Аймақтар • 30 Қыркүйек, 2020

Аудандық ауруханаларға жедел жәрдем көліктері сатып алынды

152 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Ақтөбеге әкелінген  19 жаңа жедел жәрдем көлігінің13-і аудандық ауруханаларға жөнелтіліп,  6-уы Ақтөбе қаласындағы жедел жәрдем бекетіне берілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Аудандық ауруханаларға жедел жәрдем көліктері сатып алынды

Қазіргі уақытта өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақтанған. Ақтөбе қаласында жедел жәрдем шақырту үш есе, науқастарды стационарларға жатқызу 10 есеге төмендеп,  қалалық жұқпалы аурулар ауруханасындағы төсек-орын жүктемесі 78%-дан 16,2%-ға  азайған. Дегенмен, күн суыта суық тию мен  жедел респираторлы сырқаттардың көбеюімен қайтадан COVID-19 күшеюі мүмкін деген болжамға алдын-ала дайындық жүргізілді.  

Пневмониямен сыртқаттанушылар үшін   315 төсек-орын дайындалса, одан басқа 3588 төсек-орын резервке қойылды.  

"Қажет болған жағдайда төсек орындарды 315-тен 3 903-ке дейін, соның ішінде жансақтау бөліміндегі орындар санын 401-ге дейін көбейту жоспарланып отыр. Жазда  екі емдеу мекемесі жөнделіп, стационарлар қажетті  жабдықтармен  қамтамасыз етілді. Кереуеттер оттегімен 93% қамтылып, үш стационар орталықтандырылған оттегімен қамтамасыз етілді.  Алдағы күндері өкпені жасанды желдететін 147 аппарат, компьютерлік томограф, 13 стационарлық рентген аппараты, екі жылжымалы рентген аппараты, автономды оттегі бекеті мен КамАЗ түріндегі екі жылжымалы медициналық кешен жеткізіледі деп күтіліп отыр", дейді облыс әкімінің орынбасары Нұржауған Қалауов

Бұл күндері 47 622 ақтөбелік тұмауға қарсы егілді. 

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин аудан әкімдеріне барлық ауруханалардың санитарлық талаптарға сәйкестігін қатаң тексеріп, медициналық жабдықтарды, дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс заттарын қайта түгендеуді  тапсырды. Өйткені, "Сырқат саны көбейген жағдайда, қалалық стационарларға жүк түспеуі керек".