Спорт • 01 Қазан, 2020

Мықтылардың «мүйізін қаққан» Мұхтархан

826 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бұған дейін газетімізде Ермахан Ыбырайымов («Ер мінезді Ермахан»), Бекзат Саттарханов («Бекзада өнер, Бекзат батыр») және Болат Жұмаділов («Отандық бокстың оғыланы») сынды боксшылар жайында көлемді мақалалар жарық көрді. Олардың барлығы да осыдан дәл 20 жыл бұрын Сидней Олимпиадасында атой салған саңлақтар екенін жанкүйерлер жақсы біледі. Бүгінгі кейіпкеріміз – Мұхтархан Ділдәбеков. Ғасырлар тоғысында жасыл құрлықта өткен ғаламдық додада аса ауыр салмақта айқасқан айтулы былғары қолғап шебері күміс медальды олжалаған еді.

Мықтылардың «мүйізін қаққан» Мұхтархан

 

Аудан таныған көкпаршыдан әлем мойындаған боксшыға айналу үшін Мұхтарханға бар-жоғы бес жыл ғана уақыт жеткілікті болды. Қазіргі Түркістан облы­сы­ның Мақтаарал ауданына қа­­расты Абай ауылының тұр­ғын­дары – Қабыланбек ақсақал мен Гүлімхан апа 11 ұл-қыз тәр­биелеп өсірген өнегелі отбасы. Сол үйдің сүт кенжесі – Мұх­тар­хан. Қарапайым ауыл балалары секілді ол да жастайынан қара жұмысқа жегіліп, шымыр бо­лып өсті. Ағасы Темірханға елік­теп, көкпар да тартты. Тіптен, ор­та мектепті тәмамдағаннан кейін де «білім аламын» деп өзге тұ­стастары секілді қалаға ба­руға асыққан жоқ. Өз қалауы­мен Абайда қалуды құп көрді. Ондағы ойы – ата-анасы жә­не ағайын-бауырларының қа­сын­да болу, шама-шарқы жет­кен­ше ұлттық өнеріміздің нә­­ріне сусындап, көкпардың қыр-сы­рына қанығу. Бұл ретте Мұх­тар­хан несібесіз емес еді. Аға­сы екеуі көкпаршылардың жа­ры­сына үзбей қатысып, талай тұлпар мен түйені, ірі қара мен ұсақ малды үйіне жетектеп әкелді. Көпті көрген кәнігі көк­паршылардың өздері нар тұл­ғалы жігіттің жүректілігі мен та­қымының мықтылығына, еп­тілігі мен шапшаңдығына сүй­сініп «Осыдан бірдеңе шығады» деп өнеріне тамсанып отыратын. Бірақ бір мезетте Мұхтарханның өмірін күрт өзгерткен мынадай бір оқиға болды. Оны кейіп­ке­ріміздің өзі әңгімелесін.

Мұхтархан айтады: Бір күні қаладан ауылға келген Ерхан ағам «Сені мен Шымкентке апарып қыдыртып қайтайын» деп өзі­мен бірге ертіп әкетті. Содан бокс үйірмесіне жетектеп апарды. Бір айдай қаланы армансыз шарлап, жаттығу залында біраз тер төккеннен кейін ауылымды сағына бастадым. Күн сайын «қашан қайтамыз?», деп Ерханның құлақ етін жедім. Ол мені алдап та, арбап та көрді. Бірақ мен еш иланбадым. Амалы тау­сылған ағам: «сонда сен не, қар­тайғанша көкпар тартпақсың ба? Жасың келгеннен кейін бұл ермек қалады. Сол кезде ешкімге керегің жоқ болады. Одан да Шым­кентте қал. Осы шаһарда білім ал, жақсылап тұрып бокспен шұғылдан», деп ашуға бу­лықты. Мен айтқанымнан қайт­­падым. «Қуықтай бөлмеде жұды­рықтасқанша, жазық далада көкпар тартқаным әлдеқайда артық», дедім де киімдерімді жиыстыра бастадым. Бұл әңгімеден еш нәтиже шықпайтынына анық көзі жеткен Ерхан қолын бір сілтеді де өз шаруаларымен кетті. Мен Абайға тарттым.

Арада біраз уақыт өткеннен кейін ағасының айтқан ақылы жөн екенін ұғынған Мұхтархан Шымкентке келіп, қайта бокс үйір­месінің табалдырығынан аттады. Ол кезде кейіпкеріміз 19 жаста еді. Спорттық өлшем бойынша біраз жас­қа келген, жас­өсп­ірімдер мен жас­тар мектебін көрмеген үміткерге көп бап­кер­дің іші жыли қоймайтыны анық. Тіпті маңайларына да жо­лат­­пайды. Бірақ Нұрғали Са­фиул­­лин қырағылық танытты. Нар тұл­ғалы, дене бітімі мы­­ғым, шойы­н жұ­­ды­рықты жігіт­тің бойын­да бұла күштің бұ­ғып жат­қанын ол іштей сезді. Сол себепті Ділдәбековке көп уақы­­­­тын бөліп, бар білгенін үй­ретті. Иә, ке­зінде Мырзағали Айт­жанов пен Нұржан Сма­нов бас­таған бір шоғыр саңлақтарды тәр­биелеген білікті бапкер бұл жолы да қателеспеді. Қысқа ға­на мерзімде Мұх­тархан өзінің мық­тылығын дәлелдеп, тек май­талман мамандардың ғана емес, қа­тардағы қарапайым көрер­мен­дердің де назарын өзіне аударды.

