Өсімдік шаруашылығы саласында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға бағытталған «Егінжай» несие бағдарламасының бар екені белгілі. Мұны «ҚазАгро» ұлттық холдингінің еншілес компаниясы «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ 2010 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. Аталмыш несие бағдарламасы арқылы шағын жер телімдері бар шаруалар жыл сайын несие алып жүр. Биыл да «Егінжай» несиелеу жұмыстарын бастап кетті.
Өсімдік шаруашылығы саласында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға бағытталған «Егінжай» несие бағдарламасының бар екені белгілі. Мұны «ҚазАгро» ұлттық холдингінің еншілес компаниясы «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ 2010 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. Аталмыш несие бағдарламасы арқылы шағын жер телімдері бар шаруалар жыл сайын несие алып жүр. Биыл да «Егінжай» несиелеу жұмыстарын бастап кетті.
Ауылшаруашылық өнімдерінің жоғары тәуекеліне әрі шаруалардың алатын несие көлемінің аздығына байланысты екінші деңгейлі банктердің ауылдағы шағын кәсіпкерлерді несиелендіруден көбіне бас тартатыны түсінікті. Мұндай жағдайда «Егінжай» бағдарламасының ауылдағы шағын кәсіпкерлер үшін үлкен демеу екенін айтып өту керек.
– Жаңа жылдан бастап несиелеу талаптарына өзгерістер енгізілді. Несиенің сомасы 2 миллион теңгеден 6 миллион теңгеге дейін көтеріліп, сыйақы үстемесі 12-ден 9,5 пайызға дейін азайтылды. Кепілдік ретінде екінші деңгейлі банктердің кепілдемелері, өсімдік өнімдері, техника, басқа да кепілдің түрлері қолхат арқылы қабылданады. Несие беру кезеңінде комиссия мерзімінен бұрын несиені өтейтіндерден айыппұл алмайды, – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Алмас Таубаев.
Бұл жолы да қарыз алушыларға салық және бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдер бойынша, сондай-ақ, екінші деңгейлі банктер мен басқа да қаржы институттары алдында мерзімі өткен берешегінің болмауы, жағымды несие тарихы, 3 жылдан ұзақ емес мерзімдегі егін егілген жерлердің әрі қызметті атқарудың нақты уақытындағы өнімділік туралы мәлімет пен егін егетін жерлердің бар екенін растайтын құжаттың болуы сынды негізгі талаптар қойылып отыр.
«Егінжай» бағдарламасы бойынша несиелеу талаптарын әзірлеу кезінде ауыл шаруашылығының маусымдылығы және қарызды жабу – екі астықты сатудан кейін қарастырылған. Бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін өте маңызды болып табылады.
Үш жылдың ішінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ өз қаржысынан 1732,6 млн. теңгеге 774 жобаны қаржыландырған. Несиенің арқасында 419,6 мың гектар жерге егін егіліп, 1 227 адам жұмыспен қамтылыпты. «Егінжай» несиелерінің ең белсенді тұтынушылары ретінде Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындарын атап өтуге болады.
Жалпы, биыл көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға қор тарапынан 1,6 млрд. теңге жұмсалмақ. Оның ішінде 1 млрд. теңге мақта өсірумен айналысатын кәсіпкерлерге бөлінеді.
Естеріңізге сала кетейік, мақта өсірушілерге былтыр «Ырыс» шағын несие ұйымы арқылы несие берілген болатын. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ тарапынан «Ырыс» ШНҰ-ға несиелеу желісі ашылып, 349,3 млн. теңге көлемінде сегіз транш аударылған. Бұл бойынша 617 шағын кәсіпкер несие алып, кесте бойынша қарыз толығымен қайтарылған.
Биыл ауылшаруашылық тауарын өндірушілер 13 млн. теңгеге дейін несие ала алады. Несие мақта өсірушілерге жылдық 8 пайыз сыйақымен 12 айға дейін беріледі.
Шағын несиелер түпкі қарыз алушыларға жанар-жағармай, дән, пестицид, минералды тыңайтқыш, шаруашылық материалдар мен құрал-жабдықтар, ауылшаруашылық техникасының қосалқы бөлшектері мен жұмыс механизмдерін сатып алуға, техника, қоймаларды жалға алу, қызметтерге төлеу, өнімді сақтау, т.б. мақсаттарға беріледі.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».