«Жастар – секталарға қарсы» атты акциядан кейінгі ой
Елу жылда ел жаңа десек те, дін туралы айтар әңгіме өзінің өзектілігін жоя қойған жоқ. Керісінше, уақыт жылжып, заман ауысқан сайын дін мәселесі адамзат санасында күрделі өзгерістерге ұшырауда.

«Жастар – секталарға қарсы» атты акциядан кейінгі ой
Елу жылда ел жаңа десек те, дін туралы айтар әңгіме өзінің өзектілігін жоя қойған жоқ. Керісінше, уақыт жылжып, заман ауысқан сайын дін мәселесі адамзат санасында күрделі өзгерістерге ұшырауда.
Тоқсаныншы жылдары Чешенстан, Дағыстан және Өзбекстанда орын алған діни қақтығыстардың синдромы біздің мемлекетімізде де көрініс тапты. Далалық жолмен жеткен дәстүрлі исламды жоққа шығарып отау ішінен отау тігіп, өздерін «таза ислам жолында жүрміз» деп санайтындар немесе радикалды исламды қолдаушылар күннен-күнге көбейіп келе жатқандығы байқалады.

Күнделікті теледидардан, баспасөз беттерінен, тіпті, көшелерден естіген «ана бала уаххабист болып кетіпті», «біреуі ата-анасының пісірген тамағын жемейді екен», «сақал өсіргендер көбейіпті-міс», «қазақтар жаппай шоқынып жатыр» деген әңгімелерден жас буынымыздың кейбірі дәстүрлі дінімізден ауытқып, өзгенің жетегінде кетіп жатқанын сезесің. Осылайша, ата-бабаның ұстанған жолымен, далалық дәстүрмен келген ислам дініміз тармақталып, сан-саққа бөліне бастады. Күн санап қазақстандық қоғамда дәстүрлі емес діни ағымдар, деструктивті культ және оккультизм өзінің шебін нығайтып, кеңейте түсті. Осыдан кейін көпшіліктің көкейінде «діннің дұрысы қайсы, бұрысы қайсы?» деген күмәнді сұрақ қылаң берді.
Батыс Қазақстан облыстық дін істері басқармасының мәліметі бойынша, облыс тұрғындарының арасында жүргізілген сауалдама негізінде дінге мүлдем сенбейміз дегендердің саны небәрі 8,7%-ды көрсеткен. Ал 11,3%-ы ислам дінінің барлық шарттарын берік ұстанып, шариғат жолымен жүретінін жеткізсе, 57,5%-ы діни салт-жоралғыларды ұстанбаса да өзін мұсылман санайтындар қатарында екен. Православие дінін толық ұстанамын дейтіндер 4,3%-ды, өздерін жалпы православиелік санайтындар 9,3%-ды, ал басқа конфессияны таңдағандар 0,4%-ды құраған. Бұл көрсеткіштен қазіргі таңда имандылықтың өзі қасиетті қара нан секілді үлкен сұранысқа ие болып тұрғанын аңғару қиын емес. Қазақстанда радикалды діннің негізінде экстремистік іс-әрекеттерге барғандардың жас мөлшеріне көз салсақ, жалпы 70 пайыз экстремистер 18-29 жас аралығындағы жастар екендігін көрсетеді.
Біз алдымен ислам дінінің адам баласының табиғи жаратылысымен үндесіп жатқандығын ұғынуымыз керек. Нақты айтар болсақ, ислам діні – бүлікті емес, бірлікті көздейтін, ақылға бағынатын және ақылды дұрыс пайдалана білуге уағыздайтын, ғылыммен айналысуға үндейтін, қоғамдық келісімді және әлеуметтік татулықты қолдайтын дін. Ендеше, өзіміздің дәстүрлі дінімізді дұрыс түсінбей жүргендігімізге не себеп?
