08 Қараша, 2013

Ақындық арын, даусыз дарын

393 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

01-Аманжолов1970 жыл. Алматы. Тамыз. Қазақ мемлекеттік университеті. Журналистика факультетінің баспасөз кабинетінде шамамен сексен шақты ұл мен қыз отыр. Бұлар – емтихандардан сүрінбей өтіп, конкурсқа жеткендер. Енді, міне, қабылдау комиссиясының ұсынысы бойынша шығарылатын ректор бұйрығын тыңдағалы жиналған. Сол сексен шақты ұл-қыздың елуінің бағы жанғалы тұр. Жүрек шіркін лүп-лүп соғады. Міне, декан да кірді. Атақты Тауман Амандосов. Қаршыға жанарлы, сұсты кісі. Конкурстан өтіп, студент қатарына қабылданған адамның фамилиясын атайды, орнынан тұрғызып бетіне бір қарайды да қояды. Құттықтамайды да. Келесіге көшеді. Тек бір фамилияға келгенде өйтпеді. «Аманжолов» дегенде дембелше денелі қараторы бала жігіт көтеріле берген. «Ал, құтты болсын. Қалай, әділет бар ма екен?» деді декан. «Бар екен, аға!», деді жаңағы жігіт. Екі беті алабұртып, толқып кетті. Аң-таң қалып біз отырмыз.

01-Аманжолов

1970 жыл. Алматы. Тамыз. Қазақ мемлекеттік университеті. Журналистика факультетінің баспасөз кабинетінде шамамен сексен шақты ұл мен қыз отыр. Бұлар – емтихандардан сүрінбей өтіп, конкурсқа жеткендер. Енді, міне, қабылдау комиссиясының ұсынысы бойынша шығарылатын ректор бұйрығын тыңдағалы жиналған. Сол сексен шақты ұл-қыздың елуінің бағы жанғалы тұр. Жүрек шіркін лүп-лүп соғады. Міне, декан да кірді. Атақты Тауман Амандосов. Қаршыға жанарлы, сұсты кісі. Конкурстан өтіп, студент қатарына қабылданған адамның фамилиясын атайды, орнынан тұрғызып бетіне бір қарайды да қояды. Құттықтамайды да. Келесіге көшеді. Тек бір фамилияға келгенде өйтпеді. «Аманжолов» дегенде дембелше денелі қараторы бала жігіт көтеріле берген. «Ал, құтты болсын. Қалай, әділет бар ма екен?» деді декан. «Бар екен, аға!», деді жаңағы жігіт. Екі беті алабұртып, толқып кетті. Аң-таң қалып біз отырмыз. Декан ағамыз келесі студенттің фамилиясына бірден көше салмай, сол арада жаңағы әңгіменің жайын түсіндірді. Сөйтсе, емтихан күндерінде мына жігітіміз комиссия жұмысындағы бірдеңеге назаланып, содан тура деканның кабинетіне жетіп барған екен. Барған екен де баяғы Ғабең жазатын Ақанның Науан хазіретке айтатынындай етіп, «Әділет қайда, әділет?!» деп айқайға басқан екен. Жас болсақ та байқаймыз ғой, деканымыз бұл әңгімені бер жағынан ғана кінәлағандай етіп айтқан сияқты, әр жағынан бір түрлі сүйсін­гені, тіпті, айызы қанғаны аңғарылып тұрды. Біз бәріміз де мектептен жаңа шыққан бала жігіттің батылдығына, рухының өрлігіне тәнтілікпен қарап қалдық. Оқу басталғанда біразға дейін оның атын әзілдеп «Әділет» атандырғанымыз да есімізде.

Сол жігіт қазақтың қазіргі қабырғалы қаламгері Қорғанбек Аманжол еді. Бертінде ол маған телефон соғып: «Мен де келіп қалдым алпысқа, кітабымды шығарғалы жатырмын, алғысөз жазып берші», деді. «Қой, саған қайдағы алпыс? Немене, ойыншық па сендерге алпыс жас?» деп соқтығып жатырмын досыма. «Қайдағың не? 2003 жылы сен жаңа ғана Ақпарат министрі болған алғашқы күндеріңде маған елу жасыма құттықтау жолдаған жоқ па едің? Содан бері он жыл өтті. Елуге онды қосқанда алпыс болатынын бастық басыңмен білмеуші ме едің өзің?» деп ол да есесін жібермейді.

