...Әлдебір ойдың жетегінде отырған ақынның елегізген көңілі алысқа көз тігеді. Осы тұста бәлкім сонау Жайыр таудың баурайында сағымға айналған балалық шағын сағынатын болар, бәлкім өмірдің қиын-қыстау кезеңінде ата-ана, туған буырмен бірге болуды жазбаған тағдырына өкпелі де шығар деп ой түйеріміз хақ. Жанарына ұялаған терең мұң мен көңіл түкпіріне орнығып алған сағыныш сарынының сырын ақынның шығармашылығымен жете таныс жан ғана аңғарса керек-ті. Ақын жүрегін мазалайтын жағдаят біз ойлағаннан да тереңде жатқандығына Жәркендей ақынмен өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан тағдырлас, замандас болған тарихшы Әлімғазы Дәулетханұлының «Мағжан мен қазақ поэзиясы» еңбегіндегі мына жолдардан көз жеткізе түскендей боламыз: «Жәркен поэзиясын тұтастай алғанда бөлініп-жарылған қилы тағдырлар, қиямет кешулер поэзиясы бола тұра, мазмұны жағынан мынадай үш үлкен тақырыпқа жіктей қарастыруды қажет етеді. Бөлініп-жарылуға, Отаннан қол үзуге мәжбүр еткен тарихи себептерге; туған жер, қара шаңырақты бір көруге зар болып еңірегендердің трагедиялы тағдырына; қара шаңырақтың босағасына табаны тиіп, қайта қауышуға қолы жеткен бақыттылардың көңіл-күйі, қилы-қилы жағдаяттардың саяси, психологиялық, адамдық қарым-қатынастарына арналған өлең-толғау, поэмалары жатады».
Осы жолдарды оқи отырып, тәуелсіздікті аңсаған, елден жырақта қалып қойған қалың қазақтың мұң мен шерін шығармашылығының бір парасына айналдырған Жәркен ақынның арманы не, өкініші қандай? Бізбен әңгімесінде Әлімғазы Дәулетханұлы «Жәркен поэзиясынан Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар шығармаларындағы асыл ойдың сұлбасын байқаймыз. Ол – бөлініп-жарылған қазақ халқының айықпас мұңы, шерменде шері, өксікті құсасы, қанды көз жасы, қасиетті Алаш Ордасына деген теңіздей терең сағыныш пен алау махаббаты сан-сала, сан ағыс болып құйыла келе Жәркен ақын тұлғасын даралап, поэзиясын әруақтандырып тұратын сияқты. Жәркен поэзиясы – арысы Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жыраудан бастау алып, «зар заман деген сөз шықты, заманның қарай түріне», – деп зарлаған Шортанбай, Мұрат, Дулат, Базар жыраулар әруағын шақырып, кешегі күннен, гуннен туған Мағжан рухымен іштей де, тыстай да үндесіп жатқан, жалғасып, жарысып бара жатқан өрісті, кенеулі, шешен де көсем, қазақы-ұлттық поэзия. Басқамызға бірде жетсе, бірде жетпей жатқан дәстүршіл, халықтық «қара өлең» Жәркен ақында жетерлік» дегені Жәркен Бөдештің ақындық қана емес, халқымыздың философия һәм тарихи болмысын сипаттайтын суреткерлік қырын да танытса керек-ті.
– Аға, арманым орындалды дейсіз, алайда «Жер көгерді. Мен қашан көгеремін, көгермей ішімде өлді көп өлеңім» деген өлең жолдарынан өкініш табы сезіледі. Ақынға шабыт келсе, көкірегін жарып шығатын құдіретті өлеңге тоқтам жоқ қой. Елге оралғаныңызға да міне жарты ғасырға жуықтапты. Осы жылдарда атажұртқа деген мауқыңыз басылып, ел-жұртпен бірге тәуелсіздік таңын қарсы алдыңыз. Туған жердің топырағына аунап-қунап, өркендеуіне куә болдыңыз. Одан асқан қандай бақыт бар. Ақын жүрегін мазалаған қандай өкініш болды екен?
– Пенденің ғұмырында арман мен өкініш қанаттаса қатар жүреді ғой. Ақын жүрегі қашан да мазалы десек, одан қанша өлең туары бір Аллаға ғана аян. Қай кезде шабыт келсе, көңіл түкпіріндегі өлеңнің сол кезде жарыққа шығуы заңдылық та. Десем де, кеудемді кернеп, жаныма тыныштық бермейтін ой да, жүрекке тағат бермейтін өкінішім де жоқ емес...
