Аймақтар • 01 Қазан, 2020

Ауыл мектептері ардақты тұлғалардың есімін иеленеді

15 рет көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында бірнеше мектеп ұлтымыздың даңқты тұлғаларының есімін иеленетін болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыс Қазақстан облысында советтік кезеңнен қалған, идеологиялық тұрғыдан ескірген елдімекен, білім орындары атаулары әлі көп. Облыстық мәслихаттың кезекті 38 сессиясында осындай ономастикалық атауларды ретке келтіру және идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды ұлттық танымға жақын атаулармен ауыстыру мақсатында ұсыныс жасалды.

Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Света Ғаниеваның мәлімдемесіне қарағанда, облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты енді Абай Құнанбайұлының есімін иеленбек. Сондай-ақ Бәйтерек ауданында Трекин қазақ мектебі – Қадыр Мырза Әли атындағы, Первосоветск орта мектебі – Шоқан Уәлиханов атындағы, Щапов орта мектебі – Бауыржан Момышұлы атындағы, Батурин орта мектебі – Талғат Бигелдинов атындағы, Новенький орта мектебі – Қасым Қайсенов атындағы, Ульянов орта мектебі – Ілияс Есенберлин атындағы жалпы орта білім беретін мектеп болып аталатын болады. Атауы өзгеретін мектептердің қатарында Шыңғырлау ауданына қарасты Белогор және Полтава негізгі мектептері де бар. Олар осы білім ордалары орналасқан елдімекендердің атауымен Ақтау және Ардақ негізгі мектептері деп өзгертілмек.

"Бұл атаулардың өзгеруі жергілікті бюджеттен қосымша қаражат қажет етпейді. Ұсынысты облыстық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Енді Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолдаймыз", - дейді Қадырбайқызы.

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар