСТАНАЙ.

_________

Суретті cалған

Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ.

Соңғы жаңалықтар