– Жәркен аға, «Жалғыз» деген жырыңызда «Жыр боп мәңгі жасарға, Абай жалғыз қашанда, Абай жалғыз болғасын, екеу емес Мағжан да» деп жырлайсыз. Бүгінде «Абайды тану, Абай арқылы қазақты тану» дегенді қалай түсіндірген болар едіңіз?
– Бүгінде Абайды әркім қалауынша зерттеп жүр ғой. Ол дұрыс та. Бірақ Абайдың тарихы қазақтың тарихы екеніне назар аудару ләзім. Қазақ Абаймен ғана қазақ. Абай қазағымен ғана – Абай. Хакім Абай бұл дүниені жастайынан зерттеп, зерделеген ғұлама, данышпан десек артық айтпаймыз. Десек те, қазіргінің жастарына Абайды түсіну қиындау. Сондықтан да Абайды жастар арасында насихаттап, Қазақ елінің ұлы тұлғаларын дәріптеу уақыт күттірмейтін келелі іс. Бұған ел болып жұмылғанда қол жетеді деп ойлаймын.
– Қаламыңызға бабаларымыз Қабанбай, Оспан батыр, Махамбеттің батырлығын арқау еттіңіз. Қаныш Сәтбаев, Бауыржан Момышұлы туралы жырладыңыз. Тұлғалар өмірін өлеңге арқау ету үшін де үлкен ізденіс керек екені белгілі. Тарихи тұлғалар тақырыбы несімен қызықтырды?
– Есімдері аталған тұлғалардың еліміздің тарихында қалдырған өшпес ізі сайрап жатыр. Ал олардың жүріп өткен жолы мен ерен ерлігін паш ету парызымыз. Иен даламызды қорғап қалған қазақтың хас батырларының тарихы терең зерделеуді, елеп-екшеуді қажет ететіндіктен, мен таңдаған тақырыбымды зерттеп барып қолыма қалам алдым. Осылайша, Қабанбай, Махамбет, Оспан, бабалар ерлігін жырлап, Қаныштай, Бауыржандай батырларымыздың өмірін жастарға өнеге еткім келді. Ел тарихында айшықты орны бар осы тұлғалардың өмірі жайлы көп оқыдым. Атажұртқа оралғаннан кейін Баукеңді арнайы іздеп барып, сәлемімді бердім. Ол кісінің батырлығына, кісілігіне тәнті болдым. Бірінші пьесамды арнадым. Бастапқыда батырға арнап поэма жазбақшы едім, нәтижесінде жазған поэмам драмаға айналды. Бауыржан Момышұлының сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысынан батырлығы байқалып тұратын, кісінің есінде бір көргеннен қалатын ерекше қасиеті бар еді.
– Өзіңіз айтқандай, жоңғар даласын кешіп өтіп, Жетісуға, одан Көкшетау жеріне келдіңіз. Қой да бақтым, құрылыс та салдым дейсіз. Бірақ өлеңге деген шексіз махаббат сізді қаламгерлер ортасымен қауыштырып, ұлт зиялыларының қанатының астында қатайтты, шыңдады. Бұл кез несімен ерекшеленеді?
– Алматыға келіп білім алуыма этнограф-ғалым Жағда Бабалық пен жазушы Қабдеш Жұмаділов ағаларымыздың көп ықпалы тиді. Кітап палатасына жұмысқа тұрған жылдарымда Тахауи Ақтановтың шапағатын көрдім. Бұл мекемеге мені ақын Жұмекен Нәжімеденов ертіп барып, «Мына жігіт арғы беттен келген. Мықты ақын және төте жазуды білетін маман», – деп таныстырды. Осы жылдарда Кітап палатасының қорындағы Мағжандай ұлт қайраткерлерінің шығармаларын кирилл жазуына көшірумен айналыстым. Тахауи ағамыз мені туған бауырындай көріп, тәрбиеледі. Ақындығымды дәріптеді. Атажұртты аңсап келгенімде қазақ қаламгерлерінің ортасы мені жатырқамай, бауырына басты. Одаққа келгенде өлеңдеріме баға беріп, қолдап отыратын ұстазым Мұзафар Әлімбаевты аға тұттым. Ұстазың сені қаншалықты түсінсе, ақынға одан асқан қолдау бар ма. Мұхтар Мағауин шығармашылығым туралы толымды мақала жазды. Сондай-ақ Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдіков те мен туралы қалам тербеді. Ақын Есенбай Дүйсенбаев ағамыздың «Жәркен жыраулық поэзия мен қазіргі поэзияны жалғастырушысы» дегенінен кейін мен «Жәркен жырау» атанып кеттім. Осындай жаныңа демеу болып, көңіліңді көкке жеткізер қазақ зиялыларының ортасы менің шығармашылығымның кемелденуіне ықпал етті. Соның арқасында өлеңдерім халқымның жүрегіне жетті. Бүгінде де қазақ қаламгерлерінің қасиетті қара шаңырағының басшылығында отырған Ұлықбек Есдәулет бауырымыздың да игі істеріне шығармашыл қауым тәнті.
