Білім • 30 Қыркүйек, 2020

Жастарға керек заманауи білім

1263 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жастардың пандемия кезінде көп нәрседен құр қалғанын айтып жүрміз. Соның ішінде білім алу мәселесі ең өзектілерінің бірі болып тұр. Олай дейтініміз, оқу орындарындағы онлайн білімге көңілі толмай, қосымша білімді сырттан іздеп жүрген жастар көп. Сұраныс бар, енді соны қанағаттандыратын жобалар көбейсін деген едік. Курстар да көп күттірмеді.

Жастарға керек заманауи білім

 

Жастардың заман талабына сай білім алуы қазір университет­тегі оқумен шектелмейді. Қазір кәсіби бі­ліммен қатар өзін-өзі дамыту бағы­тындағы ақпарат құнды болып тұр. Кім не десе де, жалғыз сала­дағы біліміңмен бәсекеге қабі­летті бола алмайсың. Барлық жұмыс беруші жан-жақты білікті, бес­аспап маман іздейтін болған. Осы ретте жастар қосымша курс­тарда жаңа дағдылар үйреніп, өз­дерін жетілдіруге тырысады. Отандық жастар ұйымдарының да бұл бағытта жаңа жобалар бас­тап, аумалы-төкпелі кезеңде жас азаматтардың уақытты тиімді өт­кізуіне сеп болып жатқандығы қуантады.

Осындай бастамалардың бі­рін өткен айда Jas Otan жас­тар қанаты бастап кетіпті. «Са­на» деген атпен бастау алған тұл­ға­лық даму мектебінің виртуалды есігі барлық жастағы аза­мат­тарға ашық екен. Үш айға жоспарланған онлайн оқыту 3 ба­ғыт бойынша жүзеге асады: ше­шендік өнер, көшбасшылық пен эмоционалды интеллект және интернет маркетинг. Бұл тың та­қырыптардың бүгінгі заманға сай мамандарға керек екені айтпаса да түсінікті. Себебі біз жаңа көш­басшылардың технологияны жетік меңгергенін, әлемдегі соңғы жаңалықтардан хабардар болғанын және заман көшімен қатар жылжығанын қалаймыз. Технология дәуірінде әлем адам айтқысыз жылдамдықпен өзгеріп келеді. Ал сол өзгерістерге ілесе білгендер ғана бәсекеге қабілетті болмақ.

Jas Otan-ның болашақ саяси көшбасшылар мен мемлекеттік қызметкерлер баулудағы тәжі­ри­бесін ескерсек, бұл қадам сол жастардың жан-жақты болуына әсер етер еді. Жалпы, жо­баға қа­тысуға 2700-ден астам адам ниет біл­дірген екен. Со­ның ішінде 1700-ден астам қа­ты­сушы қазақ тіліндегі курстарға жазылса, 970-ке жуығы орыс ті­лінде білім алады. Жастар қана­ты­ның жетекшісі Елнұр Бей­сен­баев оқу бағдарламасына енген бағыттар жастардың сұранысына сай екенін айтады. 

«Негізгі мақсатымыз – жас­тарды қазіргі қоғамға, өмір салтына керекті менталдық дағдыларға үйрету, ойын ашық, тиянақты жеткізіп, бойында бар көш­бас­шылық қабілетін ашуға кө­мек­тесу. Қазіргі жастардың сұра­нысына толығымен жауап беретін бағыттарды қамтуға тырыстық. Сонымен қатар әр модуль бойынша елге танымал тұлғалар қонаққа келіп, тәжірибесін ортаға салады. Сабақ онлайн оқытылады, сол себепті қатысам деушілердің жасына, тұрып жатқан жеріне байланысты ешқандай шектеу жоқ», деді Е.Бейсенбаев.

Әр модуль соңында үй жұмы­сын үзбей орындап, сабаққа үз­діксіз қатысқан жастарға мектеп атынан сертификат табыс­та­лады екен.

Онлайн немесе қашықтан оқы­­ту білім беру саласының бо­­ла­­шағы екенін сарапшылар бұ­рын­нан айтып келеді. Ағыл­шын­ша EdTech немесе білім беру са­ласындағы технология бұл мә­­селенің қаншалықты өзекті екенін көрсеткендей. Пандемия сал­дарынан дүние жүзінде дәс­түрлі білім беру мүмкін болма­ған тұста онлайн оқыту көмекке кел­ді. Осыған дейін технологияның бұл мүмкіндігіне немқұрайды қа­рап келген білім ордалары үлкен қиындықтарға тап болғаны жасырын емес. Қазір мамандар онлайн оқыту саласының қарқынын 165 млрд долларға бағалап отыр, ал бес жылдан кейін бұл көрсет­кіш екі есе өсетінін алға тартады. Жал­­пы, онлайн курстар нарығы көп­теген елде қатар дами бастады. Мәселен, 2012 жылы АҚШ-та Coursera платформасы пайда болды. Сол жылдары көршілес Ре­сейде де қазір халықаралық дә­­­режеде мойындалған жобалар іске қосылды. Әзірге салада америкалық оқыту алаңдары­ның танымалдылығы жоғары болып тұр. Дегенмен мамандар Оңтүс­тік-Шығыс Азия елдерінің потенциалын жоғары бағалайды. Оның ішінде Қытай мен Үндістанның технологиялық жетістіктеріне әлем таңғалуда. Аймақ 2016 жы­лы Батыс Еуропадан озып кет­кен. Ал 2018 жылы Қытай жобала­­­ры­на құйылған инвестиция көле­мі АҚШ-тан да артық болған. Электронды оқытуға Африка ел­дері де бет бұра бастаған. Бұл әлем­дік үрдіс біздің елімізді де айналып өтпеді. Биылғы оқи­ғалар елдегі онлайн оқыту сала­сының төмен деңгейін ашық көрсетті. Жоғары оқу орындарынан бөлек, Қазақстан жастарына қысқа курстарды қазақ тілінде үйрететін онлайн оқыту платформалары қажет-ақ.

Қазір бастысы салада бәсеке қалыптастыру үшін осындай бас­­тамаларға қолдау білдіру ма­ңызды. Ал жастарды жаңа фор­матқа бейімдеу өзекті болып тұр. Жоба авторы Әйгерім Серік­жа­нова неге дәл осы бағыттардың таңдалғанын айтып берді.

«Қазір көбі интернетте ұзақ уақыт өткізгендіктен, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын ұмы­­тып барады, көбі қысылады. Ал жастар үшін әлеуметтік қа­рым-қатынас орната білу өте ма­ңызды. Сол себепті шешендік өнер курстарын қосуды ұйғардық. Соңғы жылдары эмоционалды интеллект ұғымы көбірек айты­лып жүр. Бұрынырақта IQ-ға көп мән беретін едік, ал қазір эмо­ция маңызды болып тұр. Мық­ты көшбасшы – өз эмоциясын бас­қара алатын және өзгелердің сезі­мін түсіне білетін адам», дейді А.Серікжанова.

Ал интернет маркетинг курс­тары технология ғасырында өмір сүретін әрбір жас игеруге тиіс са­ла болып қалды. Қазір қандай тірлік жасасаң да, интернет не әлеуметтік желіде айтып отыруың міндетті болып қалды. Былайша айтсақ, цифрлық ізіңді қалдырып кету керек. Жастармен жұмыста соңғы технологияларды қолдана білу – кез келген бастаманың та­бысты болуының кепілі. Білім мен технология жайлап егіз ұғым­ға айналып бара жатқанда, мүм­­кін­діктерді жіберіп алмау ма­ңызды.