Руханият • 04 Қазан, 2020

Ұлан-Батырда Абай және әл-Фараби кеші өтті

505 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен аптаның жұма күні Моңғол елінің астанасы Ұлан-Батыр қаласында Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен ағартушы-ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы және ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған "Абай және әл-Фараби тағылымы" атты кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Ұлан-Батырда Абай және әл-Фараби кеші өтті

Іс-шараға Моңғолия Үкіметі жанындағы Мәдениет және өнер істері жөніндегі атқарушы агенттік басшысы Ц.Нацагдолгор, "Абайдың қара сөздері" кітабының моңғол тіліндегі аудармасының авторы қоғам қайраткері Сұлтан Тәукей, мәдениет, сыртқы істер, білім және ғылым министрлік өкілдері мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары, сондай-ақ қазақ диаспорасының танымал қайраткерлері қатысты.

Кешті ашып сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Жалғас Әділбаев бұл екі тұлғаның ең үлкен жетістіктері, олардың еңбектерінің қоғамды дамыту тұжырымдамалары жалпы адамзаттық құндылыққа, ағартушылық пен адамгершілік идеяларына негізделгенін атап өтті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Абай және XXI ғасыр" атты мақаласында ұлы ақын мен философтың біздің халқымыздың одан әрі рухани дамуы үшін қажетті мұраларына ерекше назар аударуымыз керек деп жазды.

"Әртүрлі дәуірлерде өмір сүргендеріне қарамастан, олардың көзқарастары мен пікірлері бір-біріне ұқсас. Олар – ұлы даланың ұлы тұлғалары", деп атап өтті қазақстандық дипломат.

"Абай Құнанбайұлы мен әл-Фараби – көшпенді халықтың, яғни қазақ халқы мәдениетінің көрінісі. Осы екі ұлы ойшылдың арасында мыңжылдықтар жатса да, олардың дүниетанымы бір және шығармалары бір мезгілде жазылған сияқты", деді өз сөзінде Моңғолия Үкіметі жанындағы Мәдениет және өнер істері жөніндегі агенттіктің басшысы Ц.Нацагдолгор.

Кеш барысында моңғол тіліндегі "Абайдың қара сөздері" кітабының тұсаукесері өтті. Кітаптың авторы, дипломат, профессор, тарихшы, жазушы және аудармашы Сұлтан Тәукейұлы Абай мұрасы – қазақ халқының ғасырлар бойы жинақталған және барлық даналықты бойына сіңірген рухани байлық екенін баса айтты. Оның шығармалары өлмейді, уақыт өте келе олар өзекті болып, әлеуметтік, мәдени және рухани өмірге арналған нұсқауларды анықтайды.

Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы Моңғолиядағы қазақ диаспорасының белгілі абайтанушылары Т.Етекбай мен А.Жамбылдың баяндамалары тыңдалды. Сонымен қатар, кеш барысында Абайдың "Желсіз түнде жарық-ай" және "Айттым сәлем қаламқас" туындылары моңғол халқының ұлттық аспабы моринхурмен орындалды. Бұдан басқа, кешке келген қонақтар қазақ диаспорасының дарынды жастарының орындауында көпшілік сүйіп тыңдайтын "Көзімнің қарасы" және "Сегіз аяқ" музыкалық шығармаларын, сондай-ақ мәнерлеп оқылған Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін тамашалады. Кеш барысында Абай мен әл-Фарабиге арналған фотокөрмелер мен кітап көрмелері ұйымдастырылды. Кеш соңында қонақтарға ұлы ойшылдар Абай мен әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильмдер көрсетілді.

 

Қуат УАТҚАН, журналист

Ұлан-батыр қаласы