Руханият • 02 Қазан, 2020

Көктемір

1323 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Көрген жоқ ешкім түр-түсін,

Көрген жоқ ешкім тілдесіп,

Естіртпей үнін, күлкісін,

Ғайыпта жүрді күн кешіп.

Әркім тек сырттай сенді де,

Әулие тұтып сиынды.             

Келіңдер деген жеріне

Кешікпей бәрі жиылды.

(«Көктемір», І. Мәмбетов).

Көктемір

 

Ойыл-Қиыл бойын жайлаған Мәтен есімді беделді кісінің қы­зы Сапура 1775 жылдың көк­темінде Қобда өзенінің Елек­ке құяр сағасында жасақ құр­ған­да, оның қолына келіп қо­сыл­ған сарбаздардың саны екі мыңға жетеді. Патшалық ез­гіге қарсы күресте тез арада қуат­ты күшке айналған Көк­темір (Сапура) қолы Нұралы хан­ның билігіне де елеулі қатер төн­дірді. Көктемір Сарытауға (Са­ратовқа) дейін жаулаймын деген жоспар құрды. Бұл – Пугачев көтерілісі аяқталған кезең болса да, Еділ бойының әр жерінде ошақтары тұтанып жатқан кез еді. Көктемірдің қолы Орынбор шебінің бойындағы – Жоғарғы Жайық, Қызыл, Таналық, Ор бе­кіністері мен Ильинск және Елек қорғанысы қамалдарына бірнеше дүркін шабуыл жасайды. Оның сарбаздары қаша соғысу және партизандық күрес тәсілдерін жетік меңгергендігі сондай, бір жыл бойы жазалаушы отрядтарды әбден адастырып келді. Көктемірдің негізгі тұрағы – Қоб­да мен Електің арасында болса да, жылдам орын ауыстыратын жинақы әскери күшті Досалы сұлтан да қолдаған.

1776 жылдың жазында кө­теріліс басылды. Осыған дейін «жын-перімен байланысқан, те­мір сауытты пәле» деп қарсы­лас­тарына қорқыныш үрейін ту­ғызған қыз ұшты-күйлі ғайып бол­ды. Кеткенін ешкім көрмеді, көш­кенін ешкім көрмеді, өлгенін ешкім көрмеді.

 

Қасқыр терісін жамылған қыз

Өлкетанушы Нұрлыбек Қала­уов Ойыл ауданы Амангелді ауы­лының қарттары – Есмұханов Оразғали, Меңдіғалиев Төрехан, Көтібаров Меңдіғалиден 1983 жылы Көктемір туралы атала­ры­нан жеткен әңгімелерді жазып алған. Қарттардың айтуын­ша, жұрттан саяқ жүретін жас Сапураны ел «Пірі – бөрі, те­мір қыз – шу асаудың перісі» атан­дырған. Бұл көтерілістен бұ­рын­ғы жағдай болса керек.

«Шу асаудың перісі» дегеннің мәнісі – апамыздың орақ және жарақ жылқыны тай күнінде та­ни­тын ерекше қасиеті бар екен. Орақ – күнделікті шаруаға міне­тін жай тұғыр ат болса, жарақ – се­зімтал, өте төзімді, қажырлы, жау­ға шапқанда мінетін тұлпар. Қан­шалықты асау жылқы болса да, Сапура жақындаған кезде аяқтары дірілдеп, жуасып қал­ғанда, батыр жалы мен шоқ­тығынан тартып тұрып жадағай мініп кете береді екен.

Ал «пірі – бөрі» дегенді қас­қырды жалаңаш қолымен ұстай­тын қайратына бола айтқан. Ол заманда да малға қасқыр ша­уып маза бермейді ғой. Содан қасқыр аулауға шыққанда, абадан көкжалдар далаға безіп кет­кенде, жандары қысылған ұр­­ға­шылар апанға қашып тығы­лады. Сапура апандағы қасқырды тірілей жалаңаш қолмен суырып алып шығады екен. Бұл – бы­лай. Қасқыр апанының аузы кең болғанымен, біртіндеп та­ры­­ла береді. Адам қолы жара­қат­­­танбауы үшін қыл шылбырды қалың етіп орап түседі. Тар ін, сасық иіске қарамай, түбіне дейін еңбектеп жетіп, бетпе-бет келген адамнан қасқыр тайынбайды. Қолын алға созғанда, бір атылады да, содан қарысып алып жібермейді. Қасқырды сүй­релей сыртқа алып шығады. Тірі бөрілерді жалаңаш қолмен суырып алатын жүректілігіне қарай Сапура «бөрінің пірі» атанған».