Мұхтархан айтады: Ағам мені боксқа берген соң бірер айдан кейін ауылға барды. Үй­де босқа жата бергенше көкпар кө­ріп қайтайын деп дүйім халық жиналған жерге беттепті. Ойында еш нәрсе жоқ. Әдеттегідей ең бірінші болып ақсақалдарға сәлем беруге ыңғайланған еді, сол жерде тұрғандар оны қоршап алып, біраз «қысқан» екен. «Тәп-тәуір көкпаршыны қалаға әкетіп нең бар еді?! Мына жақта біз ұтылып жатырмыз, ал сенің мүлде ұятың жоқ екен», деп зекіпті. Бүкіл қа­риялар ұрысқанда, ағам кірерге тесік таппапты. Көкпар көруге барған сайын еститіні сол әңгіме. Ал арада бірер жыл өткен соң мен Азия ойындарында Иранның алыбын шалқасынан түсіргенімді бүкіл ауыл тұрғындары көріпті. Жай­шылықта көкпардан бас­қаға қызықпайтын қарттар сол жекпе-жек жайында жиі әңгі­мелеген көрінеді. Азия ойында­рынан кейін: «Күні кеше ғана біз көкпаршылар ауылы ретінде облысқа танылсақ, бүгін міне, бокс­шылар ауылы ретінде күл­лі әлемге танылып отырмыз», деп өз ри­зашылықтарын біл­діріп, Ерханды алма-кезек құшақ­та­рына қысыпты.

Мұхтархан Ділдәбеков үшін 1998 жыл аса табысты болды. Алғашында Қазақстан мен Куба құ­рамалары арасында Алма­тыда өткен матчтық кездесуде ол жасындай жарқырады. Әлем­дік бокстың қос алпауыты ара­сындағы бәсекеде ұзақ уа­қыт бойы таразы басы тең­се­ліп тұрды. 11 жекпе-жектен кейін Бостандық аралының өкіл­дері 6:5 есебімен озып тұрды. Алда – соңғы тартыс. Барлық үміт – Мұхтарханда. Егер ол ұтса, ко­­мандалық сайыс біздің пай­дамызға шешіледі. Өйткені сол кездегі ережеге сай тең есеп тір­келген жағдайда жеңімпаз аса ауыр салмақтағы боксшылар бә­се­кесінің нәтижесі бойынша анық­талады. Бұл жекпе-жекте Ділдәбеков ерледі. Жастар ара­сындағы әлем чемпио­ны Фе­ликс Сот­тоны сабап тастаған қан­да­сымыз барша қазақстандық жанкүйерді қуантты. Екінші жарысы – Азия ойындары. Банг­кок­те өткен жарыстың жартылай финалында Әлем кубогының иегері, өзбекстандық Ләзизбек Зәкіровті 9:5 есебімен ұтса, финалда бойы да, салмағы да өзінен едәуір ауыр Иранның алыбы Мұхаммед Резаны үшінші раундта ұрып жықты.

Аса ауыр салмақта жұдырық­тасқан қазақ боксшылары арасы­нан кезінде Әбдісалан Нұрмаха­новтың атой салғанын жақсы білеміз. Одан кейін Серік Өмір­бековтің өнері көпшілік көңі­лінен шықты. Олар бүкілодақтық және құрлықтық додаларда дара­ланғанымен, әлемдік деңгейде жа­рыстарда жеңіс тұғырына көте­рілген бірде-бір қандасымыз болмады. Барша Алаш жұрты сол олқылықтың орнын Ділдәбеков толтырады деп үміттенді. Арада бір жыл өткенде қазақтың қайсар ұлы сол үмітті ақтады.

1999 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында Мұхтархан күміс медальды иеленді. Негізі ол финалда өзбекстандық Рус­там Саидовты ұтқан еді. Алай­да әділдікті белден басқан төре­шілер жеңісті жергілікті бокс­шыға берді. Есеп – 7:8. Сол жылы Хьюстонда өткен әлем чем­пионатында Ділдәбековтің мық­тылығына тәнті болдық. Бас­тапқы бәсекеде грузиялық Леван Меквабашвилиді нокаутқа жіберіп, ширек финалда герма­ниялық Дженгиз Кочты (8:4) қапы қалдырған ол жартылай финалда италиялық Паоло Видоц­тан (3:1) айласын асырды. Ақтық сында түркиялық Синан Самил Санмен тең түсті – 4:4. Төре­шілер біраз кеңесе келе, Ана­долы елі өкілінің қолын көтерді. Осы­лайша, аса ауыр салмақ­та күш сынас­қан қазақтың ұлы тұңғыш рет әлемдік додада жүлде алды.