– Есімдері әдебиетімізде ерекшеленіп тұратын Оралхан Бөкей, Мұқағали Мақатаевпен бірге жүрген кездеріңіз туралы да жиі айтып жүресіз.
– Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып істеген кезімде Мұқағалимен бірге болдым. Мұқағали – өзінің өр өлеңдеріндегідей ірі тұлға. Жалған айтып, біреуді қиянатқа жықпайтын, шыншыл, мейірімді болатын. Мұқағалиға арнаған өлеңімде осы өр тұлғалы ақынның келбетін ашуға тырыстым. Оралхан да бар ғұмырын шығармашылыққа арнады. Мансапты болғанымен, қызмет қуған жоқ. Қызметте жүрген кезінде қазақ әдебиетінің Қырғызстандағы он күндігіне мені бірге алып барды. Жанынан бір елі тастамай, «Мен сен туралы жазам, сен мен туралы кейін жазасың», деген сөзі сол кезде орындалмастай көрінген еді. Осы сөзді айтқан жылы қазақтың көркемсөз шебері бақиға аттанып кете барды. Жадымда «түбі сен мен туралы жазасың» деген сөзі жатталып қалды. Осы айтқанын жадымда берік ұстап, «Оралханға оралу немесе Алтайдың ауасы» поэма-монологымды жаздым.
– Жәркен аға, қай өлеңіңізді алсақ та, оқырман одан сіздің өміріңіздің бір парасын танығандай болады. Балалық, жастық шағыңыз арқылы жырақта жүрген ағайын-туыстың сағыныш мұңын танығандай әсерге бөленеді. Неге ақындыққа жақын болдыңыз, жаныңыз өлеңге неге құмартты?
– Егерде мен ақын болмасам, мансап қуған жандардың бірі болып қалар ма едім. Мендегі ақындық әке рухымен астасып жатқан әлем. Қытайдың Шыңжаң өлкесі Майлы Жайыр жайлауында туып өскен менің де, ата-анамның да арманы ата жұртқа оралу еді. Әкем қалайда менің білім алып, елге кетуімді қалады. Бір әке, бір шешеден туғандардың ішінде мен Үрімжі университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсіп, Қытай үкіметі қудалай бастаған сәтте жоңғардың даласын жаяу кешіп өтіп, елге оралдым. Бүгінде сол жақын жандардың барлығы да өмірден өтіп кетті. Анау бір жылдарда жақындарыма деген сағынышымды басып жүрейін деген оймен інімнің баласын жаныма алғызған едім. Бірақ ол елде көп тұрақтамай, Қытайға қайтып кетті. Бүгінде мені танитын ет жақындарымнан ешкім қалмады. Ал ақындыққа қалай келдім десем, ұстаздық еткен әкем Қызыр Оспатаевтың оқығандарын көңілге түйіп өстім. Әкем әңгімесінің әлқиссасын өлеңмен бастап отыратын. Бала күнімнен мені өзінің туған бауырына табиғи еткендіктен, мен Бөдеш атанып кеттім. Ойы зерек, қазақтың арғы-бергі тарихынан терең білімі бар әкем Байтұрсынов емлесімен шыққан басылымның бәрін қалт жібермейтін. Архивтен алдырған Мағжан Жұмабаевтың бұрын жазылған өлеңдерімен таныстығым да осы кезбен байланысты. Кітапқұмарлардың көпшілігі біздің шаңыраққа жиналып, әкемді маңайлап жүруші еді. «Өлең адамның көшбасшысы» деген сөзін жадыма сіңіріп, кітапқа деген құштарлығын бойыма дарыттым. Ал Бөдеш әкемнің Борқасқасы менің атажұртты аңсай жырлаған өлеңіме арқау болды. Борқасқамен бірге желіп, қанат бітіп елге жеткендей әсерге бөлендім, арманыма жетіп, ата жұртыма оралдым.