Ең бастысы, ұрпағына рухани немесе имани тәрбие беретін алдыңғы буынның діни сауатсыздығы болып отыр. Бұған кеңестік режімде бұқараның санасына жасанды түрде енгізілген атеизм кінәлі. Екіншіден, шетелдік миссионерлер ықпалының күштілігі. Керек десеңіз, ауыл баласына рухани жол сілтейтін ауылдық жерлердегі имамдардың діни білімдерінің аздығы ащы да болсын шындық. Сондай-ақ, баспасөз беттерінде, телеарналарда дін тақырыбында ақ-қараны ажырататын мәліметтердің әлі күнге дейін аз таратылып, халық арасында түсіндіру жұмыстарының жетіспеушілігі жастардың керітартпа діни ағымдарға ілесіп кетуіне жол ашып отыр.
Ал осындай кедергілердің алдын алуға, дәстүрлі дін мен жалған ілімнің ақ-қарасын ажыратуға бағытталған шаралардың ішінде Орал өңірінде кейінгі жылдары дәстүрге айналған «Жастар – секталарға қарсы» акциясының алар орны бөлек. Аталған шараның нәтижесінде діни ахуал тұрақталып, оңды нәтижелерге қол жеткізіліп келеді.
Бүгінде деструктивті ұйымдардың ықпалына түскен жүздеген азамат өздерін қорғауды қажет етеді. Осыған сәйкес еліміздің барлық өңірлерінде діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталықтары құрылып, олардың жастармен бірге жүргізетін сауықтыру, алдын алу шаралары жалғасын табуда. Бұл акция түрлі ағымдардың жетегінде кеткен жастарға қолұшын созуды, діни экстремизм мен терроризмге жол бермеуді мақсат етеді.
– Біз – қаймағы бұзылмаған қазақтың қарапайым, адал, еңбекқор жастарымыз. Сондықтан, ата-ананың, ұлағатты ұстаздың берген тәрбиесін ұстанып, елді дамытуға бірге атсалысуымыз керек. Жастардың білімдері мығым, тәрбиелері терең болса, шырмауға ілінбес еді. Ата-баба салтын сақтау, үлкендер сенімін ақтау, асыл дінімізге құрметпен қарап, сенімге селкеу түсірмеу – бүгінгі ұрпақтың парызы,– дейді Батыс Қазақстан облыстық «Жастар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі төрағасының орынбасары Серік Тоқмәмбетов.
Облыста аталған акция аясында жастардың теріс ағымдарға деген көзқарастары мен ұстанымдарын білу мақсатында сауалдамалар жүргізіліп, теріс діни ағымдардың кері әсерлері туралы ақпараттық материалдар таратылып отырады.
Ал осы теріс пиғылды ұйымдардың тырнағына жастарымыз қалай ілініп жатыр? Жауап табу үшін өңірдегі теріс діни ағымдардың ықпалынан зардап шегушілерге көмек көрсететін «Жайық» орталығының зерттеу жұмыстарына да зер салдық. Жалған ұйымдарға тартудың ең оңай тәсілі – көше бойындағы жылтырағы келісті, көз тіккен адамды еріксіз өзіне тартатын жарнамалар. Айталық, еш тексеруді қажет деп таппайтын аялдамаларда «Ақысыз ағылшын тілін оқыту курстары», «Ақысыз компьютер курстары», «Жоғары ақымен студент жастарға жұмыс», «Психологиялық семинар-тренингтер», «Философиялық оқулар» секілді жарнамалардың кейбірі жалған ұйымдардың іс-әрекеттері екеніне көпшілік терең мән бере бермейді. Осының салдарынан тегін курстар мен жоғары жалақы деген желеудің буына мас болғандар арада аз күн өткенде «бөтеннің қорасында» қамалып қалатынын сезбей қалады. Жасыратыны жоқ, бүгінде жас буын өкілдері діни тәлімді ұстаздардан немесе имамнан үйренбей, ғаламторды жеңіл көреді. Ал діни ағымдардың сайттарында миды улайтын мәліметтер молынан жетіп-артылады. Тіршілік күйбеңімен жүріп, ата-аналардың бала тәрбиесіне алаңдамауы да талай шаңырақты шайқалтып кеткенін көзімізбен көріп жүрміз.
