Қазақстанның Кеден одағына кіруімен және Біртұтас экономикалық кеңістіктің құрылуына байланысты азық-түлік тауарлары нарығында қалыптасқан жағдай КО-ға қатысушы елдер арасында тауар айналымын жандандыруды және тауар өндірушілер арасында бәсекелестікті күшейтуді қажет етеді.

Қазақстанның Кеден одағына кіруімен және Біртұтас экономикалық кеңістіктің құрылуына байланысты азық-түлік тауарлары нарығында қалыптасқан жағдай КО-ға қатысушы елдер арасында тауар айналымын жандандыруды және тауар өндірушілер арасында бәсекелестікті күшейтуді қажет етеді.
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің ақпаратына сәйкес КО елдерінен импорт 2011 жылғы қаңтар-маусымда 2010 жылғы қаңтар-маусыммен (яғни, Қазақстан Республикасы КО-ға кіргенге дейін) салыстырғанда тұтастай алғанда 42,7%-ға ұлғайды, ал 2012 жылғы қаңтар-маусымда 2011 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 6%-ға өсті.
Жүргізілген талдау Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ішкі нарықты қорғау проблемаларының бар екендігін көрсетті.
Азық-түлік тауарларының нарығы импортқа тәуелді. Өйткені, өз өндірісіміздің үлесі бар болғаны 60%-ды құрайды. Соның ішінде импорт үлесі жеміс-көкөніс және жидек консервілері (86%), қант (61%), ірімшік-сүзбе өнімдері (55%), шұжық (43%), маргарин (36%), сары май (36%) өнімдерінде жоғары. Әріптес елдердің ауыл шаруашылығы өңдеу өнімдерінің ауыл шаруашылығы алқаптарының жоғары өнімділігіне, шикізат өнімінің төмен құнына және дайын өнімнің төмен өзіндік құнына байланысты бірқатар артықшылықтары бар. Бұл бәсеке нарығында қазақстандық тауарларды ығыстырып шығаруға әкеп соғуда.
Отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оларды қолдау мақсатында Үкімет «Агробизнес-2020» салалық бағдарламасын әзірледі, онда техникалық және технологиялық қайта жарақтауға, қаржы ресурстарының қолжетімділігін арттыруға, агробизнесті тиімді жүргізу үшін жағдайлар жасауға бағдарланған нақты шаралар кешені көзделген.
Бәсекелестікті қорғау агенттігі импорт азық-түлік тауарларына неғұрлым төмен бағаларды ұстап тұру фактілерін белгілеу және аталған іс-әрекеттерді монополияға қарсы заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан қарау мақсатында Қазақстанның ірі супермаркеттерінде және трансшекаралық нарықтарда КО елдері өндірушілерінің азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларына салыстырмалы талдау жүргізді.
Талдау нәтижелері азық-түлік тауарларының жекелеген санаттары бойынша қазақстандық өндірушілердің тауарларына қарағанда ресейлік өнімдер бағаларының шынында да төмен екендігін көрсетті. Талдау үшін трансшекаралық нарықтарда (Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақтөбе және Атырау облыстары) азық-түлік тауарларының 7 түрі – сүт, сары май, сүзбе, макарон, құс еті, қарақұмық, күріш жармасы таңдап алынды.
Қазақстандағы тиісті тауар нарығындағы бағаларды Ресей Федерациясының шекаралық нарықтарындағы бағамен салыстыру жүргізілді. Қорытындысы бойынша жекелеген өңірлерде импорт өніміне демпингтік бағаларды қолдану белгілері анықталды. Мысалы, Қостанай облысында Простоквашино сауда белгісімен сатылатын сүттің Челябі облысының аумағында 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша орташа сату бағасы – 227,3 теңге, Қостанай облысының аумағында – 211 теңге.
Макфа сауда белгісімен сатылатын макарон өнімінің бағасы Челябі облысының аумағында 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 415,5 теңге, Қостанай облысының аумағында – 257,5 теңге, 2013 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 370,9 теңге және 282,5 теңге.
Увелка сауда белгісімен сатылатын қарақұмық жармасының бағасы Челябі облысының аумағында 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 248,8 теңге, Қостанай облысының аумағында – 237,5 теңге, 2013 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 342,7 теңге және 218,75 теңге.
Мистраль сауда белгісімен сатылатын күріш жармасының бағасы Челябі облысының аумағында 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 477,7 теңге, Қостанай облысының аумағында – 394,4 теңге, 2013 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 463,0 теңге және 433,3 теңге.