Иә, сонымен біздің Қорғаш та алпысқа келіпті. Зулап бара жатқан уақыт. Қарап отырсақ, курстасымыз, досымыз бұл жасқа жақсы жеткен екен. Журналистиканың аудандық, облыстық газеттерінің қайнаған қазанында әбден пісіп, Алматыдағы мүйізі қарағайдай талай ақын-жазушының түсіне кіретін «Жұлдыздан» бір-ақ шықты, одан жаңадан құрылған «Ауыл» газетіне барып, публицис­­тиканың көрігін лаулатты. Негі­зінен сол жылдардағы жазған-сызғандарынан құралған «Зұлмат пен ғибрат» деген кітабы – қазақ журналистикасындағы тамаша туындылардың бірі, ерен еңбек, сирек табыс. Өлең кітаптары да бірінен кейін бірі шығып жатты.

«Бастан асып барады қарыз деген, Арман болып қала ма Париж деген» деп келетін бір өлеңін оқып, телефонмен: «Қорғаш, Парижге барғың келіп жүр ме, немене?» дедім. Өзі аң-таң. «Парижге бар­ғың келсе, «Егеменге» жұмысқа кел. Жолыңды қалайда бір түсі­рерміз», дедім. Бұл 2007 жылдың күзі еді. Ақжолтайлығы ғой, біздің редакцияға орналаса салысымен бірер ай өткенде менің құрдасым Жүрсін Ерман айды аспанға шығарып, дәл сол Парижде айтыс ұйымдастыра қалсын. Әри­не, Қорғанбек барды ол айтысқа. «Егемен Қазақстанның» Алма­тыдағы бөлімшесінің жетекшісі қызметіне келісімен досымның шығармашылықтағы жаңа бір тынысы ашылып сала берді. Мақаладан мақаланы, сұхбаттан сұхбатты тоғытты дейсің келіп. Бірінен бірі өтеді. Әлемнің талай елінен репортаждар да жолдады. Қазақтың қаншама асыл ұл-қыздарымен жан-жүректі жылытатын әңгімелер жасады.

Қорғанбек Аманжолдың жур­налистік еңбектерін оқыған адам автордың ақын екенін ағып тұрған тілінен де, ой орамдарының ішкі ырғақтарға құрылып келетін кернеуінен де, аяққа құйылған астай болып төңкеріле қалатын пішін-бітімінен де анық аңғарады. Ол өлеңді ерте бастаған. «Алапа» деген қазақтың құйқалы да құнарлы сөзімен аталған жинағындағы «Алғашқы менің өлеңім» сол сәттердің суреті. Университетте жүргенде де Қорғанбектің талай-талай тамаша жырларын тамсана оқығанымыз есте. Төменгі курстардың бірінде жарияланған өлеңдерінің арасынан: «Шын сағыныш қайғыменен бір дейді, Шын бақыттар мұңаюмен гүл­дей­ді», деген жолдары әлі жадымда.

Қорғанбектің жаңа жинағы оның қай жағынан да кемеліне келгенін көрсетеді. Мағжан мәне­рімен жосылтып, Ілияс екпінімен төгілтіп түсірген «Қанай-Абылай» поэмасы оның кәміл ақындық табысы деу­ге лайықты туынды. Ақындық арынға салып, сол тұстағы аса күрделі үдерістерді оңайлатыңқырап жібергеніне сәл-пәл кеңшілікпен қарасақ, «Олжас» поэмасы да асыл азаматты ардақтаудың әдемі үлгісі. Бір қарағанда кейіпкер өмірін кезең-кезеңімен жыр арқауына айналдыра бергендей де көрінетін «Бірәлі-дастан» – көп адам біле бермейтін ғажап ғұмырнама.

Көкше өңіріне, Зеренді же­ріне барсаңыз ойдым-ойдым орман­дардың бірінің шетінен үлкен тақтаны көресіз. Ол тақтаға біздің Қорғанбектің «Зеренді қара­ғайлары» деген өлеңі үлкен әріптермен жазылған. «Осынау бақи ғұмырдың, Жалғаса берсін тойлары. Ұмытпа жырын ұлыңның, Зеренді қарағайлары!» деп бітеді сол мөлдір жыр. Бүгінде Қорғанбек ақынның жырлары өзі өскен өлкеге ғана емес, бүкіл қазақ даласына да қадірлі.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ.

_________________________

МЕЗГІЛ ӘУЕНДЕРІ

Сағыныш

Өмірге мына келгенде,

Өріліп менің кеудемде.

Өрнегін салып жаныма,

Сағыныш туды бір демде.

Қыркүйек айы болатын,

Жапырақ қағып қанатын.

Сәбидің сазын қызықтап,

Бесігіме менің қонатын.

Оранып сыршыл сағымға,

Сағыныш туды жанымда.

Сүтімен сіңіп анамның,

Себездеп ақты қанымда.

Жөңкілген нұрдай ағынның,

Жолынан солай табылдым.

Жазылған, бәлкім, пешенем:

Туа бір сала сағындым.

Болсам да сәби нәресте,

Бедерленіпті-ау бәрі есте.

Иіліп кемпірқосақтай,

Аңсарым тұрды белесте.

