Руханият • 03 Қазан, 2020

Хатимолла Бердіғалиев Абай тойына тарту жасады

840 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орал қаласында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, "Парасат" орденінің иегері, әнші Хатимолла Бердіғалиев Абай Құнанбайұлының мерейтойына арнап "Өлеңді қайтіп қоярсың" атты жеке концертін өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz

Хатимолла Бердіғалиев Абай тойына тарту жасады

Есімі суырып салма ақындығымен де, кең тынысты әншілігімен де алты алашқа әйгілі Хатимолла ағамыздың Абай тойына тартуы биыл мамыр айында өтуі тиіс болатын. Алайда пандемияның кесірінен кері ысырылып, күзге де жетіпті.

– Басқа анау-мынау кісі болса ештеңе емес, алып тұлға Абайдың жүгін арқалап жүре беру қиын болды. Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының директоры Асхат Тарасұлына "Жыл аяғы да жақындап қалды ғой. Халықты жинай алмасақ, ең болмаса онлайн концерт өткізейік" деп ұсыныс айттым. Сөйтіп, осы концертті өткізуге тәуекел еттік. Бұл менің жеке өткізген соңғы концертім болуы мүмкін. Өйткені жасым жетпіске таяп қалды. Жеке концерт беру оңай емес, оған көп күш, қайрат керек, – дейді Хатимолла ағамыз.

Концерт Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының үлкен залында, "Серпер", "Жұбанов көктемі" және Тайвань елінде өткен халықаралық фестивальдердің лауреаты Дәулеткерей атындағы халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен өтті. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, "Құрмет" орденінің иегері, мемлекеттік "Дарын" жастар сыйлығының лауреаты, ҚР "Мәдениет саласының үздігі" Еркін Нұрымбетов те осы концерттің ұйымдастырылуына көп үлес қосыпты. Осы кеште орындалған біраз әнді оркестрге түсірген өзі екен.

Абайдың "Айттым сәлем қаламқас" әнімен басталған концертте барлығы 20 шығарма орындалды. Оның негізгі бөлігін – 15 шығарманы Хатимолла Бердіғалиевтің өзі орындаса, әншінің өнердегі әріптестері де қалыс қалмады. Нұрғиса Тілендиевтің "Абай табиғаты" шығармасын Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Жәмила Нұрымбетова жеке қобызда орындаса, Ахмет Жұбановтың "Абай" сюитасын оркестр Мемлекеттік "Дарын" жастар сыйлығының лауреаты Жарас Сатыбалдиевтің дирижерлік етуімен ойнап шықты. Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің "Абай" операсындағы Абайдың "Ей, халайық" ариясын Еркін Нұрымбетов бастаған оркестрдің сүйемелдеуімен "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері Айбар Хайырханов халыққа ұсынды.

Бірқатар шығарманы оркестрдің қолдауымен, бір бөлігін домбырамен, енді бір парасын концертмейстер Галина Андрееваның сүйемелдеуімен орындаған әншінің өнерпаз қыры жарқырап көрінді. Әр шығарманың сазы мен сөзі үйлесіп, орындаушының жүрегінен өтіп, көмейінен төгілген кезде, тыңдаған жанның жан-дүниесін еріксіз баурады. Атшаптырым залда арнайы шақырумен келген үркердей топ қана отырғанымен, әлеуметтік желіде тікелей көрсетілген эфирді Қазақстанның түкпір-түкпірінен талай көрермен тамашалапты.

Бұл концерт мұғалімдер мерекесі қарсаңында өткен еді. Концерт соңында әнші өзінің аяулы ұстазын еске алды.

1

"Менің Абай әндерімен танысуым сонау мектеп қабырғасынан басталған. Бізге Абай әлемін алғаш танытқан, Абайдың татымды жырларын біздің таңдайымызға татытқан – ұстазымыз Фаузия апай Ғайсина болатын. Тірі болса биыл 90 жасқа толар еді. Қазталовта оқып жүрген кезімде 5 сыныптан бастап класс жетекші болды. Тек менің емес, бүкіл сыныптың әдебиетке, өнерге оң қарауына сол ұстазымның көп септігі тиді. Бүгін сіздер тыңдаған Әблахат Есбаевтың "Өзгеге көңілім тоярсың" әнін 5 сыныпта жүрген кезде ең алғаш үйреткен – сол Фаузия апай болатын. Кейін нотасын тауып, өңдеп, репертуарыма кіргізіп алдым. Бұл ән маған Абайдан, Әбілахаттан және Фаузия апайдан қалған естелік болды. Мен бүгінгі концертімді ұстазым Фаузия апайдың рухына арнаймын", деді әнші толқып тұрып.

Қазақстанның батыс өңіріндегі дәстүрлі ән мектебінің ірі өкілі саналатын Хатимолла Бердіғалиев ағамыз әр концертіне үлкен дайындықпен, үлкен жауапкершілікпен келетінін бұрын да байқайтынбыз. 2012 жылы өзінің 60 жылдық мерейтойында "Айман-Шолпан" дастанын 1,5 сағат бойы жырлап бергені есімізде. Ол концертке әнші жарты жыл дайындалған екен. Ал бүгінгі концерті жоғарыда айтқанымыздай, бір жылға жуық дайындық, қайталаудың жемісі болды.

"Баяғыдан бергі әдетім – үлкен сахнаға шығатын уақытым жақындаған сайын алаңдап, ұйқыдан айрыламын. Бір қызығы, концерт болатынын маған алдын ала айтпаса да өзімнен өзім мазасызданып кетемін. Оның үстіне бүгінгі концерттің жөні бөлек қой. Абайға келгенде абайлап келу керек! Осы концертімді ұйымдастыруға, өткізуге қолғабыс берген басшыларға, әріптестеріме, оркестрге мың сан алғысымды айтамын!", деді әнші әдемі де әсерлі ән кешінің қорытындысында сөйлеп тұрып.

P.S. Абай атамыз "әннің де естісі бар, есері бар" демекші, Оралда осындай есті әннің кеші өтті. Бір кездері айтыста да жарқырай көрініп, ән мен жырды қос қанатындай алып келе жатқан Хатимолла Бердіғалиев осы кезге дейін 30-ға жуық әншіні тәрбиелеп, дайындаған ұлағатты ұстаз да. Кейінгі жастарға "есті әндерге үйір болыңдар!" деуден жалықпайтын ағамызға ұзақ ғұмыр тілейміз!

Соңғы жаңалықтар