14 Сәуір, 2010

АСТАНА ТЕАТРЫ АЛМАТЫЛЫҚ КӨРЕРМЕН ТАЛҒАМЫНАН ШЫҒАР МА ЕКЕН?

777 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Өнер мен мәдениеттің ошағы болған Алматы шаһарына әлемнің айтулы тұлғаларынан бастап, түрлі өнер ұжымдары гастрольге келіп жатады. Театр қойылымдарына кенде болып көрмеген қалаға сәуірдің 20-25 аралығында елорда­дан Қ.Қуанышбаев атындағы сазды драма театры гастроль­дік сапармен келмек. Алматы тұрғындары мен қонақтары бұл жолы Астана театрының алты спектаклін көреді. – Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры араға бес жыл салып, Алматыға гастроль­дік сапарын жоспарлап отыр. Бұл бастамаға Астана қала­лық әкімдігі қай жағынан болса да қолдау көрсе­тіп, қаржылық демеу­ші­лік танытпақ. Бұл сапар оңтүстік астанадағы театр сын­шылары, майталман дарынды дра­матургтер, өнерді түсінетін жұрт­­­­шы­лық алдын­дағы есепті са­пары­­­мыз болмақ. Қазір біздің театр­да үш бірдей маман қоюшы-режиссер жұмыс істейді, – дейді аталмыш театрдың көркемдік жетекшісі әрі директоры Еркін Жуасбек. Әзірбайжан Мәмбетов мектебі­нің үрдісін жалғастырып отырған елордадағы іргелі өнер ордасы Ал­матыдағы өнер апталығын режис­сер Әлімбек Оразбектің “Абай” (М.Әуезов) трагедиясымен ашпақ. Сол сияқты Павлодар қаласын­дағы Ж.Аймауытов атындағы қазақ сазды драма театрының көркемдік жетекшісі Ерсайын Тәпенов өткен жылы Астана театрында А.Цагаре­ли­дің “Гамарджоба” деген атпен музыкалық комедиясын сахналаған болатын. Осы аталмыш туынды да  алма­тылық көрермендермен қауышатын болады. Көрермендер жіберіп алмауға тиісті тағы бір тамаша мүмкіндік – кезінде Әзірбайжан Мәмбетов сахналаған “Қарагөз” трагедиясы. Бұл қойылым өткен жылы Тегеран қаласында өткен гастрольдік сапарда ирандықтардың жоғары бағасына ие болғанын өнерсүйер театр қауым ұмыта қоймаған болар. Алматылық көрермендерге осы­дан екі жыл бұрын Астана театры­ның режиссері Юрий Ханинга-Бекназар Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетованың мерей­тойына орай сахналаған “Қымбат­ты Па­мелла” (Дж.Патрик) коме­дия­сын тама­шалау­дың да сәті түсіп тұр. Сол сияқты осы апталық ая­сын­да бала­лар­ға арналған М.Ах­манов­тың “Ал­дардың айласы” ертегісі ұсынылады. Өткен жылы Қарағандыда өткен республикалық театр фести­валінің жүлдегері атанған режиссер Н.Жұ­ма­ния­зовтың “Үй­лену” коме­диясы (Е.Жуасбек) мен режиссер Болат Ұзақов сахналаған жас драматург Қ.Жүнісовтің “Махаббат мелодрама­сы” атты психологиялық туындысы қазір Астана жастары мен қонақтары ең көп баратын қойылымдар қатарында. Осыншама өнер жауһары өз аяғымен Алматыға келіп тұрғанда  өнерді қадір­­лейтін халайық мұндай мүмкіндікті уыстан шығара қой­масы анық. Әйтпесе, елорданың мәдени тыны­сын арнайы тамаша­лауға барсаңыз да, алты бірдей спектакльді қатарынан көріп шығу неғайбыл. Ал Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының директоры Еркін Жуасбек Алматы­дағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Есмұқан Обаев­қа дән риза. Өйткені, өнер­дегі бәсекелес деп емес, үзеңгі қағысқан әріптестер ретінде Астана театрын лайықты қарсы алуға әкемтеатр да аз дайындалып, аз қобалжып жатпаған көрінеді. – Біз үшін бұл гастрольдің маңызы жоғары. Театр қойылым­дарынан кенде болып көрмеген ал­ма­тылық көрермендердің шы­найы ықыласына бөленіп, жақсы баға алып жатсақ, жаңа бір белеске көтеріл­геніміз. Астанадағы қазақ музыкалық драма театры жас болса да, қатарында елге талантымен танылған, тәжірибе жинақтаған сах­на саңлақтары аз емес. Қуандық Қыс­тықбаев, Ержан Нұрымбет, Сы­рым Қашқабаев, Нүркен Өтеуі­лов, Тілектес Мейрамов, Ләйлә Бек­назар, Гүлжан Әспетова, Рым­кеш Омархановалардың ойыны ешкімді бей-жай қалдырмас, – дейді Еркін Жуасбек. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.