Дәріхана сөрелерінде 5 112 қорап вирусқа қарсы препараттар, 50 274 қорап антибиотиктер, 16 416 орама ыстық түсіретін дәрілер және 142 425 дана бетперде сатылымда тұр. Ал көтерме сауда қоймаларында алдағы үш айға жетерлік дәрумен бар. Сондықтан коронавирустың екінші толқыны келе ме деп уайымдап отырған тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ.
Бұған қоса «Медсервис плюс» мекемесі жақында 3 мың дана электронды термометр құралын алдырғалы отыр. Ал медицина саласында көп жылғы тәжірибесі бар «Талап» АҚ қазан айының басында таблетка түріндегі ацетилсалицил қышқылын жеткізбек.
Орал қаласы мен аудандардағы дәріханалардың дәрі-дәрмекпен қамтылу жайы www.stopcovid.kz сайтында онлайн режімде қадағаланып отыр. Сайттың мобильдік қосымшасы әр адамға қолжетімді.
– Тұрақтандыру қоры бойынша қажетті дәрі-дәрмектің төрт айға жететін қоры жасақталады. Қазір 25 түрлі дәріге сұраныс түсті. Бұл қор «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жасалады. Қажетті дәрі-дәрмекті сатып алу үшін келісімшарттар жасалған. Қазан айының ортасына қарай толық жеткізіледі, – дейді басқарманың баспасөз хатшысы Сәуле Зағидуллина.
Міне, осындай шаралардың нәтижесінде өңірде қазір зәру дәрмек жоқ. Соның ішінде коронавирусқа қарсы күресте қажет болатын емдік құралдардың екі айлық қоры жасақталған. Өткен маусым-шілде айларында өңірдегі медицина мекемелері жалпы көлемі 488 млн теңгенің медициналық препараттары мен құрал-жабдығына тапсырыс берген еді. Бүгінде 338,7 млн теңгенің тапсырысы орындалған.
Қазіргі таңда облыста өкпені жасанды тыныстандыратын 138 аппарат, 476 оттегі концентраторы, 10 компьютерлік томограф, 47 рентген аппараты, 675 пульсоксиметр, 198 оттегі толықтырғыш орын, 172 дана Бобров аппараты бар. Бұған қоса жергілікті бюджет пен трансферттер есебінен тағы да 15 дана тыныстандыру аппараты, 7 рентген жабдығы сатып алынбақ. Үш оттегі стансасын алуға 113 млн теңге қарастырылған.
– Бұған қоса Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арқылы өкпені жасанды тыныстандыратын аппараттың тағы 35 данасы, аудандық ауруханалар үшін 9 дана жылжымалы медициналық кешен келмек. Орал қаласында құны 7,2 млрд теңгелік модульдік аурухана құрылысы басталды. Қазірдің өзінде 4,2 млрд теңге бөлінген, – дейді басқарманың баспасөз хатшысы.
Облыста осы күндері 63 жедел жәрдем көлігі тәулігіне 700 мәрте тапсырыс қабылдап, науқастарға көмек көрсетуде. «БРК-Лизинг» компаниясы арқылы қыркүйек-қазан айларында өңірге тағы 37 реаномобиль әкелінеді. Қазір емханалар жанынан 123 мобильді бригада құрылған, олар COVID-19 дертінің белгілері бар науқастарға, бұрын осы індетпен ауырған адамдарға және созылмалы дерті бар жандарға, жүкті әйелдер мен балаларға жедел көмек көрсетуге әзір отыр. Бұл топтарда 144 дәрігер мен медбике бар, қосымша 38 маман керек. Медицина мекемелері қорғаныш жабдықтарымен қамтылған.
Кадр тапшылығы демекші, биыл еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі 118 дәрігерді өңірге жолдаған болатын. Қазір 106 жас маман келіп, қызметке орналасып үлгерді. Оның 70-і – Ақтөбеден, 19-ы – Алматыдан, 10-ы Нұр-Сұлтан қаласынан келген. С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінен келген 7 маман Батыс Қазақстан облысы әкімінің грантымен оқыған еді. Олар қазір Орал қаласындағы стационарларға қызметке орналасты.
Қыркүйек айының 28-індегі мәлімет бойынша денсаулық сақтау саласының 326 қызметкері әлеуметтік төлемдер мен қосымша ақы алу үшін өтініш білдірген екен, соның 229-ының құжаты қабылданған. Әлеуметтік сақтандыру жөніндегі мемлекеттік қордың мәліметіне қарағанда, 210 қызметкерге төлем берілетін болыпты. 130 адам оны алып үлгерген.
Жалпы, наурыз бен тамыз айлары аралығында осындай төлемдер үшін облыста 2 630,6 млн теңге жұмсалған. Ол қаржыны алғандардың ішінде 1 280 дәрігер,
4 918 орта, 1 691 кіші медициналық қызметкерлер, 894 жедел жәрдем жүргізушісі бар.
Осы кезге дейін облыста covid-19 дертіне шалдыққан
6 855 адам тіркелсе, соның 6 746-сы жазылып шыққан. Өкінішке қарай, 106 адам коронавирустан, 206 науқас пневмониядан қайтыс болды.
Соңғы мәліметтерге қарағанда, қазір облыста 61 адам пневмониямен тіркелген, оның 28-і – стационарда, ал 33 науқас амбулаториялық жағдайда емделуде.
Батыс Қазақстан облысы