– Өзіңіз ұстаз тұтатын ақын Омарғазы Айтан туған нағашыңыз екен. Бойыңызда ана сүтімен дарыған ақындықтың да бар екені өлең әлеміндегі қадамдарыңыздан анық аңғарылады.
– Ана сүтімен келген қасиетті ары қарай дамытып, өшіріп алмаудың басты жолы ізденіс пен білім екені айдан-анық. Анам Жәмішқан өте байсалды, жайдары, сондай қайырымды жан болатын. Әлі есімде, шөмшек теріп, ылғи қасында жүрген кезімде сен ауыз ти деп, жаңа сауылған сиыр сүтін маған ішкізетін. Сондағысы мен тоқ болып, аман жүрсін деген тілегі екен ғой. Бүгінде туған жердің топырағын басу бақыты бұйырған менің тілеушілерім – әкем мен шешем. Әкем мен оқуға түскенімде Үрімжіде бас газетте істейтін Омарғазы Айтан нағашыма барып, бір жылқы сойып ас беріп, табыстап кеткені, кейіннен ойлап отырсам, болшағымды қамтамасыз еткені екен ғой. Алғашқы өлеңдерімнің тұсауын кескен де нағашым – Омарғазы Айтан. Ол кезде орта мектепте жүргенде ағаш егетініміз бар. Сонда жеке дара өскен шырша көз алдымда қалып қойыпты. Қой бағып жүріп қолыма іліккен бір түп шеңгелді ұстап, суға кетпей аман қалғаным да саңлауда қалған балалық шақ естелігінің бір көрінісіндей. Омарғазымен бірге маған ұстаздық еткен Керейғазы, Серік Қапшықбайұлының да шығармашылығымда алар орны бөлек. Серік Қапшықбайұлы Тіл-әдебиет факультетін тәмамдап, «Шынжаң оқу-ағарту» журналында еңбек еткені белгілі. «Ұлтшыл» атанып, жиырма жылдан астам сүргінге ұшырады. Мектепте оқып жүрген кезім, ол кісі түрмеге жабылды. Сол кезде артынан ере барып, бір бума өлеңдерін табыстағаным есімде қалыпты. Кейіннен ұлтжанды азамат тұтқыннан босап, елге оралып, қызмет етті.
– Өлеңдеріңізді оқып отырғанда туған жеріңіз Жайырға деген сағынышпен ғана өмір сүретіндей көрінесіз. Бүгінде алыста қалған күндердің мауқын басуға септесер көзіңіздің қарашығындай, жаныңыздың алданышындай болған бала-шаға, немерелеріңіз бар десек те, сағынышыңыз сарқылмаған тәрізді.
– Рас айтасың. Балаларым, отбасым – жан жылуым. Елу жыл отасқан жан жарым Гүлшат – жанкүйерім. Ұлым Айбынымнан көрген екі немерем көз қуанышымдай болып көңілімді марқайтады. Ал бақиға кеткен ұлым Айдарға деген сағынышым мәңгілікке жүрегімнің түбіне ұялап қалды. Осы күндерде бір Алладан тәуелсіз еліміздің, отбасымның амандығын тілеп отырған жайым бар. Ал соңғы жылдары туған жерім түсіме жиі кіріп жүр. Жасым ұлғайғандыкі болар, туған жерге деген сағынышым өршіп бара жатқандай. Сондай ыстық, жаныма жақын әсерлі сәттерге жиі ораламын. Өзім өскен қоңыр тамды жиі көремін. Жайырдың баурайындағы атақонысым көкейімнен кетпей тұрады. Сағынған сәттерімде:
– Туған жерім – Жайыртау,
Екі өркеші айыр тау.
Жайыртаудан сұм тағдыр
Тірідей мені айырды-ау..,
– деп те жаздым.
Туған жердiң қар, мұзы,
Аязыңмен жуындыр.
Туған жердiң бал қызы,
Бұрымыңмен буындыр.
