Қоғам • 01 Қазан, 2020

Біржан Нұрымбетов Қарттар күнімен құттықтады

408 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов аға буын өкілдеріне зор денсаулық, ұзақ өмір, бейбіт аспан мен бақ-береке тілей отырып, Қазақстанның барлық зейнеткерлерін Қарттар күнімен құттықтады. ҚР ЕХӘҚМ атынан вице-министр Ерлан Әукенов 78 жастағы Раиса Гашенкоға кресло-қоларбаны табыстады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Біржан Нұрымбетов Қарттар күнімен құттықтады

"Аса құрметті зейнеткерлер, сіздерді шын жүректен Қарттар күнімен құттықтаймын! Аға ұрпақ адамдары - отансүйгіштіктің, адалдықтың, үлкен шыдамдылық пен жарқын болашаққа сенімділіктің айқын үлгісін көрсететін еліміздің алтын қоры, даналық пен дәстүрді сақтаушылар екені анық. Осы керемет және жылы мерекеде сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір, бейбітшілік пен бақ-береке тілеймін! Сіздердің әр күндеріңіз жақындарыңыз бен айналыңыздағы жандардың мейірімділігі мен сүйіспеншілігіне, қамқорлығына толы бола берсін! Лайым егде жас еңсені түсірмей, ұзақ та баянды ғұмырға жетелесін!" - деп құттықтады қарияларды Біржан Нұрымбетов.           

"Шарапат" әлеуметтік қызмет көрсету орталығында барған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов, онда тұратын қарттар мен ардагерлерді құттықтап, Министрлік атынан 78 жастағы Раиса Гашенкоға кресло-қоларбаны сыйлады.

Жиналғандарды құттықтай отырып, вице-министр, мемлекет аға буын өкілдеріне ерекше көңіл бөліп келе жатқандығын атап өтті. Осы жылы "Ардагерлер туралы" заң қабылданып, аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөнінде 2025 жылға дейінгі "Белсенді ұзақ өмір" ұлттық іс-қимыл жоспары жасалды.           

"Оны қабылдау егде жастағы азаматтардың қоғамның түрлі салаларына қатысу мүмкіндіктерін кеңейтеді, сондай-ақ оларды мемлекеттік қолдаудың сапалы шараларымен қамтамасыз етеді. Ұлттық жоспар аясында әр аймақта белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу жоспарлануда", - деп атап өтті Ерлан Әукенов.           

Бұдан бұрын хабарланғандай, 1 қазанда Қазақстанда Қарттар күніне орай айлық басталады. Аға ұрпақ өкілдеріне қамқорлық жасауға арналған іс-шаралар республиканың барлық аймақтарында өтеді. Олардың ішінде амбулаториялық-емханалық ұйымдарда "Ашық есік күндері" және "Жүректен жүрекке" қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, оның аясында ауыр науқас қарт адамдарға азық-түлік себеттері табысталады. Сонымен бірге еңбек ұжымдарында кездесулер және тағы басқа шаралар қолға алынады.           

Еске сала кетсек, елімізде жасына байланысты 2 миллионнанастамзейнеткертұрады. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жыл сайынғы индекстеу нәтижесінде ынтымақты зейнетақы мөлшері 7%-ға өсіп, базалық зейнетақының ұлғаюы 5%-ды құрады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап тағайындалған зейнетақы мөлшері қосымша тағы 5% индекстелді. Бұл 2019 жылғы деңгеймен салыстырғанда базалық зейнетақының 10%-ға, ынтымақты зейнетақының 12% -ға өсуін қамтамасыз етті.