Messa di Gloria – Джакомо Пуччинидің ең әйгілі туындыларының бірі, бұған қоса ол ұлы композитордың сирек орындалатын шығармасы саналады.
– Мессаның әрбір нөмірінде айрықша сұлулық бар, бұл – бейнелі, мәнерлі музыка. Католиктік шіркеудегі месса – салтанатты ғибадат ету. Аталған шығарманың айқын музыкалық тақырыптарында Тәңірді мадақтау анық естіледі. Діни музыкасы бар бұл туындыға Пуччини шығармашылығын бірегей әрі оған дейінгілердің жұмыстарынан өзгеше ететін барлық белгілер тән. Бұл дегеніміз – біздің «Тоска», «Турандот», «Богема», «Мадам Баттерфляй» немесе «Манон Леско» сынды опералардан көріп-тыңдап үйренген нәрселердің бәрі – нәзік әуенділік, оркестрге керемет лайықтау, әдеттен тыс үйлесімді қадамдар. Хор шіркеуде ән айтқанда, мінәжат жасауға кедергі келтірмеу үшін эмоциясыз айтуы тиіс деп есептеледі. Бірақ біз шіркеуде емес, сахнада орындайтын болғандықтан, мақсатымыз да басқа: тыңдарман қауым бізбен бірге композитордың партитураға енгізген сезімдерін түйсінуі үшін музыканың бар әсемдігін, кемеңгер Пуччинидің тереңдігін көрсетуге тырыстық, – деді ғаламат музыка кеші жайында театрдың бас хормейстері Ержан Дәуітов.
Туындыдағы жеке партияларды театр солистері Рамзат Балакишиев (тенор) пен Талғат Ғалеев (баритон) орындады.
Еске салар болсақ, 2018 жылдың желтоқсан айында «Астана Опера» хоры осы шығармамен Ресейдің үш танымал консерваторияларының бірі орналасқан және көптеген танымал музыкалық ұжым жұмыс істейтін Сібірдің ірі мәдени орталығы Новосібірде өнер көрсетті. Новосібір мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында Дж.Пуччинидің Messa di Gloria шығармасы да алғаш рет шырқалды. Классикалық музыкадан хабары бар қаланың талғампаз көрермендері қазақстандық әртістердің орындауын үлкен қошеметпен қабыл алған болатын.