Туған жердiң бұлағы –
Толқыныңмен ат менi.
Туған жердiң жыланы,
Шырылдатып шақ менi.
Туған жердiң шеңгелi,
Тырна аямай бетiмдi.
Туған жердiң ерменi,
Аузыма құй өтiмдi.
Туған жердiң доңызы,
Қан жоса ғып жарып кет.
Туған жердiң қоңызы,
Домалатып алып кет.
Туған жердiң қасқыры,
Кемiр, ақын сүйегiн.
Туған жердiң тас, құмы,
Сенi осылай сүйемiн, деген жырымды жырлап өтемін. Жайырмен сағыныш ауылына сапарлап, кешімді де сағынышпен батырамын.
– Ақын өмірінде бір ғана кітап болады деп жоғарыда айтып кеттіңіз. Шығармашылығыңыздың төлқұжаты болған әрі жеке дара алып қарайтын кітабыңыз бар ма?
– Осы тұста бөле-жарып «Жұлдызға орын ай бермес» жинағымды атаған болар едім. Бұл өзі тұңғыш әрі маңдайыма біткен кітабым болатын. Одан артығы жоқ та. Осы жинақта алғашқы өлең-жырларым жарияланды.
– Өлеңдеріңізді жас ақындардың да қызығып оқитынын байқап жүрміз. Сізбен сыр-сұхбат құрып, ақын жанына жақын болғысы келетіндей. Жастарды өлеңдеріңізде не қызықтырады деп ойлайсыз?
– Менің өлеңдерімдегі жастарды елең еткізері туған жер, сағыныш тақырыбы деп білемін. Ақпараттық кезең жастардың мойнына үлкен жауапкершіліктер жүктеп отыр. Елге, туған жеріне деген жанашырлық, отансүйгіштік сезімді бүгінгі жастардың бойынан көруге болады. Әлі есімде қазақтардың ең алғашқы құрылтайы Алматыда өтті. Сонда жан-жақтан келген исі қазақ ағайындарымыз көздеріне жас ала ата жұртымен топырағын сүйіп қауышты. Ұшақтан түскен қандастырымызды көріп, қазақ жауғандай қуандық. Міне, туған жерге деген махаббат қандай десеңізші. Ал менің жырларыма арқау болған алыстағы ағайынның сағынышы өлеңім арқылы жастардың жүрегіне жетіп жатса нұр үстіне нұр. Ал жылдамдық жетегіндегі бәсекелестік заманында жастар үшін ұзынсонар өлеңнен гөрі, қысқа да нұсқа, ойы жатық өлеңдер қажет-ақ. Ал өлеңсүйер жастар үшін талғампаздықпен жаза алатын ақындар ғана сұраныста деп ойлаймын.
– Ал атақ дегенді қалай қабылдайсыз? Оның мәні, сипаттамасы бар ма?
– Бүгінде қандай да бір марапат алғаның атақ емес. Туа сап ешкім атақ алмайды. Адам баласы атақ үшін тумайды. Тағдыр неге қиса – сол атақ. Өмір өзі атаққа жетелеп апарады. Атақ деп терең білім мен еселі еңбекті, халқыңның алдындағы борышыңды адал атқаруың дер едім. Иә, бүгінде кім көп, ақын көп. Алайда сол ақындықтың жүгін адал арқалап жүргендер некен-саяқ. Ал өз басыма келсем, Алла тағала ол күндерге жеткізсе, ұлттық поэзиямызды дамытуға күш-жігерім сарқылғанша, қал-қадерімнің жеткенінше еңбек етемін деп ойлаймын.
Ішіме үңіл, ішіме үңіл, ағайын,
Шабыттанған кезімде айтып қалайын.
Қарай берме жұпынылау сыртыма.
Көкірегімде қайнап жатыр жыр тұма
Қайнарымнан сусын берсем деп едім,
Нарық қысып шөліркеген жұртыма.
Жолын кестім мансапқұмар пақырдың
Ұлтым үшін жан қиятын ақынмын.
Өлең шіркін тілі шыққан бөбек қой,
Жүрегіңді бесік етіп бөлеп қой.
Сыртыма емес, ішіме үңіл ағайын,
Ішке бүктім құпиямның талайын.
Қабыл болса ақ тілегім, шын сырым
Жас баладай бір қуанып қалайын.
– Аға, ағыл-тегіл жырларыңыз сарқылмасын. Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»