Ол ұзын бойлы, ірі денелі, қарасұр қыз екен. Үнемі жалғыз, саяқ жүретін болса керек. Жер жағдайын өте жақсы білген. Бір жолы мынадай айламен құтылып кеткен. Көктемір жорыққа аттанып бара жатқанда ұрғашы қасқырды тірілей ұстап алып, құй­рығын екі аяғының астынан өткізіп, қозғалмастай етіп тұмсығына ораған күйі бір сай­дың түбіне байлап кетеді. Ша­буыл­дап қашып келе жатқанда әлгі жыраға түседі. Соңынан жет­кен қуғыншылар сай-жыраны тү­гел қоршағанда, үстіндегі шек­пенін байлаулы қасқырдың үсті­не жабады да, құйрығын шешіп қоя береді. Қуғыншылар оны жаяу қашып бара жатыр деп ойлап, шекпен киген қасқырдың со­ңынан кетеді. Маған дерек берген үш кісінің айтуынша, Көктемір қыз иығына тістері ақсиған екі қасқырдың басын байлап жүреді екен. Бұл дұшпанға айбат шегу үшін жасалған әрекет болса керек», дейді Нұрлыбек Қалауов.

1

Ақын Мейірхан Ақдәулетұлы «Сапура – қазақша айтқанда аруақ қонған адам. Ол жөнінде Нәйла Бекмаханованың «Көктемір туралы аңыз» деген үлкен еңбегі, Ізтай Мәмбетовтің «Көктемір» және «Пугачевтің нөкері» деген поэмалары бар. Екіншісінде, Пугачевпен анттасып дос болып, Қазанды алғанда қазақ жа­сағын басқарып, Царицындағы Пу­гачевтің соңғы шайқасында ауыр жараланған Кәрім туралы жыр­ланады. Кәрім кім? Қай жер­дің адамы? Білмейміз. Егер Пугачев көтерілісін індетіп қа­за берсе, қазақтарға қатысты да көп жайттың беті ашылары анық. Ол үшін Омбы, Орынбор архив­теріндегі Құпия Кеңестің жазбаларын, әскери есептерді қарау ке­рек», дейді.

«Бекінді Пугач Берді

қыстағына...»

«Орынбор Гурьевтің арасына

Қазақтар болды күзет

әр асуға».

(І.Мәмбетов. «Пугачевтің нөкері»)

1774 жылдың басында Пуга­чевтің орыс-казак, қалмақ, баш­құрт, қазақ, татар ұлттарынан құ­ралған қалың әскері Орын­борды алты ай қоршап тұрғанда, оның тұрағы қазіргі Бердяев ауданын­да болған. Бұл – Пугачев зама­нындағы Берді қыстағы.

1774 жылдың қара күзінде Ца­рицынның шығысында тас-талқан болып жеңілген Пу­га­чев Еділден өтіп, қазақ дала­сына сіңіп кеткісі келген. Со­­дан Суворовтың әскерімен қа­ша со­ғысып, он шақты казакпен Еділ­ге шегінгенде, оны қасын­да­ғылар ұстап берген. Ізтай ақын­ның айтуынша, бұл жолы

«Шайқаста қаза тауып

Овчинников,

Құлады Кәрім аттан

жараланып».

Поэманың соңындағы эпизод: Көктем. Ел Ырғыз жағасына жайлауға қонып, үй тігіп жат­қан­да, олардан саяқ сақал-шашы ақ күмістей 100 жастағы қарт төбеде ойға шомып отыр. Ол – Пугачевта қазақ жасағын басқарған Кәрім. Царицын түбіндегі айқаста құ­лаған ол жаралы күйде қаша жү­ріп, «қалмақ жерін кезіп, үй көрсе бірде барып, бірде безіп саяқ жүріп», Жайыққа жүзетін пароходқа мінген. Қырда жасы­рынып жүргенде хиуалықтар ұстап алып, құм ішімен айдап апа­рып, құлдыққа сатады. 20 жыл құл­дықта жүріп, елге оралған. Ізтай Мәмбетовтің кейіпкері Ыр­ғызда жатыр.

Тарихтан аңыз болып келіп, аңыз болып жоғалған батыр қыз жазалаушы отрядтың құр­баны болды ма, белгісіз. Ұрпақ­та­ры туралы да айтылмайды. Пу­­гачев көтерілісінен кейін бір жыл­­дан соң өршіген Сапура қыз­­дың көтерілісі ел жадында сақ­­талмады. Тек сол кездің оқи­ға­­ларының куәсі Ойыл-Қиыл бо­­йын­дағы жер-су атаулары, қо­рым­­дарға беттері жасырылған күйі шаһидтер төмпешік болып қал­ған шайқас алаңдары ғана. Үш жүз жылдан бері мұндай орын­­дар сол күйі қарауытып жатыр.