Қазақ әдебиетінің жарқын құбылыстарына бірыңғай көзқарас бір ізге түспеді. Түспейтіні де бар, ұлтшыл деп айып таққан патша пәрмені арыстардың аяғына тұсау салып, құнды еңбектерін қолды қылды. Сол себепті де олардың өмірнамасы толық ашылмады, індетіп зерттелмеді. Ал сол бағзы тарихтың ақтаңдақтарын толтыру үшін архивтік олжалар өте маңызды.
Мәселен, астана архивінде алаштың аяулы ақыны Міржақып Дулатовтың тағдыр талайы туралы сирек құжаттар бар. Мына қызықты қараңыз, 1909 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Оян, қазақ» жинағы Ресей империясының басқа қалаларында да басылып шыққан екен. Мұны бірі білсе, бірі білмейді. 1911 жылы 15 наурызда «Дулатовтың ісін» қарау науқаны басталады. Сонда билікке әлдебір шенеуніктің 1910 жылы Уфадағы типографиядан басылып шыққан 100 беттік «Оян, қазақ» кітапшасына байланысты арыз түседі. Бұл кітаптың екінші бетінде автордың портреті бейнеленген көрінеді. М.Дулатов әртүрлі баспаханалардан азғантай таралыммен шығарып, еншілес елге таратуға күш салған.
Мұрағатта Қазанның Баспасөз істері жөніндегі уақытша комитетінің басшылығының кітапты тәркілеп, оның авторын жауапқа тарту туралы қаулысы бар. Тергеуде Қылмыстық кодекстің 129-бабы 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес қылмыс жасағаны үшін айыпталушы ретінде тартылған Торғай облысының тумасы, қазақстандық Міржақып (Мир-Якуп) Дулатов кінәсін мойындамайды. Ол прокурорға орынды түрде ескертеді: «Тінту кезінде менің қолымнан табылған «Оян, Қазақ!» композициясы Санкт-Петербург цензурасымен жариялауға рұқсат етілген және қазақтар арасында тарату мақсатында басылған». Әйтсе де семейлік прокурор ақынның сөзін құлаққа ілмейді. Көп ұзамай, 1911 жылы 2 қыркүйекте сол прокурор қол қойған тағы бір құпия құжат пайда болады. Онда М.Дулатов ісі бойынша Семей аудандық сотына айыптау қорытындысы жіберілген. Енді ақынға «Оян, Қазақ!» кітапшасына өзінің «Жұмбақ» атты мақаласын қосқаны үшін айып тағылады. Онда ол саяси оқиғаларды аллегориялық түрде сипаттап, монархтың абыройына нұқсан келтірілді делінген.
Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивінде 1912 жылы 22 қарашадағы «Мемлекеттік қылмыстар бойынша тергеу және алдын ала тергеу барысындағы күдіктілердің мәлімдемесі» туралы құжат сақтаулы. Онда 26 жастағы ақынды бір жылға бас бостандығынан айыру туралы айтылған. Алайда сол кезде көпшілік Дулатовтың шығармаларымен танысып үлгерген еді. Оның жеке кітапшасында 1911 жылы 7 қарашада қамауға алынғаны жазылған. Бостандыққа шыққаннан кейін, Ахмет Байтұрсынұлымен бірге 1913 жылы «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналында үнемі жариялана бастады. Ол өзінің өлеңдері мен мақалаларында императорлық әкімшіліктің қарамағындағы қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайын сынауды жалғастырды.
Иә, ХХ ғасырдың басындағы тағы бір қазақ жазушысы Әлиулла Әлімжановтың шығармашылығы да оқырманды елең еткізбей қоймасы анық. 1912 жылы Қазан қаласында ағайынды Каримовтардың баспасынан басылып шыққан «Есіл жұртым» кітабы мазмұны жағынан хакім Абайдың өлеңдерімен сарындас. Елорда мұрағатында кітаптың цензураға түскен орыс тілді нұсқасы сақталған. Автор алғысөзінде кітапшасының кемшілігі тақырыпқа сәйкес келмеуі, яғни мазмұны жағынан бүкіл қазақ еліне ортақ емес екенін жазады. Шындап келгенде, жазғызады. Қаламгер замандастарының ел тағдырын ойламайтындығына, ағартушылыққа ұмтылмайтындығына налиды. Сондықтан ол қазақтарды белсенді болуға, жалқаулық пен енжарлықты жеңуге шақырады. Бұл туралы «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Игорь Прохоров та жазған болатын.
«Ертеңгі асыңды бүгін қамда, жаңа күн туғанда, мақсатсыз өткізген уақытыңа өкінесің», дейді ақын.
Мұрағаттағы құжаттарға үңілсеңіз, Қазанның баспасөз комитеті ақын кітабының мазмұны тенденциялы деп танығанымен, бірақ қылмыстық құқық бұзушылықтың айқын белгілерінің болмауына байланысты жауапқа тарта алмайды.
Қолға түскен тың деректер көңілге түскен сызат сияқты. Тарпаң тағдыр адамды табанына бір салмасын. Бір салса, қанша айқайласаң да, айналаң тас керең. Желдиірмен жылдар, тарамыс жолдар, тасыр қоғам. Бәрі-бәрі өткен күннің жаңғырығындай. Түйінделген түпсіз тарих, тарқатсаң көз жасың көл болады. Халық қамын жеймін деп қамшының астында қалған қазақ зиялылары. Бізге аңыздай көрінгенмен, архивтерден ақиқаттың аңызағы еседі. Аңғарсаңыз, бәрі де алаш үшін тұсауға түскендер. Мұрағаттар мұң шағады. Мұңсыз тарих тарих па?!