Экономика • 02 Қазан, 2020

Жамбыл жеріне инвестиция салады

438 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде Жамбыл облы­­сында мемлекет қол­дауының нәтижесінде көп­­те­ген инвестициялық жоба­лар қолға алынуда. Облыс­тық кәсіпкерлік және ин­дус­триалды-инно­ва­ция­лық дамыту басқар­ма­сының басшысы Аспан­дияр Сейсебаевтың ай­туынша, өңірде «Индус­трия­лық-инновациялық да­му бағдарламасы» аясын­да 26 жоба бойынша 6 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған екен.

Жамбыл жеріне инвестиция салады

Аталған жобалар 2020-2025 жылдар аралығында іске асырылады. Олардың қатарында химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, металлургия, фармацевтика, машина жасау салаларындағы жобалар бар. Сондай-ақ бүгінгі таңда түрік және неміс инвесторлары да Жамбыл жеріне қызығушылық танытып отыр. Олар бұл мақсатта өңір қазынасына инвестиция салуға ниетті. Егер жобалар жүзеге асқан жағдайда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып, өңірдің экономикалық әлеуеті артатын болады. Дегенмен бүгінде аймақта жұмыс істеп жатқан алып компаниялар да бар.

Мәселен, түріктердің «Yil­dirim Holding» компаниясы Сары­су ауданында кальций­лен­ді­рілген сода өндіретін зауыт салуды жос­парлауда. Жуырда ғана облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аталған компанияның өкілдерімен кездесіп, зауыт салу жобасын талқылаған болатын. «Yildirim Holding» компаниясының бас директоры Исмаил Джейланның айтуынша, зауыт құрылысы келесі жылы басталады. Алып нысанның жылдық жобалық қуаты 400 мың тоннаны құрайды. Болашақта бұл көрсеткіш жылына 1,2 млн тоннаға дейін артады деп жоспарланған. Ол нысан құрылысына 325 млн доллар инвестицияланатынын жеткізді. Ал оның құрылыс-монтаждау жұмыстары келесі жылы бас­талып, оған 1500-ден астам адам тартылады. Жоба 2023 жы­лы пайдалануға берілетін бола­ды. Ол іске қосылғаннан кейін бюджетке жыл сайын 8 млн доллар мөлшеріндегі салық түсімі түседі деп күтілуде. Онда 250 адам тұрақты жұмыспен қам­тылады. Кәсіпкердің айтуын­ша, кәсіпорын жұмысына жергілікті мамандар да тартылады. Сондай-ақ И.Джейлан өнімдері Қазақстанда ғана емес, әлемдік нарықта да сұранысқа ие болатынын айтты. Түріктер ашқалы отырған заманауи өндіріс орыны толығымен қалдықсыз жүйеде жұмыс істеп, қалдықтар қайта өңделетін болады.

Бүгінде Жамбыл облысын­да Германия мемлекетінің де екі компаниясы жұмыс істейді. Не­містердің өңірдегі ірі жоба­лары­ның бірі «Monterro Qazaqstan» ЖШС қымбат металдарды өн­дірумен айналысады. Салынған инвестиция көлемі 600 млн еуроны құрайды. Аталған ком­пания облыс аумағында 2014 жылдан бастап іске қосылған. Сон­дай-ақ өңірде биогаз қондыр­ғыларымен айналысатын тағы бір германиялық компания бар. Алдағы уақытта германиялық алпауыт кәсіпорындар өңірге тағы да инвестиция салуға ниетті. Әсіресе олар ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты арттыру мәселесін қолға алу­да. Бұл орайда, облыс әкімі Б.Сапарбаев Германия Федера­тив­тік Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Крис­тиана Маркертпен кездескен бо­латын. Ал экономикалық әріп­тестікті дамыту мақсатында келесі жылдың наурыз-сәуір ай­ла­рында Германия Бас консул­ды­ғының экономикалық делегациясы Жамбыл облысына келуді жоспарлапты. Ал бүгінгі таңда Баварияның делегациясы өңірдің ауыл шаруашылығы саласына басымдық беріп отырса, өз кезегінде облыс әкімдігі не­міс кә­сіп­кер­лерімен баламалы энер­гия көздері саласында әріптес­тік орнатуға мүдделі болып отыр.

Бүгінде облысқа түріктер мен немістердің тарапынан түсіп жатқан ұсыныс көп. Бірақ жоба қалай жүзеге асады, жоспарланған қуаттылығына шыға ала ма, ол жағы уақыттың еншісінде. Мәсе­лен, Мойынқұм, Меркі, Шу, Жуалы және өзге де аудандар­да кезінде ашылып, бүгінде жа­бық тұрған кәсіпорындар көп. Алайда айтылған жобалар шынымен жүзеге асып, жоспарлар орындалған жағдайда Сарысу ауданы кальцийлендірілген сода өндіру жағынан өзгелермен бәсе­келес болуы да мүмкін. Бірақ бұл әзірге болжам ғана. Сол сияқ­ты, Жамбыл облысында қара­сора өңдейтін зауыт салуға да өзге инвесторлар ниетті. Бүгін­де облыс аумағында 100 мың гек­тар­дан астам көлемде жабайы қа­расора бар. Әлемдік тәжіри­бе бойынша, қазіргі кезде кан­набисті медициналық мақсат­та зерттеу және пайдалану қар­қын алуда. Енді өңірде басқа мем­лекеттердің тиімді тәжірибесін негізге ала отырып, каннабисті дәрілік мақсаттарда пайдалануға мүмкіндік беретін қауіпсіз және тиімді жүйе құрылатын бол­ды. Мәселен, «Zhana Zhol Holding limited» ЖШС директоры Александр Ким облыс аума­ғында медициналық каннабис өсіру мен өндіру бойынша жоба­сын ұсынған. Егер бұл да жүзеге асқан жағдайда, өңірдің эконо­микалық қуатын жаңа өріске шығаратын жоба болмақ.

 

Жамбыл облысы