Ал теріс діннің жетегінде жүргендердің басым көпшілігі өзіміздің қандастарымыз бен қаракөз бауырларымыз! Айтпасқа болмайтын бір жайт, анау жер бетін жаңа жаратқандай ілім тарататын «Жаңа өмір» шіркеуі, қазақтар қауымын құрып, қазақты қазаққа айдап салатын «Иеһова куәгерлері» ұйымы, талай тағдырды тәлкекке ұшыратқан «Саентология» немесе «Дианетика» орталығы, айта берсең шетіне жетпейтін көзбояушылық қазақты өз ішінен ірітіп, шірітіп жатқандай әсер қалдырады. Тіпті, қитұрқылығы талай әшкере болған «Благодать» ұйымының да заңсыз іс-әрекеттеріне әлі күнге дейін толық тыйым салынбай отыр. Өйткені, бұл жерлерден өз дінінен бас тартып, Алласы түгілі, ата-бабасын ұмытқан қазағымның жасы тұрмақ, еңкейген кәрісіне дейін табасыз. Даналық жасына жеткен ақсақалдарымыз бен ақжаулықтыларымыздың Алланы емес, Иса мәсіхті дәріптеп, бұлай адасқанын немен жуып-шаямыз? Кешегі Шам еліне «жиһад жасауға» аттанған қазақтардың көздегені не? Қазақтың елінде тұрып, мұсылманшылығымызды мойындамай, салт-дәстүрлерімізді тәрк етіп, рухани құндылығымызды жоққа шығарғандығынан бөлек, өзі өмір сүріп отырған қоғамнан ашықтан-ашық безінуі ақылға сыйымсыз.
Осыдан 2-3 жыл бұрынғы мына оқиғаны кейіпкердің өз аузынан естіген едік. «Жайық» орталығының көмегіне жүгінуші Р. есімді азамат бір кездері қаламыздағы ақшалы компанияда лауазымды қызмет атқарған. Жасы отыздар шамасындағы орыс ұлтының өкілі өз алдына отбасылы, тірнектеп қол жеткізген баспанасында тыныш өмір сүріп жатты. Бірде ертеңгілік жұмысқа асығып, есіктен шыға бергенде пәтердің алдында жүрген белгісіз екі сұлу бойжеткен онымен күліп амандасады. Уақыты тығыз болса да, сұлулыққа көзі арбалған жігіт сәл бөгеліп, екеуден не мақсатпен жүргенін сұрайды. Олар үй-үйді аралап, «құдай әке мен қасиетті рухты» насихаттап жүргенін айтып, «Киелі жазбалар» деген шағын кітапшаны қолына ұстатып жібереді...
Әлгі жігіт ағасы оларды тағы бір көруді арман етеді. Бірде кітапты ақтарып отырып, оның мазмұны теріс пиғылда екенін сезе қояды да, көңіліне күдік кіреді. Өйткені, өзі дін жолында болмаса да, ата-бабасының дәстүрлі дініне сенетін еді. Арада аз уақыт өткенде әлгі екеу тағы кезігеді. Осы жолы арулардың әңгімесі оған шынайы әсер қалдырып, алғашқыдағы күдігін сейілтеді. Содан соң алдағы уақытта кездесіп тұруға сөз байласады. Осы таныстық жігітті басыбайлы шырмауға түсіріп, 3 айдың ішінде нағыз «мәсіхші» болып шыға келеді. Біздің тілмен айтқанда, қып-қызыл «сектант». Бұл жүрісінің дұрыс еместігін айтып жылаған әйеліне де, ата-анасына қайырылмайтын болды. Ақыры, жылға жуық уақытта діни ұйымның талабына сай отбасынан ажырасуға бел байлап, баспанасын құдай жолына деп «сыйға» тартады. Оның бұл «мәрттігі» қызмет орнына жетіп, соңы жұмыстан қуылады. Ал барынан айырылып, есін жиғанда бәрі де кеш еді.