Сағындым жазда, қыста да,

Талпынып өстім нұсқаға.

Тізіліп ұшқан көктегі,

Көп қараушы едім құсқа да.

Сағындым нені?

Білмеймін.

Сарыла күтіп гүлдеймін.

Аңқам бір кебе аңсаймын,

Айын жоғалтқан түндеймін.

Асығып әрбір ақ таңға,

Аңсадым қаңтар, ақпанда.

Қобалжуым да көп болды,

Келе алмай, тегі, тоқтамға.

Сағынған нәрсем беймәлім,

Сарыла күткен жайдамын.

Бейдауа жылдар көп өтті,

Білдірмей маған байламын.

Аспаннан жұлдыз санадым,

Санамда – дария, сан ағын.

Сағынышыммен қаусырған,

Сабылтты мені ғаламым.

Аптығын баспас аңсар ән,

Айтып мен қалай тауыса алам!?

Беймаза жаным дауасыз,

Біткендей бейне бар шарам.

Сағындым әзіз көп жанды,

Бақиды, дүние жалғанды.

Беймәлім жыр боп бұлқынған,

Сағындым, бәлкім, Мағжанды.

Жүректе жанды от қалай!

Сағына бердім тоқтамай.

Сағынышымнан дарыған,

Басыма қонған бақ-талай.

Қуанғанымда да сағындым,

Ту алғанымда да сағындым.

Ағыл да тегіл жылап бір,

Уанғанымда да сағындым.

Сағыныш сыймас керсенге,

Сабырды сайлап берсең де.

Саябыр таппас салтыммен,

Сағынып өлем – өлсем де.

Сағыныш деген қалың өрт,

Меңдеткен мият дәрі дерт.

Мәңгілік сапар шағында,

Рухымды менің жаныңа ерт!

 

Мешітті ғалам

Мешітті ғалам туған үй,

Мекенім едің тал бесік.

Ертегі назды думан күй,

Еркелеп өстік ән кешіп.

Талқанның дәмі – таңдайда,

Аласыз көңіл алқаған.

Алақан табы – маңдайда,

Қамқор қол қаққан арқадан.

Айналып мені толғанар,

Айқабақ жандар мол еді-ау.

Бауырға бүйрек жалғанар,

Бағзының жолы сол еді-ау.

Жанардың төгіп жаңбырын,

Өңімдей бейбіт ажармен.

Балалық дәурен бал күнін,

Бақтым мен ыстық назармен.

Көмейді талай күйдірдім,

Кептелген тамшы жасыммен.

Жанымнан мейір идірдім,

Жүректе жанған жасынмен.

Бұйырып бақыт аздаған,

Періште пәки күйімде.

Мейірім ғана маздаған,

Мешітті ғалам үйімде.

Қасиет тұтар қағбамдай,

Дарытып дарқан иман, ар,

Атырды десем ақ таңдай,

Аллам да маған иланар.

Мен туған құтты қара орман:

Мешітті менің ғаламым,

Өшпейтін жарық – санамнан,

Ұшында тілдің – кәләмім.

Балалық өтті, бас білдік,

Барқадар таптық алаңға.

Үзілді бырт-бырт жас кіндік,

Байланған сонау ғаламға.

Алдынан сол бір баланың,

Ашады дүние аранын.

Мешітті менің ғаламым,

Мен сені қайдан табамын?!

Мен сені қайдан табамын...

* * *

Бұлқынып аққан бір бұлақ,

Болашақ жаққа асыққан.

Көңілден көктем нұр құлап,

Бойда бір жігер тасытқан.

Өртеңге қаулап гүлдейтін,

Өлеңім үшін өріс кең.

Талайлы жерде жебейтін,

Тастама мені, періштем!

Өрімін өзім өргесін,

Өмірге жоқ қой наразы.

Ақиқат жолы ерге – сын,

Иманым болар таразы...

* * *

Алғашқы күннің күркірі,

Есіттім кенет үніңді.

Шым етіп жүрек біртүрлі,

Сағынғандаймын кімімді?

Айырып төсін аспанның,

Алыстан сонау ақтың-ау.

Зор үнге толып жас жаның,

Асығып келе жаттың-ау.

Жайнатып көктің реңін,

Жалтылдап шуақ ойнады.

Шапағат сүйіп нұр өңін,

Шаттығын дүние тойлады.

Күркіреп жеткен көктемім,

Көкжиектерден бері асып,

Сіркіреп жаңбыр төккенің,

Сырыма сұлу жарасып.

Сырт та сырт қаққан әйнектен,

Әр тамшың әйбәт хабаршың.

Жырымды менің сөйлеткен,

Жылдарға бірге барарсың.

Қорғанбек АМАНЖОЛ.

Соңғы жаңалықтар