Қазір Қазталов өңірінде ат жаратып, ат қосып жүргендердің арасында Нұрлан Нұғмановтың орны бөлек. Ол бүгінгі жас буынның ұстазы, кешегі құрық ұстаған сейістердің ізбасары. Атадан әкеге, одан өзіне дарып, бүгінде балаларына өткен сейістік өнердің жуан ортасында жүр. Айтас атасы да мал бағып, талай марапатқа ие болған азамат еді. Қаршадайынан жылқы малының қыр-сырына қанығып, құрығы құтты әкесінің ілімі мен тәлімін сіңіріп өскен ұл оны өзінің зердесіне сала байытып, тәжірибесімен жетілдіріп, кәнігі жылқышы болып қалыптасты. Жылқыны алыстан таныр сыралғылық, сыншылық қасиеті ашылды.
Иә, Нұрлан Елімұлының есімі облыс жұртшылығымен қатар республикаға да жақсы таныс бола бастағанына біраз уақыт болды. Ол баптаған сәйгүліктер бәйгелерде алдына қара асырмаса, ол тәрбиелеген шабандоздар көптеген жетістікке жетіп жүр. Қанды арап, ағылшын тұқымдарын айтпағанда өзіміздің жабы тұқымдас қазақы жылқылардың да бабын білген атбегінің айтуынша, қазақы жылқыны дұрыс танып, бабына келтірсе дүниедегі ең мықты сәйгүлік шығады екен.
Айтпақшы, Нұрлан ағамыз Бостандық ауылынан арнайы атқора салып, «Айбын» спорт клубымен бірлесе жас шабандоздар дайындайтын үйірме де ашып отыр. Сәті түсіп ағамыздың атқорасына бас сұқтық. Бұрын-соңды америкалықтардың киносынан көретін ранчолардағы атқора алдымнан шыққандай. Сәйгүліктер тұратын орындар әрі таза, әрі жарық қылып жасалған екен. Атқораның келесі бөлігінде биелер мен құлындар байлаулы тұр. Бабы келген биелерді ағамыз өзі сауып, саумалын ауылдастарға сатып отыр. Мұның мәнісін сұрағанымызда ол: – Әр биенің өз мінезі бар. Бөгде адамға сауғызбайды немесе сүті иімей қалады. Сондықтан өзім саумасам болмайды. Қандай да болмаса ауруға жылқы сүтінің ем екені әу бастан белгілі. Әсіресе қазіргідей тұмау, өкпе ауруына таптырмайды. Елімізде аты өшкір дерт басталғалы отбасымызбен ақылдаса келе бие байлап, саумал сатуды қолға алдық. Ауылдастарымыз саумал ішуге үйреніп те кетті. Тіптен облыс орталығында тұратын ауыл азаматтары хабарласып, бірден 10-15 литр саумал, қымызға тапсырыс беріп, алдырып жатыр, – деп жауап қатты. Байқағанымыздай атқораға келіп, саумал ішуге дағдыланған бостандықтық ағайынның қарасы көп-ақ. Бағасы да қымбат емес. 200 гармы – 200 теңге.
Қорада осыдан 5-6 жыл бұрын бәйгелерде шаңына ат ілестірмеген «Алапаш» дейтін сәйгүлікті де көзіміз шалып қалды. Қазақта «Сығанала» атанған қызыл ала түсті бұл сәйгүліктің жаратылысы бөлек. Қарапайым ғана қазақы ат туралы кезінде талай жазған болатынбыз. Жылқы малын жақсы сынап, танитын Нұрлан Елімұлы «Алапашты» құлын кезінен байқап, баптаған. Сонымен бірге Нұрлан ағамыздың «Жалғыз оқ» атты сәйгүлігі де бір кездері жақсы танымал болатын. Қазіргі күнде «Жалғыз оқ» үйір бастап жүр дейді.
«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, сейістік өнерді терең меңгерген Нұрлан Нұғмановтың жылқы туралы айтары көп. Тек тыңдайтын құйма құлақ керек. Нұрекеңнің айтуынша, ат баптаудың бірыңғай қалыптасқан қағидасы, қалып үлгісі – стандарты жоқ. Баптау әр аттың өзінің мінезі мен ерекшелігіне қарай жүргізіледі екен. Демек, қанша ат бар десек, олардың сонша мінезі бар, яғни сонша баптау түрлері мен ерекшеліктері болады деген сөз. Шебер атбегі болу үшін әрбір жылқының психикасын, ішкі сырын, мінез-құлқын толық меңгеріп, соған сай әрекет ете білу керек дегенді ұғындырады.