Шығыс Қазақстан облысына келсек майлылығы 2,5% сүттің Алтай өлкесінің аумағында 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша орташа бағасы – 161,2 теңге, ШҚО аумағында – 156 теңге, 2013 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша тиісінше 151,8 теңге және 147 теңге.
Майлылығы 9% ірімшіктің Алтай өлкесінің аумағында 2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бағасы – 1294,5 теңге, ШҚО аумағында – 828 теңге, 2013 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша тиісінше 1257 теңге және 836 теңге.
Басқа аталған облыстарда да осындай фактілерді молынан келтіруге болады.
Бұл ретте, РФ ФМҚ аумақтық бөлімшелері ұсынған деректер бойынша, қазақстандық азық-түлік тауарлары РФ шекаралық өңірлерінің (Астрахань, Орынбор, Омбы, Челябі облыстары, Алтай өлкесі) супермаркеттерінде жоқ екендігі анықталды.
Қазақстандық азық-түлік тауарларының РФ шекаралық өңірлерінің супермаркеттерінде жоқтығы Қазақстанда шығарылатын азық-түлік тауарлары Ресей нарығында сұранысқа ие емес немесе аталған өңірлердің нарығына (супермаркеттеріне) кіру үшін қандай да бір кедергілер бар екендігімен байланысты деп пайымдаймыз.
Агенттік қазіргі кезде аталған фактілерді монополияға қарсы заңнамаға сәйкестігі тұрғысынан зерделеуде. Оның қорытындылары Еуразиялық экономикалық комиссияға жіберілетін болады.
Бұдан басқа, БЭК-тің жұмыс істеуі барысында анықталған, отандық тауар өндірушілер тарапынан Ресей Федерациясы мен Белоруссия нарықтарына қол жеткізу бойынша проблемалық мәселелерді атап өтпеуге болмайды.
Елдің нарық субъектілерінің және қоғамдық бірлестіктерінің деректері бойынша Біртұтас экономикалық кеңістіктің жұмыс істеу барысында анықталған, Ресей Федерациясы мен Белоруссия нарықтарына қол жеткізу бойынша мынадай проблемалар бар:
Кеден одағы елдерінде тауар белгілерін тіркеуге қойылатын талаптардағы айырмашылықтар;
«Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердiң атаулары туралы» ҚР Заңының 6-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес ажыратылатын реңкi жоқ белгiлерден ғана тұратын тауарлардың түрiн, сапасын, санын, қасиетiн, мақсатын, құндылығын, сондай-ақ олардың шығарылған немесе өткiзiлген жерi мен уақытын көрсететiн тауар таңбаларын тiркеуге жол берiлмейдi.
Осы норманы қолдана отырып, ҚР Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті қазақстандық кондитерлерге «карамель Фруктовая», «Фруктово-ягодный букет», «Вишенка», «Барбарис», «Чернослив в шоколаде» және т.б. сияқты белгілерді тауар белгілері ретінде тіркеуден бас тартады. Осылайша, ұқсас белгілермен шығарылатын қазақстандық өндірушілердің өнімі ұлттық қорғауға ие емес. Сонымен бірге, қолда бар мәліметтерге сәйкес, Роспатент ресейлік кондитерлердің мұндай белгілеріне өтінімдерін қанағаттандырады және олар тауар белгісі ретінде тіркеледі.
Нәтижесінде, Ресей аумағына осыған ұқсас, кондитерлік ассортиментте көптеген фабрикалардың кең таралған атауымен қазақстандық кондитерлік бұйымдарды әкелуі осыған ұқсас тауар белгісінің ресейлік Меншік иесінің айрықша құқықтарын бұзу фактісі ретінде қаралады.
Сонымен бірге, Қазақстанға аталған атаулармен ресейлік (немесе өзге де) кондитерлік бұйымдарды әкелуге шектеу қойылмаған және қудаланбайды.
Тауар белгілерін тіркеу немесе тіркеуден бас тарту негіздеріне бірыңғай талаптардың болмауы қазақстандық кондитерлер үшін елеулі кедергілер тудырады.
Осыған байланысты, Біртұтас экономикалық кеңістіктің елдері үшін Тауар белгілерін тіркеудің бірыңғай қағидаттары мен рәсімдерін әзірлеуді ұсынбақпыз.
Тимур БАЙМҰХАНОВ,
Бәсекелестікті қорғау агенттігі
төрағасының орынбасары.