А. есімді қызды да бұрыннан сырттай танушы едік. Тілге шешен, пысық, әзілқой, өзіне өте сенімді қыз. Аздап ақындығы да бар. Ерекшеленіп жүретін жандар өзгелердің назарына бірден түсетіні белгілі, өзі оқитын оқу орнында белсенділердің қатарында болды. Студенттер арасындағы облыстық, республикалық түрлі шаралардың бел ортасында жүріп, «жұлдыз» атанды. Алайда, жарқыраған өмірдің сәулесі көп ұзамай тамұққа айналды. Жат пиғылды діни ағымдар дәл осындай қоғамда белсенді, өмірге құштар «қымбат» жандарды торға түсіруге құмар келетініне сіз сенбейтін шығарсыз, бәлкім?
Оқу бітіп, жазғы демалысқа шыққан уақытта оның отбасында кезекті ұрыс-керіс А.-ның ата-анасынан бөлек кетуімен аяқталды. Бойын ыза мен кек кернеп, мұңын шағар адам таппай жүрген сәтінде қаламыздағы протестанттық ұйымдағы әйелмен танысады. Көп уақыт өтпей, қазақ қызы мойнына крестен алқа тағып, Исаға табынып, шоқынуға шешім қабылдайды. Достарымен де араласудан бас тартады. Оның шоқынғанын естіген құрбылары мен бауырлары көмекке қол созса да, қайран болмады. Санасын батыстың «інжілі» улаған ару оқудан шығып, өзі барып жүрген ұйымға діни қызметке қабылданады. Ақындығын әншілікке айырбастап, сол жерде әр жексенбі сайын діни әуендер айтуды үйренеді. Оның ойынша, ең дұрыс, ең тура жол осы. Болмашы ұрыстың кесірінен ата-анасынан түбегейлі қол үзген қыздың бүгінгі тағдыры бізге жұмбақ. Отбасына оралғысы жоқ.
Бұл мыңдаған тағдырдың ішіндегі біреуі ғана. Бір отбасындағы тәрбиенің осалдығы баланың жүрегіне жылдар бойы дақ салып, есейген шағында қайғыға ұшыратты. Сондықтан, әр ата-ана «балам ержетті, қызым бойжетті, қалған уақытта өздері шешеді» деген асығыс ойдан ада болғаны жақсы. «Айдауға көнбейтін» ынжықтардан емес, таланты мен талабы таудай ұрпағымыздан осылайша айырыла берсек, біздің кім болғанымыз?
Қарапайым көпшілік діннің жетегінде кететіндер санасын тұрмыс билеген жастар мен студенттер, тұрмысы төмендер, өмірден теперіш көріп бақытсыздыққа ұшырағандар деп ойлап келді. Бүгінде батыстан келген түрлі діни ұйымдардың мақсаты мүлде басқа екендігіне көзіміз жетті. Оларға жұмыссыз жастар емес, біліммен қаруланған, өз ойын өзгеге ашық жеткізе алатын, өзіндік «мені» қалыптасқан жастар қажет. Жоғарыда айтқандай, оңай олжаға кенелу үшін бизнес өкілдерін, ауқатты отбасыларды немесе қалталы азаматтарды тартқан ыңғайлы. Ең қитұрқысы, ата-анасы мемлекеттік мекемеде жұмыс жасайтын отбасылардың балаларын қақпанға түсіру арқылы, мемлекеттің құпия істерін қадағалауға ұмтылуы. Бұл қанша жерден жасырса да, айтылуы керек ақиқат.
Иә, адамзат діннен, имандылықтан алшақтаса, рухани аз-ғындық басталады. Рухани азғындау – қоғамның, ұлттың іштей ыдырауына, тіпті, жойылуына әкелетін негізгі фактордың бірі. Біздің айтпағымыз, жоғарыда аталған мысалдардан бүгінгі өскелең ұрпақ сабақ алуы тиіс. Ең бастысы – дұрыс діннің ұлтты ұйытып, бірлікке үндейтінін естен шығармаса болғаны. Қазақ елі баршамызға ортақ қасиетті мекен болғандықтан, діни ағымдарға қарсы күрес – тек бір ғана мешіт имамының ғана емес, баршамыздың абыройлы міндетіміз. Алтындай саф, гауһардай таза асыл дініміз арқылы ертеңгі күнге алаңсыз, ұлттық бірлігімізді нығайтып жеткізуге Алла нәсіп етсін!
Ләззат ШАҒАТАЙ,
журналист,
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.