Саясат • 30 Қыркүйек, 2020

Импорттаушыларға – 110 млн теңге айыппұл

111 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері елімізге шетелден келетін жүктерді тексеру кезінде өсімдіктер карантиніне қатысты 2,7 мыңнан астам заң бұзу фактісі анықталды. Пандемияға байланысты биыл карантин талаптары күшейтілгенін атап өткен ләзім.

Импорттаушыларға – 110 млн теңге айыппұл

Ауыл шаруашылығы ми­нис­трлігінің хабарлауынша, көп жағдайда өсімдік өнімдерін импорттаушылар тауарды міндетті фитосанитарлық сертификатсыз алып келуге тырысады. Сондай-ақ жалған немесе сәйкес келмейтін сертификатпен, тыйым салынған және зиянкестері бар өнімдерді елге кіргізбек болған әрекеттердің жолы кесілді.

– Осы фактілер бойынша 8 ай­дың қорытындысына сәйкес 2 мың 225 жеке және заң­ды тұлғаға 110 млн 879 мың теңге айыппұл салынды. 720 жағ­дайда жүк жөнелтуші елге кері қайтарылды, – деп хабарла­ды министрліктің баспасөз қызметі. Экспорттаушы елге кері жіберілген жүк көлемі
1 мың тоннаға, яғни 1259 текше метрге жуықтайды. Сегіз жағ­дай­да өнім жойылып, үш жағ­дайда қайта өңделді.

Анықталған заңбұзу­шы­лықтарға байланысты экс­порт­таушы елдерге 477 ноти­фикация жіберілді. Нотифи­ка­цияның 252-сі – Өзбекстан Рес­пуб­ликасына, 127 – Ресей Феде­рациясына, 38 – Иран Ислам Республикасына жіберілді.

Қазіргі таңда елімізде 77 сыртқы және ішкі фитоса­ни­тариялық бақылау бекеті жұ­мыс істейді. Оның 32-сі рес­пуб­ликаның шекара маңындағы өңірлерінде карантиндік фи­тосанитарлық бақылауды күшейту үшін биыл ашылғанын айта кету керек.

Мемлекеттік карантиндік фитосанитарлық бақылау елге қауіпті каран­тин­дік объек­тілердің – өсімдік­тер­ді за­қым­дайтын өсімдік ауру­ла­рының қоздырғыштарын, кене, нематод сынды жәндіктердің, сондай-ақ арамшөп тұқымдарының Қа­зақстан шекарасынан ішке өтіп кетпеуін қадағалайды.

Ауыл шаруашылығы ми­нис­­тр­­лігі Агроөнеркәсіп кеше­нін­дегі мемлекеттік инспекция коми­теті биылғы 6 тамыздан бас­тап шығыс көбелегі мен комс­ток құртының табыл­уына байланысты Өзбек­стан аумағынан жеміс-жидек алып келуге уа­қытша тыйым сал­­ған болатын. Сондай-ақ ха­лық­аралық сауда нормаларын, оның ішінде өсімдік­терді қорғау және карантин жө­ніндегі халықаралық конвен­ция мен Еуразиялық эконо­ми­калық одақ талаптарын бұз­ғаны үшін министрлік Қазақ­станға өсімдік өнімдерін фито­са­нитарлық сертификат­сыз кіргізуге тырысқан бірқатар импорттаушыларды «қара ті­зімге» енгізді.