– Қатар тұрған екі атты бір әдіспен баптау мүмкін емес. «Аттың сыры иесіне мәлім» дегендей, оның ішкі сырын, мүмкіндігін білу керек. Негізінде спортқа адам баптаудан, ат баптау қиын. Адамның тілі бар, айтасың, сұрайды, түсіндересің, ал аттың тілін өзің табуын керек. Жаясы жалпақ, жонды да қоңды құлын сауыр қара етті жүйріктерді жаратып, арытамын деп жілік майын үзіп алудан, олпы-солпы пішінде жұпыны, жүдеу тартып тұрған тұлпарларды семіртуде сақ болу керек. Дене тұрқы онша ірі емес, семіздікті сүйетін құлын сауыр жүйріктер негізінен етіне сеніп шабады. Мұндай аттарды ретіне қарап бір айдан асырмай жаратып, 4-5 рет суына тиіп, таң асырып, бәйгеге қоса беруге болады. Ал етті, қол-аяғы балғадай балуан денелі жүйріктерді көбірек әурелеу керек, – дейді сейіс бізбен әңгімесінде. Бапкердің әңгімесінен ұққанымыз, тұқымына, күйіне, жалпы физикалық жағдайына байланысты атты бабына келтіруге шамамен 40-60 күн кетеді. Ал бұрыннан бабында жүрген бәйге аттары он шақты күн тынығып қайта қосыла береді екен.
Бәйге атының терін алу, бәйге атын сынау, бәйгенің түрлері, атты баптау, атқа қатысты спорт түрлері, шабыс түрлері, жылқы малының аурулары мен оларды емдеу, жылқы терісін баптап, бұйымдар жасау, жылқыны жасына қарай күзеу, жылқы сүтін сақтау, ат әбзелдері мен оларды дайындау, күтіп ұстау, жайылым түрлері, оны тиімді пайдалану – Нұрлан мектебінің тылсым дәрістері. Иә, шалыс оқып отырған жоқсыз. Қазірде ауданымыз бойынша Нұрлан Нұғмановтың мектебі қалыптасып үлгерді. Ауданда жылқы бағып, тұлпар жаратып жүрген небір мықтылардың өзі осы Нұрлан ағамызбен ақылдасып отыратынын талай көзіміз көрді. Аудан орталығында ат үйірмесін ашқан Талғат, Жоламан сынды атбегілер біздің кейіпкеріміздің шәкірттері екені сөзімізге дәлел бола алады.
«Ер қанаты – ат» болса, сол тұлпарды баптайтын ер-азамат. Ал сонда ер-азаматтың бабын келтіретін кім болмақ? Әрине құдай қосқан қосағы. Нұрлан ағамыздың талай сұлудың ішінен таңдап алған өмірлік жары – Салтанат жеңгеміз. Жеңгеміз де жылқының сырын ағамыздан кем білмейді. Жас күнінен ерінің қасынан бір елі қалмаған Салтанат мал бағудың талай қиындықтарын басынан өткерді. Десек те, жүзінен жымиған күлкісі кетпей, шаруасына мығым келіншек Нұғмановтар отбасының берекесін кіргізді, түтінін түзу ұшырды. Бүгінде отбасы 1 қыз, 2 ұл тәрбиелеп, олардан тараған немере мен жиеннің қызығын бірге көруде. Салтанат жеңгеміз де қымыз ашытудың, жылқы сүтінен жасалатын небір тәттілердің шебері екеніне сапарымыз барысында көзіміз жетті. Дәлірек айтсақ, жеңгеміздің күбіде қымыз сапырып жатқан сәтіне куә болдық. Сонымен бірге жылқы сүтінен жасалған құрттан да дәм таттық. Міне, шеберлік.
Бүгінде өзінің балаларымен бірге, өзге де балаларды атадан қалған мұра өнерге, мирас іске баулып жүрген Нұрлан Нұғмановтың алға қойған мақсаттары да көп. Мал бағудың құрығын үлкен ұлы Нұрсұлтанға табыстап, кіші ұлы Сұлтанбекті өз қасында тәрбиелеп жүр. Атқорадағы аттардың тазалығы мен азығын беру – осы кіші ұлының мойнындағы шаруа. Ендігі кезекте ағамыз атқора қасынан тынығып, жылқы терапиясымен емделетін арнайы орын салмақшы. Яғни, саумал, қымыз ішіп жататын арнайы үй-жай және атқа мініп шабатын ипподром салуды көздеп отыр. Сейістің бастаған ісі нәтижелі болсын дейміз!
Қайрат ЖАҚЫП
Батыс Қазақстан облысы,
Қазталов ауданы