2000 жыл. Сидней Олимпиа­дасы. Бастапқы бәсекеде поль­ша­лық Гжегож Киельсаны (16:5) жең­ген Мұхтархан Діл­дәбе­ков­тің жолы ширек финалда Алексис Рубалкабамен қиысты. Қар­сыласының бойы – 204 сантиметр, салмағы – 125 кило. Мұх­тарханның бойы – 190 сантиметр, салмағы – 97 кило. Бұл боксшыдан қандасымыз бір рет жеңілген. Ғаламдық додаға оның тамаша бабында келгенін біз алғашқы кездесуінде-ақ аңғарғамыз. Ру­бал­каба Германияның өкілін бірінші раундта-ақ ауыр нокаут­қа жіберді. Соққының жойқын болғаны соншалық, дәрігерлер неміс жігітін зембілге салып, ауру­ханаға алып кетті. Бірақ қа­зақ­тың батыры кубалық қабы­ланнан еш қаймыққан жоқ. Құлақ шекеден құлаштап соғып, оны сан мәрте тәлтіректетті. Нәти­же­сінде 25:12 есебімен айқын же­ңіске жетті.

Мұхтархан айтады: Ол кезде күллі әлемде Рубалкабадай бойшаң боксшы жоқ болатын. Куба алыбының Олимпиада жүлдегері ресейлік Алек­сей Лезин­ді етпетінен құлатқанын, Өз­­бекстанның қос мықтысы Лә­зизбек Зә­­кіров пен Рустам Саи­дов­ты қуып жү­ріп сабағанын өз көзіммен көрдім. Зәкіровтің одан тайсақтағаны соншалық, рингтен секіріп қаша жөнелгенде, спорт кешеніне жиналған көрер­мендер күлкіге қарық болды. Өзім де Алексиспен бір мәр­те жұ­­дырықтастым. Гавана­да өт­кен Кардова Кардин турни­рінде 2:3 есебімен есе жібер­дім. Сиднейде жолымыз қайта қиысты. Әдетте бапкерім Нұр­ғали Сафиуллин екеуміз әр жек­пе-жек алдында бейнетаспа арқы­лы қарсыластардың өнерін зерттейтінбіз. Ал сол жолы жат­тық­тырушым маған бейнетаспаны көрсетпеді. Оның себебін кейін білдім. Рубалкаба менің алдымда ғана неміс боксшысын оңдырмай құлатқан екен. Дәрігелер оны ауруханаға әкетіп, есін әзір жидырыпты. Сол себепті де Нұрғали аға басқа боксшылар мен бапкерлерге: «Бұл бәсекенің қалай аяқталғаны жайында Мұхтарханға айтпаңдар», деп өтініпті. Ол ой «Шәкіртім рингке еш алаңсыз және қобалжымай шықсын. Ол да ет пен сүйектен жаралған адам ғой, беті қайтып қалып жүрер» деген ниеттен туындаған екен. Абырай болып, бұл жекпе-жекте дәу қараның осал тұсын тауып, жартылай финалда күш сынасу құқығына ие болдым.

Жартылай финалда өзінің сы­ралғы қарсыласы өзбекстандық Рустам Саидовты (28:22) сан соқтыр­ған қазақ боксшысы фи­налда ұлыбританиялық Одли Хар­рисонға (16:30) есе жіберді. Нәтижесінде Сид­нейден Мұхтар­хан Діл­дәбеков күміс жүлдемен оралды. Ға­сырлар тоғысындағы төрт жылдықтың басты додасында нар тұлғалы қан­дасымыздың өнеріне күллі әлем жұрт­шылығы тамсанып, құлшына қол соқ­қанына осы жолдардың авторы да куә болған еді.

Олимпия ойындары мен әлем чем­пионатындағы күміс және Азия ойын­дарындағы алтынынан бөлек, кейіп­керіміздің басқа да толып жатқан атақтары бар. Ол – Азия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері (2002, 2006), Азия бірін­шілігінің күміс (1999) және қола (2004) жүлдегері, Афро-Азия ойындарының күміс жүл­дегері (2003). Көп­теген ха­лықаралық турнирлер мен ел­ішілік жарыстардың жеңімпазы.

Әдетте біз шет мемлекеттегі спорт­шылардың рекордтарына тамсанып, таңдай қа­ғып жатамыз. Ал ондай мық­­тылар біздің елде де бар. Мәселен, Мұхтархан Ділдә­бековті алайық. 19 жа­сында бокс қолғабын алғаш киген ол екі жылдан кейін Қазақ­стан біріншілігінде дара шықты. 22 жасында Азия ойында­рының жеңімпазы, 23 жасында әлем және құрлық чемпио­нат­тарының күміс жүлдегері атанды. 24 жасында Олимпия ойындарында күміс медальды мойнына ілді. Бар-жоғы бес жыл ғана уақыт! Рекорд­тың «көкесі» осы емес пе?! Расында да, Мұхтархан Діл­дә­беков­тің осы толағай табы­сына таң­данбау мүмкін емес.