Аймақтар • 02 Қазан, 2020

"Қордай" бекетіндегі реконструкциялау жұмыстары қалай жүріп жатыр?

481 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында қазақ-қырғыз шекарасындағы «Қордай» өткізу бекетін реконструкциялау жұмысы жалғасып жатыр. Бүгінде жобаның 70 %-дан астамы жүзеге асқан.

"Қордай" бекетіндегі реконструкциялау жұмыстары қалай жүріп жатыр?

Бас мердігер – «Дорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазір терминалдарда әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінге дейін инженерлік жүйелер толықтай тартылған. Жаяу жету галереяларын салу шаралары да аяқталуға таяу. Бұдан бөлек, абаттандыру жұмыстары қарқын алған. Жаңа инспекциялық-тексеру кешенінің құрылысы да тәмәмдалыпты. Қазірде пайдалануға беру жұмыстары жүргізілуде.  

Айта кетейік, өткізу бекетін реконструкциялаудан кейін жолдың қозғалыс бөлігі 137 метрге дейін кеңейіп, 8 жолақты болмақ. Жоба аясында өткізу терминалдарын, БӨП, шекаралық қызмет нысанын және өткізу бекетіне қарасты өзге де нысандарды қайта жаңарту көзделген.  

Нысанда 172 білікті маман мен арнайы техниканың 16 бірлігі жұмылдырылған. Техникалық бақылауды «Алматы Сапа Инжиниринг» ЖШС жүргізуде.

Реконструкциялау жұмыстары басталғалы өткізу бекеті тек жаяу жүргіншілер үшін жұмыс істеп келеді. Адамдарды өткізу таңғы 06:00-24:00 аралығында жүзеге асуда. Автокөліктер болса, шекарадан тек жақын жатқан өткізу пункттері арқылы өте алады.

Жұмыстар биылғы желтоқсанда аяқталмақ. Жаңартудың арқасында «Қордайдың» өткізу мүмкіндігі ұлғаяды деп күтілуде. Пункттен тәулігіне 2500 автокөлік және 23 мың адам өтеді деп болжанып отыр.